«JYLYOI TAPP» МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАСЫ – туған жер тарихының темірқазығы

«JYLYOI TAPP» МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАСЫ – туған жер тарихының темірқазығы
Фото: П.Қизатова

Елімізде цифрландыру жөніндегі ұлттық жоба аясында Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті IT-маманын дайындау міндетін қойып, тапсырма берген еді. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – өркениетке ұмтылу мақсатында цифрлық технологияларды қолданысқа енгізіп, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және ел экономикасының даму қарқынын жеделдету екені түсінікті.

Иә, аталған бағдарламаның алғышарттары жасалып, жемісін беріп те жатыр. Оған мысал да көп. Қазіргі таңда «айтишник» деген мамандықтың атауын естігенде елең етпейтін жан кемде-кем шығар. Шыны керек, ғаламторсыз жүре алмайтын күнге де жеттік. Оның бағдарламалары мен алгоритмдерін құрастыратын маман осы – «айтишник».

Цифрландыру өрісі артқан сайын бағдарламашы деген мамандық сұранысқа ие болуда. Өйткені қоғамдағы құбылыстар осыған алып келіп тұр. Оған барлық мәселені үйде отырып смартфон мен басқа да технологиялар арқылы шешуге болатындығы дәлел. Қарапайым несие төлейік дедік, сіздің нешесіне дейін төлем төлеу керектігін, әлі қанша мөлшерде қарызыңыз қалғаны – барлығы дерлік автоматты түрде есептеліп, автоматты түрде орындалады. Бұл да бағдарламашының, яғни, «айтишниктің» жасаған еңбегі деуге болады.

«Айтишниктің» ойлап тапқан технологияларының қажеттілігі зор екеніне көзіміз жетті. Сондықтан біздің ауданда да IT-маманын меңгеріп жатқан жастардың көбеюі қуантады. Солардың бірі – туған жеріме пайдасы тисе екен деп, сол бағытта жұмыс жасап жатқан Қуаныш Шалабаевты ерекше атағанды жөн көрдік.

Ол - "Жас техниктер станциясы" мекемесінің Робототехника үйірмесінің жетекшісі. Соңғы уақытта ол қоғам үшін пайдалы IT саласындағы өнімдерді жобалауды қолға ала бастаған. Сөйтіп Қуаныш "Jylyoi tapp" мобильді қосымшасын іске асырады. Бұл идеяның қалай келгенін кейіпкеріміздің өзі былай түсіндірді: -Жалпы "Jylyoi tapp" деген атаудың мағынасына тоқталсам, біріншіден, «Жылыой өңірінен тауып көр» дегенді білдірсе, екіншіден, «саяхаттау», «қосымша» деген мағыналары бар. Жалпы бұл идеяны іске асыру іссапарларға шығып жүргенімде ойыма келген. Еліміздің көптеген өңірлерінде сол жердің құнды мәліметтері бар мобильді қосымшалары жұмыс жасайды. Мысалы, мына іргеміздегі Бейнеу, Маңғыстау жеріндегі киелі орындарға, зираттарға барсаңыз, солардың атауы жазылған маңдайшадан QR код-ты көреміз. Яғни, сол жерде-ақ ұялы телефонымызды QR-кодқа тақай қойсақ, барып тұрған жеріміз туралы көптеген мәліметтер лезде шыға келеді. Қандай керемет! Содан бастап туған жердің тарихи жерлері туралы мәліметі бар мобильді қосымшаны мен де неге жасап көрмеймін деген сұрақ ойымнан кетпеді. Оның алдында біліктілікті арттыру мақсатында Астана қаласына барып, Astana Hub-тың«Startup School»деген курсын 2 ай оқып келгенмін. Сол жерде ІТ жобалары қалай жасалатынын да меңгердім. Сондай-ақ No-Code, яғни, қазіргі таңда қосымшаларды бағдарламалаудың жаңа деңгейі шықты. Соларды үйрендім. Былай қарасақ, білімім де жеткілікті. Сөйтіп мобильді қосымшаны іске асыруды бастап кеттім. Сол уақытта аудандық Жастар ресурстық орталығы ауданның 95 жылдық меретойына орай “ҮЗДІК ІТ ЖОБА” байқауын ұйымдастырған еді. Сонда осы "Jylyoi tapp" мобильді қосымшам туралы таныстырып, оның мақсаты Жылыой өңіріндегі тарихи-мәдени жерлер туралы ақпарат беру екенін түсіндірдім. Сол батыс аймақтық байқауда менің ІТ-жобам 1-ші орынға лайық деп танылды. Содан бастап мобильді қосымшам өз жұмысын жасап жатыр,- дейді Қуаныш Шалабаев.

"Jylyoi tapp" мобильді қосымшасын айфонға да, андройдқа да жүктеуге болады.

Кейіпкеріміз жобасын әрі қарай дамыту үшін аудандық мұражаймен тығыз байланыста жұмыс жасап отыр. Ол мұражайдың құнды материалдарын осы мобильді қосымшаға енгізу үстінде. Алдағы уақытта мұражайға келушілер ондағы жәдігерлерді көріп қана қоймай, "Jylyoi tapp" мобильді қосымшасы арқылы толық мағлұмат алуы әбден мүмкін. Әрине, осындай мүмкіндік жасалса, еліміздегі Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның миссиясы орындала түспек.

Тек аудан жұртшылығы емес, әлемнің әр қиырындағы адамдар осы Қуаныш Шалабаев іске асырып жатқан ақпараттық мобильді қосымшадан біздің ауданның тарихи-мәдени жерлері туралы біліп отырса, қандай ғанибет!

Перизат ҚИЗАТОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521