Күрделі жөнделеді деген күре жолдың күрмеуі қашан шешіледі?

ken-zhyloi.kz

«Nur Otan» партиясы Жылыой аудандық филиалы мәжіліс залында өткен Партиялық бақылау комиссиясы отырысының күн тәртібінде Құлсары қаласының орталығындағы Махамбет даңғылының тас жолының жағдайы қаралды. Отырысқа төрағалық етуші, аудандық мәслихат депутаты С.Кенжеғалиев аталған көшенің тас жолының жағдайы туралы қысқаша мәлімдеп, аудан халқы тарапынан осы орталық көшеге орай көптеген наразылық туындап отырғанын атап өтті. Бұл жөнінде облыстық, аудандық газеттер беттерінде мақалалар жарияланғанын, сонымен қатар, тұрғындардың наразылықтарын әлеуметтік желіде де көптеп білдіргенін айтты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Жылыой ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ғ.Жолдыбаевтың мәліметі тыңдалды.

Ғ.Жолдыбаевтың айтуына қарағанда, ұзындығы 2,4 шақырымды құрайтын жолдың ағымдағы жөндеу жұмыстары 2019 жылы тамыз айында басталған. Алайда мердігер мекеме өз міндеттемелерін уақытында орындамай, жөндеу жұмыстарын келісімшартта көрсетілген мерзімде аяқтамай, тастап кеткен. Сол жылы қараша айында Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына сапасыз жасалған жұмыстар үшін төленген қаражатты қайтару, басталған жұмыстарды аяқтау және жұмыс барысында келтірілген зардапты қалпына келтіру туралы бөлімнің берген талап арызы қанағаттандырудан бас тартылған. Сонымен қатар, сол жылы Атырау облысының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына берілген апелляциялық шағым арыз да қанағаттандырусыз қалдырылған.

Аталған мәселе бойынша аудандық партиялық бақылау комиссия мүшелерінің және облыстық мәслихат депутаты, облыстық партиялық бақылау комиссиясының мүшесі А.Сисеновтің қойған сұрақтарына аудан әкімінің орынбасары Н.Қондыбаев жауап берді. Ол өз сөзінде қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттары жасақталып жатырғанын, сәуір айының аяғына дейін сараптамадан өтіп дайын болатынын айтты. Содан кейін құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен қаражат қарастыру туралы сұраныс беріліп, қаражат бөлінген жағдайда күрделі жөндеу құрылыс жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді.

Партиялық бақылау комиссиясы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне Құлсары қаласының орталығындағы Махамбет даңғылының тас жолының сапасыз салынған асфальт жабындысына қайтадан күрделі жөндеу жүргізу үшін қажетті жобалау-сметалық құжаттарын тез арада аяқтап, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 2021 жылдың қараша айына дейін жолды пайдалануға беру туралы ұсыныс берді.

Ж.ӘБДІКӘРІМОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521