ҮЙІНЕН БЕЗГЕН БАЛАЛАР

Комиссия отырысынан

Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында бірнеше мәселелер қаралды. Алдымен, аудандағы №5 жалпы орта білім беретін мектеп директоры Ж.Төлепова ерте жүктіліктің алдын алу және қыздар тәрбиесі бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

-Елімізде балиғат жасына жетпей жүкті болып қалатын қыздардың саны жылына шамамен 10 мыңнан асады. Бүгінгі күннің трагедиясы тәрбиеден басталып жатқан жайы бар. Көзжұма қарап жүрген бұл өзекті мәселенің мән-жайынан қалың көпшілік хабардар. Өрімдей жас қыздардың басына түскен қасірет олардың өмірінде өшпестей сызат қалдырады.

Мектебімізде қыз баланың ұлтымыздың көркі екенін бойына сіңіре отырып, оларды әдеп пен сыпайылық, тазалық пен адамгершілік, мәдениеттілік пен білімділікке тәрбиелеу мақсатында түрлі іс-шаралар өтуде. «Сырласу сағаты», «Қыз – ұлт келбеті», «Қыз – елдің көркі» атты сынып сағаты, апталық, онлайн форматтағы кездесулер ұйымдастырылды.

Өткізілген тәрбиелік шаралар мектептің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланып отырылды, - деді мектеп директоры.

Сондай-ақ Жұмабике Қошқалиқызы оқушылар арасындағы суицидтің алдын алу мақсатында жүргізілген жұмыстар туралы да баяндама жасады:

-Мектептегі жасөспірімдердің физикалық және психикалық денсаулығын нығайту және деструктивті мінез-құлықтың алдын алу бағдарламасы бойынша өткізілген тест нәтижесі бойынша «қауіп тобындағы» балалар анықталмады. Осы оқу жылында кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілері орын алған жоқ.

5-11 сынып оқушылары арасында сана-сезімдерінде жат түсініктердің орын алмауын қадағалау, олардың өз-өзін жақсы көруі сынды қасиеттерін дамыту, өмірге деген сүйіспеншілік көзқарастарын арттыру мақсатында бейнероликтер таратылып, онлайн тренинг, дөңгелек үстел, сауалнамалар жүргізілді. Алдағы уақытта осы тектес жұмыстар жоспарға сай жалғасын табады,-деді ол.

Келесі кезекте комиссияда өз-өзіне қол жұмсамақ болған 15 жастағы жасөспірімнің мәселесі қаралды. Сабағын жақсы оқитын оқушының ұстаздары да, емделуге кеткен анасы да баласының бұл іс-әрекетін түсінбей дал.

Комиссияда мынадай оқиға да сөз болды. Ағалы-інілі жылыойлық жасөспірімдер ақпан айынан бастап онлайн сабақтарға қатыспай қалған соң, мұғалімдер оларды іздей бастайды. Анықтай келе оқушылардың қаңтарда үйден кетіп қалғаны, сөйте тұра оларға ата-анасының іздеу салмағаны анықталады. Осы жасөспірімдердің туған анасын кәмелетке толмаған балаларын қадағаламағаны, аналық міндеттерін атқармағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту қажеттігі комиссия қарауына ұсынылған болатын. Комиссия төрағасы Ә.Шәкіров пен комиссия мүшелері, мектеп мұғалімдері мен ішкі істер органдарының қызметкерлері жасөспірімдердің үйден кетулеріне не себеп болғанын анықтамақ болды. Жоғарыда аталған екі оқиғаға да қатысты жасөспірімдерден қанағаттарлық жауап ала алмаған комиссия мүшелері бұл жайтты әлі де тереңірек зерделеу керек деген шешімге келді.

Ж.ӘБДІКӘРІМОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521