Көшпелі комиссия отырысы

Тұрмыстық ахуалының төмендігі, үй ішіндегі бітпейтін дау-жанжалдың соңы баланың туған үйінен безуіне әкеліп соққан.

№1 жалпы орта білім беретін мектепте кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның көшпелі отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров төрағалық етті. Күн тәртібінде бүгінде мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында өршіп тұрған 3 өзекті мәселе қаралды. Комиссияның жұмысына аудандық прокуратура, білім бөлімі, аудандық орталық аурухана, ішкі саясат бөлімі және өзге де жергілікті бөлімдердің басшылары қатысты. Мектеп ішіндегі «Ерте жастан жүктіліктің алдын алу және қыздар тәрбиесі» бойынша атқарылған жұмыстардың баяндамасын директордың орынбасары Айнаш Оспанова жасады. Оның баяндауынша, қыз бала тәрбиесіне қатысты мектепте көптеген тақырыпта іс-шара атқарылған.

Сондай-ақ өткен жылдың қыркүйек айында 8-11-сынып қыз балаларынан, «Ерте жастан жүктіліктің алдын алу» бағытына сәйкес барлығы 215 оқушыдан сауалнама алынған. Баяндамашы А.Оспановаға аудан әкімінің орынбасары Ә.Шәкіров сұрақ қойып, жүргізіліп жатырған жұмыстардың нәтижесін білді. «Жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол салу фактілерінің алдын алу, суицидке ұмтылған балаларды өмірге қайта бейімдеу және оның алдын алу» бағыты бойынша мектеп психологі Г.Лесова баяндады. Аталған мәселеге сай желтоқсан-қаңтар айларында сыныптағы оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасын анықтап, оқшауланған оқушыны ортаға тарту мақсатында «Социометрия» әдістемесі арқылы зерттеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ «Bilim Foundation» қоғамдық қорының ұсынған бағдарламалары бойынша шаралар легі өткен. Мектеп есебінде тұрған жасөспірімдердің мәселесін мектеп инспекторы Г.Ганиева қозғады.

Қазіргі таңда аталған білім ошағында барлығы 1457 оқушы білім алуда. Оның ішінде мектептің ішкі есебінде 1 ұл бала, 2 қыз бала тұр. 2003 жылы туған А.Д. есімді қыз бала 2019 жылдың маусым айында үйінен қашып кетуіне байланысты «қаңғыбастық» санатымен профилактикалық есепке алынған. Мұның басты себебі - отбасының ішкі жағдайы. Тұрмыстық ахуалының төмендігі, үй ішіндегі бітпейтін дау-жанжалдың соңы баланың туған үйінен безуіне әкеліп соққан. Ал 2004 жылы туған Қ.С. есімді қыз баланың ішкі тізімге алынуы өзінің туған әкесі мен ағасына ренжіп, өзіне қол жұмсамақ болғаны салдарынан туып отыр. 2004 жылы туған ұл бала М.М. «ұсақ бұзақылық» бойынша есепке ілінген. Мектеп мұғалімдері бұл жағдайды абайсызда болған оқиға деп түсіндірді. Бүгінде олардың әрқайсысымен жеке жұмыстар жүргізіліп, жан-жақты бақылауға алынған. Қозғалған мәселелерге сәйкес комиссия мүшелерінің тарапынан біраз ұсыныстар білдіріліп, шешімдер қабылданып, ескертулер айтылды.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521