Қарағайдың балалары жаяу жүрмейді

Ұстаздар күні қарсаңында Алматы қаласынан Құлсарыға екі бірдей су жаңа автобус жеткізілді. Заманауи үлгіде жасалып, 36 орынға шақталған бұл көлік құралдары мектеп оқушыларын тасымалдауға арналған. Сондықтан да олар сары түске боялған. Автобус ерекше балаларға арналған көтергішпен, бейнебақылау камерасымен, «cтоп» батырмасымен, салқындатқыш және жылыту пешімен жабдықталған. Аудандық білім бөлімінің басшысы Айбарша Қақпанбаеваның айтуынша, оның біреуі дарынды балаларға арналған Жылыой лицей-интернатына, екіншісі Қарағай елді мекенінен қатынап оқитын оқушыларды тасымалдау үшін Құлсарыдағы №19 орта мектепке берілген.

Облыстың өзге өңірлеріндегі оқу ордалары да дәл осындай автобустармен қамтылып отыр. Дәлірек айтқанда, 15 білім ұясында оқитын 600 оқушыны тасымалдауға арналған көлік құралдарының кілтін салтанатты жағдайда табыс ету кезінде сөз сөйлеген облыс әкімі Серік Шәпкенов былай деді:

- Тұрғындармен өткен кездесулерде мектептерге автобус беру мәселесі жиі көтерілетін еді. Бүгін сол түйін тарқатылып, Қазақстанда жасалған көлік құралын тарту етіп отырмыз. Қоғамның басты байлығы - балаларымыз. Олардың тиісті деңгейде білім мен тәрбие алуы үшін жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, балабақшаға барғаннан мектептегі кезеңінде балаға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, барлық жағдайды жасау – міндетіміз. Бүгін берілген көліктер оқушылардың игілігіне бұйырсын! Балаларға жасалатын игі істер көп болсын!, - деді.

Айта кету керек, білім беру басқармасына қарасты оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында аймақтағы қашық елді мекенге қосымша 23 автобус сатып алу үшін облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінген-ді. Қазіргі таңда, оның 15-і бүгін табысталып отыр. Қазан айында тағы 8 көлік жеткізіледі деп күтілуде.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521