Қыс айы қарсаңында алғашқы ақ ұлпа жауып, үлкен-кіші бір қуанып қалған еді. Бірақ таңертең жауған қар түстен кейін еріп, жер лезде лайсаңға айналды.
Бұдан кейін 2 желтоқсанда ұялы телефондарға «Атырау-Астрахан» тасжолының көктайғаққа байланысты жабық екендігі туралы хабарланды. 6 желтоқсанда «Атырау - Бейнеу» тасжолының да жабылғаны туралы ақпарат алдық. Осы хабарламаны алуымыз мұң екен, түстен бастап ауданымызда жер біткен мұзға айналып, айнадай жалтырап кетті. Жаяу жүргіншілер де, темір тұлпарлар да тайғақта адымын ашып жүре алмай, тәлтіректеп қалды. Ауыл мен аудан орталығы арасындағы көлік қозғалысы сиреді. Кейін көктайғақтың салдарынан Құлсары мен Атырау арасындағы трассаның да жабылғаны туралы хабар естідік. Ауа райының бұл қалпы бірнеше күнге созылды. Осы күндерде аудандағы ахуал қандай болды екен? Осыны білмек боп біз аудандық емханаға, аудандық төтенше жағдайлар бөліміне қоңырау шалған едік. Білуімізше, ауданда көктайғақ кезінде ауыр оқиға, төтенше жағдайлар орын алмаған, дегенмен ауа райының бұл мінезі тұрғындарды біраз әбігерге салып, денсаулығына зиянын келтіргені анық.
-6 желтоқсан мен 10 желтоқсан аралығында аудандық орталық аурухана мен емханаға жиырманың үстінде мұзға құлап, жарақат алған науқас түсті, - дейді хирург-травматолог Жәнібек Айтжанов. – Мысалы, қыркүйек айында инсульт алған бір егде жан шарбағында дәретханаға бара жатып, мұзға жығылып, басымен құлаған. Сондай-ақ, күнделікті жұмыстағы жүрген қызметкерлер аялдамаларда, жолда мұзға тайып, жарақат алып, дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Жексенбі күні бір тұрғынның тайғақта қолы сынған, ал дүйсенбі күні тағы бір адам құлап, аяғын сындырған. Дәл осындай жағдайда иығы сынған науқас Атырауға жіберілді. Өзгелері, әуелі, ауруханада, кейін емханада емдерін жалғастыруда.
Бұл – жарақаты бойынша тіркелгендер ғана, ал мұзға тайып жығылып, үйінде халық еміне жүгініп отырғандары қаншама?! Хирург-травматолог жарақат алған адамдардың бірден дәрігерге көрінбей, ауруын ушықтырып барып келетіндерін айтып отыр.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бас маманы Қобылан Кенжебековтың айтуынша, бұл күндері аса ауыр төтенше жағдайлар тіркелмеген. Дегенмен, 6 желтоқсан күні сағат 09.30-да Құлсарыдан Ақкиізтоғай ауылдық округі бағытына «УАЗ патриот» көлігімен төрт адам түйе іздеуге жолға шыққан. Байланыс жүйесі үзіліп, мал іздеушілерден хабар болмаған. Бұған туыстары уайымдап, 112-ге, яғни құтқару қызметіне телефон шалған. Осы күні аталған бөлім іздеу жұмыстарына шығады, алайда нәтиже болмайды. Келесі күні мал іздеушілердің өздері отбасыларына байланысқа шығып, хабарлама жазған. Жоғалғандар осы күні таңертеңгі сағат 10.45-те табылған. Олар бір қыстау маңын ықтаған екен.