Құлсарыда оңалту лагері ашылды

 Жақында ғана Құлсары қаласында мүгедектік арбасына таңылған жылыойлық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту лагері өз жұмысын бастады. Мұнда өмірде түрлі ауыр жарақаттың салдарынан мүгедек болып қалған жандар белсенді өмір сүруді үйренеді. Әлеуметтік реабилитацияға арналған шара ауданда осымен екінші рет өтіп жатыр. Бұл "Теңізшевройл" компаниясының қолдауымен "Біз де адамбыз" қоры іске асыратын "Мүгедектігі бар адамдарды тиімді оңалту" жобасы аясында іске асырылды.

 Міне, осы оңалту лагерінің ашылуына аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың өзі келіп, мүмкіндігі шектелуі жандарға арналған реабилитациялық қызметтің жұмысымен танысты. Ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аудан басшысы игілікті істі ұйымдастырушылар мен қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұл жөнінде аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

 Лагерге келушілер 15-17 қазан аралығында мүгедектер арбасында өзгелердің көмегіне сүйенбей, дербес өмір сүруге қажетті дағдыларды үйрететін тренингтік және спорттық-сауықтыру іс-шараларына қатысады. Мұнда барлығы 14 адам қатысады. Оларға қажет кезде көмек көрсететін 7 ерікті мен 7 мүгедектер арбасын пайдаланушылар бар.

 Біз сондай мүмкіндігі шектеулі жанның бірі – 35 жастағы Нұржан Жақыповпен тілдескен едік. Бірнеше жыл бұрын оның беліне зақым келіп, мүгедектер арбасына таңылды. Тағдырдың тәлкегінен осындай күйге түсуге мәжбүр болған ол лагерь туралы естігенде, алғашқылардың бірі болып жазылды. Қазір мүгедектер арбасын басқару, денені шынықтыруға арналған спорттық жаттығуларды меңгеріп, мүмкіндігі шектелі жандарға арналған негізгі құқықтық білім және өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын үйреніп келеді.

 Лагерді ұйымдастырушы жоба жетекшілерінің сөзінше, бұл жердің басты ерекшелігі және қағидасы – мұнда білім беру саласында және ерекше қажеттіліктері бар адамдарды оңалту кезінде ұстанатын бүкіл әлемге танымал "теңбе-тең" әдісі қолданылады. Яғни, лагерде кезінде өздері де осындай оңалтудан өткен жобаның түлектері дәріс береді. Сондықтан да олар жаттықтырушылар ретінде өздері де мүгедектер арбасын пайдаланады. Екі жыл бойына Беларусь елінен келген тәжірибелі нұсқаушы-реабилитологтардан білім алып, қазіргі кезде өздері үйренген білімді лагерь қатысушылармен бөлісіп жатыр. Нұсқаушылар өздері де мұндағы мүгедек жандармен тағдырлас, сол себепті үйрететін лекциялар мен дағдыларды да жеке тәжірибелерінен біледі. Бұл қатысушыларға мен жаттықтырушыларға ыңғайсыздық сияқты эмоционалды кедергілерден аулақ болуға мүмкіндік береді.

 Айта кету керек, жоба аясында ай сайын мүгедектігі бар жандар және олардың көмекшілері психологиялық-мотивациялық тренингтерге, спорттық шараларға қатыса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл олардың әлеуметтенуіне, қоғамға қосылуына көмектеседі.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT