«Дін ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің»
«Дін ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» деген қанатты сөз бекер айтылмаса керек. Шынымен де имандылыққа бет бұрған қаншама жас жат ағымның жетегіне еріп, жат жердің топырағын жамылды, қаншамасы өз халқына қарсы шығып, қылмыскер атанып, өз елінде темір торға тоғытылды. Өзге жастар сол тағдыр тәлкегіне тап болған өзі секілді қандастың өкінішке толы өмірінен ащы сабақ алса қанеки?! Бірақ қайдам?!
Соңғы жылдары қазақ әйелдерін жесір қылып, балаларын жетім қалдыратын да, шаңырақ шырқын бұзып, ерлі-зайыптыларды ажырастыратын басты себептің бірі де - осы теріс діни ағымның ықпалы болып тұр.
Өткен аптаның жұма күні аудандық сот судьялары, билер кеңесі мүшелері мен медиаторлардың қатысуымен Отбасы күніне байланысты Ашық есік күні өткізген еді. Мақсат: отбасы құндылықтарын дәріптеу. Өкінішке орай, еліміздің ерлі-зайыптылары үшін осынау қуанышты күн қарсаңында сотқа күйеуімен ажырасуға ниет білдірген әйелдер көп келді. Соның бірі – бес баланың анасы болды.
Алыстағы ауылдан ат арытып жеткен келіншектің күйеуі аудандағы іргелі мұнай компаниясында еңбек етеді екен. Ауысымдық әдіспен жұмыс жасайтын ол соңғы жылдары имандылық жолына түсіп, бес уақыт намаз оқуға көшкен. Алғашқыда бәрі жақсы еді. Бірақ намазбен бірге бірте-бірте оның мінез-құлқы да өзгере бастапты.
-Маған «Басыма орамал тарт!» деді. Жақсы әйелмін ғой, күйеуімнің айтқанын орындайын деп алдыңғы апа-жеңгелерім секілді қазақшылықпен орамал тартып жүрдім. Келе-келе той-домалаққа баруыма да тыйым салды. Тойхананы айтпағанның өзінде, үй арасында үй жоқ, көршімнің шаңырағында болып жатқан қонақтыққа да аттап бастырмады. Ер-азаматы құлшылық қылған үйге береке орнап, тыныштық салтанат құрмайтын ба еді?! Бізде керісінше, ұрыс-керіс, келіспеушілік орын ала бастады. Ол мені әйел ретінде сыйлап, бағалаудың орнына, керісінше, өз көзқарасымды білдіргенім үшін дауыс көтеріп сөйлеп, қол жұмсайтынды шығарды. Оның ойынша, мен тек отбасы-ошақ қасынан шықпауым керек екен. Күйеуім «отыр» десе, отырып, «тұр» десе, тұруым қажет. Соңғы рет вахталық жұмысқа кетер қарсаңда балаларымның көзінше қол жұмсап, ақыры төркініме кетіп тындым. Содан бері маған, туыстарыма да айтпаған сөзі жоқ. Бұрын күйеуімді жақтайтын әке-шешем енді оның кім екеніне көзі жеткендей, - деді келіншек жанарынан жасы төгіліп.
Бірақ «төркініне кетті» деген аты ғана. Күйеуі жұмысқа кеткен соң әйелі өз үйіне қайтып оралған. Мүмкіндік болса, шаңырағының шырқын бұзғысы келмейді. Тек жолдасының имандылыққа бет бұрамын деп жат ағымның жетегінде кетіп бара жатқаны нәзік жанның жүрегін тырналайды. Оның айтуынша, қазір әкесінің әмір етуімен үйіндегі ер балалардың үлкенінен бастап, кішісіне дейін намаз оқиды екен. Енді өсіп келе жатқан бүлдіршін қызы үшін қорқады ана. Бір күні оның да басына орамал салдыртса, қайтпек?!
Отбасындағы осындай мәселелер мазалап, балаларының болашағына алаңдаған ана сот табалдырығына табан тіреп, ел ағаларынан араша сұрай келіпті. Отбасылық медиатор, өзге де медиатор мен билер кеңесі мүшелері, судья А.Балмұхановалар өз ақыл-кеңесін беріп, күйеуіне теолог-маманның көмегі қажет екенін айтты. Әрине, Ашық есік күніне қатысушылар өзге де мәселелерді көтерді. Олардың дені азаматтық-құқықтық реттеу мәселелері, алимент төлеу, еңбек заңнамасының бұзылуы және тағы басқа тақырыпта болды. Әрбір қойылған сұраққа заңды түсіндіре отырып, толық жауап берілді.
-Ашық есік күнін өткізудегі мақсат: судьялардың аудан тұрғындарын қабылдауы, әділ сот төрелігіне деген сенімді арттыру, сотқа жүгінбей-ақ медиаторлар мен билер кеңесі арқылы дауды шешуге болатынын, сол арқылы уақытты үнемдеу мүмкіндіктері бар екенін кеңінен насихаттау,-дейді отбасылық судья А.Балмұханова.
Отбасы күні мерекесіне орай ұйымдастырылған шара Т.Байсырымов атындағы гуманитарлық-техникалық колледжде жалғасын тапты.
Е.БИСЕКЕНҰЛЫ