Қордағы қаржыны көбейтіп алуға болады

-Менің әпкеме мүгедектік тағайындалған. Ол зейнет жасына толғанға дейін зейнетақы төлемдерін алуға құқылы ма?

ЗЕЙНЕТ ЖАСЫНА ТОЛҒАНҒА ДЕЙІН

 -Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) өз салымшылары мен алушыларына: міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және мерзімсіз белгіленген бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі, ерікті зейнетақы жарналары және тобы мен мерзіміне қарамастан мүгедектігі бар адамдар белгіленген кесте бойынша БЖЗҚдағы зейнетақы жинақтары есебінен жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына толғанға дейін зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар екенін хабарлайды. Салымшыға өзінің мәртебесін растайтын құжаттарды көрсетудің қажеті жоқ. БЖЗҚ салымшының Қазақстан Республикасының "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңына сәйкес берілетін келісімімен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер банкі" ақпараттық жүйесінен мүмкіндігі шектеулі жан жайлы мәліметтерді веб-сервис арқылы сұратып, мүгедектіктің (тобы, белгіленген мерзімі) болуын дербес түрде тексереді. Бұл әрекет Еңбек министрлігі, Мемлекеттік корпорация және БЖЗҚ арасында жасалған келісім шеңберінде "Азаматтарға арналған үкімет "Мемлекеттік корпорациясы" арқылы жүзеге асырылады. Зейнетақы жинақтары төлеміне арналған өтінішті БЖЗҚ-ға enpf.kz сайты, қор кеңсесіне жеке жүгіну немесе сенім білдірген көмекші адамыңыз, сондай-ақ, пошта арқылы беруге болады. БЖЗҚ-да мерзімсіз белгіленген бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға Барып қызмет көрсету бөлімдері ұйымдастырылғанын қаперге береміз. Бұл ретте алдын ала кеңес алу, оның ішінде қызметтерді қашықтықтан, ешқайда шықпай-ақ алу мүмкіндігіне тексеру жүзеге асырылады.

БАСҚАРУШЫ КОМПАНИЯҒА АУЫСАДЫ

- Жұбайым екеуміз зейнетақы жинағымызды инвестициялық компанияға аударғымыз келеді. Біз қанша соманы, қалай пайдалана аламыз? Депозиттердің сақталуына кепілдік бар ма?

 -Жинақтарды бір немесе бірнеше инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) аудару туралы шешім қабылданса, онда салымшы қордың www.enpf.kz сайтындағы жеке кабинеті арқылы немесе БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне жеке жүгініп, өтініші білдіріп беруіне болады. Барлық қажетті ақпарат пен қадамдық нұсқаулықты сайттағы Қызметтер – зейнетақы жинақтарының бір бөлігін сенімгерлік басқаруға аудару бөлімінен, сондай-ақ, Youtube-арнасындағы біздің бейненұсқаулықтан көруге болады.       

    Әлеуметтік Кодекс 2023 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Бұл осы заңға сәйкес жүзеге асырылады. Оның ерекшелігі сол, мұнда зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқаратын компанияларға сенімгерлік басқаруға беру кезінде ең төменгі жеткіліктілік шегі ескерілмейді. Салымшылар міндетті зейнетақы және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтардың 50 пайызға дейінгі мөлшерін аудара алады. Егер ерікті зейнетақы жинақтары болса, оларды толық көлемде беруге болады. Қазіргі уақытта нарықта инвестициялық портфельдің бес менеджері жұмыс істейді. Олардың толық тізімімен www.enpf.kz сайтында танысуға болады. Бұл реттеуші – Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің талаптарына сәйкес келетін компаниялар. Сондай-ақ, бұл компаниялар БЖЗҚ-мен және кастодиан банкпен сенімгерлік басқару туралы шарт жасасқан. Басқарушы компанияны таңдағанда, оның тарихын, сондайақ, инвестициялық декларациясын, инвестициялық қызметке шолу, инвестициялау тәжірибесі мен нәтижелерін мұқият зерделеуге кеңес береміз. Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруындағы жинақтар бойынша ғана беріледі.

 Зейнетақы жинақтарын ИПБ басқаруына аудару кезінде мемлекеттің кепілдігі басқарушы компанияның кепілдігімен ауыстырылады. Ол сізге активтер кірісінің ең төменгі деңгейінен түспейтін табысты қамтамасыз етуі керек. Бұл деңгей зейнетақы активтерін басқару нарығында жұмыс жасайтын барлық ИПБ-ларға басқаруға салынған зейнетақы активтерінің орташа алынған кірісі негізінде есептеледі.

ҮЙ АЛУҒА ЖӘНЕ ЕМДЕЛУГЕ...

- Ағымдағы жылдың тамыз айында еңбек сіңірген жылдарым бойынша зейнеткерлікке шықтым. Менің зейнетақы жинақтарымды толық көлемде алуға мүмкіндігім бар екенін естідім. Рас па? Олай болса, мұны қалай іске асыруға болады және мен оларды қалай пайдалана аламын?

- Иә, шынымен де солай. 2023 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетке еңбек сіңірген жылдарына қарай шыққан отандастарымыз міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарын пайдалануға құқылы. Оларды тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге толық көлемде ала алады.

Бірақ, пайдалануға өтінім бермес бұрын БЖЗҚ-да жинақтардың бар-жоғын және алуға болатын сомасын нақтылап алу қажет. Одан кейін сіз уәкілетті операторларға хабарласуыңыз керек. Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге пайдалану үшін уәкілетті операторлар – "Отбасы банкі "тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ (портал www.enpf-otbasy. kz), "Қазақстан Халық банкі" АҚ, "Altyn Bank" АҚ, "Банк ЦентрКредит" АҚ және "Банк Фридом Финанс Қазақстан"АҚ. Ал емделу бойынша тек "Отбасы банкі" уәкілетті оператор болып табылады.

Ғалия СӘДЕШОВА, «БЖЗҚ»АҚ облыстық филиалының

Құлсары қаласындағы қызмет көрсету орталығының бастығы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521