Президенттің соңғы Жолдауын тыңдап отырып, еліміздегі банктердің жарты жылда тапқан пайдасының бір триллионнан асып кеткенін естідім. Осыған орай Қасым-Жомарт Кемелұлы нақты секторға берілетін кредиттің азайып, тұтынушылық несиенің көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірген. Бұл дегеніңіз банктер байып, қарапайым халық қарызға кіріп отыр деген сөз.
Рас, Қ.Тоқаев алғаш Президент болып сайланғанда еліміздегі 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешірді. Бірақ жасыратыны жоқ, кей азаматтар бұл жақсылықты түсінген жоқ. Қарызынан құтылғанымен кейін қайтадан несие қамытын киіп алды. Енді жақында қабылданған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттер деген ойдамын. Бұл ретте «Бірақ ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет. Сонымен қатар азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды» деген Мемлекет басшысының сөзін толық қолдаймын. Өйткені, жұрт қаржылық мәселесін шешу үшін көп ойланып жатпастан әлі күнге банктерге жүгінеді. Той жасаса да, үй салса да, тіпті, үйге жиһаз сатып алса да, кедергіні кредитпен шешкісі келеді. Меніңше бұл тығырықтан құтқаратын жол емес.
Сондықтан Жолдауда айтылғандай, «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет» деген сөзін қостаймын. Бұл жобаға әсіресе біздер тұратын аудандардың, соның ішінде ауылдық жерлердің тұрғындарын көптеп тарту керек деп есептеймін. Өйткені бір басына бірнеше несие-қарызының қамытын іліп алып, құтыла алмай отырған жандарды көріп жүрмін. Қоғамдағы көп мәселе осы кредиттің көптігінің кесірінен туындап жатыр.
Алмажай Ерғалиева,
зейнеткер