Үйіне қонбайтын жасөспірім, «ойыннан от шығарған» бала, оқуға құлықсыз студент

Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың төрағалық етуімен аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралып, комиссия мүшелерінің назарына ұсынылды.

Ағайынды қаңғыбастар

Алдымен, бір үйдің екі баласына қатысты мәселе қаралды. Құлсары қаласында тұратын 2008, 2010 жылы туылған ағалы-інілі жасөспірімдер кешкі уақытта көше кезіп, тіпті үйлеріне қонбауды әдетке айналдырған. Даудың басы әкесінің «балаларына қатаң тәрбие беремін» деген ниетінен туындап отыр. А. есімді үйдің отағасы баласына «Шашыңды неге алмайсың? Ертең сабақ қой» деп қатқылдау дауыспен ескертеді. Кәмелеттік жасқа толмаған бала соған ренжіген болуы керек, ертесі күні сабақтан шыққаннан кейін бос уақытын далада өткізуге тырысады. Тіпті кештің қарайып қалғанын көрген ол, әкесі жұмыстан келмей тұрып, киімдерін ауыстыру үшін ғана үйіне барады. Сөйтіп жылдам киініп, үйінен шығып кетеді. Содан бірге тұратын учаскедегі досының сарайына барып, біраз әңгімелескеннен кейін сол жерде түнеп қалады. Таңертең дым болмағандай досының үйінен шығып, мектепке қарай жаяу алшаң басқан баланы полиция қызметкерлері ұстап, бөлімге жеткізеді. Өйткені әке-шешесі түнімен іздеу салған еді. Сол бойда ата-анасы да шақырылып, ұлдары өздеріне табысталады. Әрине, заң бойынша әкесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту берілді. Бірақ осыдан кейін де мұндай жағдай бір емес, бірнеше мәрте қайталанған. Кейін М.А-ның тағы да көшеде кешкі сағат 11-ден бастап таңға дейін жүргені белгілі болды. Сол үшін ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған. «Ауру қалса да, әдеті қалмайтын» жасөспірімнен мектеп жасындағы туған ағасы да қалыспады. Оның да беймезгіл уақытта көшеде жүрген жерінен тәртіп сақшылары ұстап алған. Бірнеше мәрте ескерту беріліп, ата-анасына айыппұл арқалатты. Кейін комиссия отырысында белгілі болғанындай, қос жасөспірімнің үйінен кетіп қалуына әкесінің ішімдік ішіп, мас күйінде балаларына жекуі себепші болса керек. Мінезі қатал кісіден сескенген олар сабақтан кейін отбасына оралуға сескеніп, амалсыз достарының үйін паналаған. Мектеп басшылығы мен мұғалімі сол жерде бір жанұяның қос ұлына жақсы мінездеме берді. Тіпті, біреуі – аудандағы түрлі спорттық шараларға қатысып, аудан намысын қорғап, жүлделі орындардан көрініп жүрген бозбала. Бірақ түнгі уақытта көшеде жүруі, өз үйінен кетіп қалып, өзге жерді паналауы – заң аясына симайтын нәрсе. Сондықтан комиссия мүшелері қос жасөспірімге анасының көзінше қатаң ескерту жасап, алға қарай қатаң бақылауда ұстауға шешім қабылдады.

«Сувенир» пышақ

Аудандағы бір ауылдық округте болған бұл жағдайдың соңы қылмыстық істің қозғалуына түрткі болды. Д. есімді мектептің жоғары сынып оқушысы кешкі 19.30 шамасында әңгімелесу үшін досы әрі сыныптасының сарайына барады. Екеуінің үстіне өзге екі сыныптасы келіп қосылады. Төрт дос түгелденіп, шүйіркелесіп болған соң, өзге екеуі өз-өзімен телефон қарап отырып қалады да, Д. тағы бір досымен ойнап күресіп, алыса бастайды. Осы уақытта Д-мен жағаласып жатқан Ж. есімді жасөспірім терезе алдында тұрған маркасы қара түсті «Columba» пышағын оң қолына алып, қабынан шығарып, қарсыласына сілтей бастайды. Қолындағы пышағын аламын деп жабысқан сәтте суық қару абайсызда Д.-ның сол жақ санына кіріп кетеді. Аяғын ұстаған күйі жерге құлаған жасөспірімнің шырқыраған даусы қатты шығады. Мұны сыртта жүрген Ж.-ның ағасы естіп, сарайға жүгіріп келеді. Ересек жігіт оған алғашқы көмек көрсетіп, шұғыл түрде «Жедел жәрдем» көлігін шақырады. Сол бойда жарақат алған баланың ағасын шақыртып, аудандық орталық ауруханаға жеткізіледі. Оқиғаға орай қылмыстық іс қозғалып, Д.-ға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалған. Сонымен қатар, «Columba» маркалы пышағын зерттеу сараптамасын тағайындау үшін облыстық полиция департаментіне жолданады. Комиссия отырысына төрт жасөспірім ата-анасымен, мұғалім, мектеп директорымен бірге шақыртылды. Әрқайсысымен жеке-жеке тілдескен комиссия төрағасы мен мүшелері дене жарақатының шынымен де абайсызда, ойын үстінде салынғанына көз жеткізгендей болды. Ал терезе алдында тұрған пышақ суық қару емес, «сувенир» зат болып шықты. Комиссия шешімімен «ойыннан от шығарған» төрт дос мектепішілік есепке алынып, спорттық және басқа да шараларға тартылып, тәртіптері үнемі қадағаланатын болды.

Түнгі «торуыл»

Қазақта «Бала, баланың ісі – шала» деген сөз бар. Комиссияның келесі отырысында сол балалардың шалалығынан туындаған мәселе қаралды. Аудандық полиция бөлімінің 102 желісіне телефон шалған әйел адам өзінің «Атырау» ықшамауданының тұрғыны екенін, түнгі уақытта бейтаныс біреулердің есігін бірнеше мәрте қағып, түн тыныштығын алғанына шағымданған. Тексеру барысында түн баласы ұйықтамай, есікпен ойнап жүрген 12-13 жастағы жасөспірімдер болып шықты. Соның бірі А. есімді кәмелет жасқа толмаған оқушы бала өз түсініктемесінде кешкі сағат 21.00-де ата-анасының рұқсатымен 4-учаскеде тұратын әжесінің үйіне қонуға кетеді. Бірақ жолшыбай досын кездестіріп қалады. Соңғысының ұсынысымен екеуі «Атырау» ықшамауданындағы ойын алаңында біраз ойнап, кейін әжесінен телефон арқылы сұранып, сол ықшамаудандағы досының бес қабатты үйіндегі пәтеріне қонып қалуға бел буады. Ол баспана болса, қасындағы серігінің анасына тиесілі бос тұрған тұрғын жай екен. Сонда бара жатып, екеуі көрші үйдің есігін қағып, қаша жөнеледі. Осылайша түннің бір уақытында танымайтын әйел адамның зәре-құтын алған жас жеткіншектер полиция бөлімінен бір-ақ шығады. Бөлімге ата-аналары да шақыртылып, баласын беймезгіл уақытта қараусыз жүргізгені үшін заң аясында тиісті шара қолданылды. Комиссия отырысында аталған жасөспірімдерге ескерту беріліп, ұстаздарына оқушылардың қоғамдық шараларға көбірек тартылуына жағдай жасау туралы тапсырма берілді.

Жүгенсіз жасөспірім

Жиналыста комиссия төрағасы Г.Айшуақоваға жолданған хат бойынша тағы бір мәселе қаралды. Оны С.Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінің директоры М.Ибраев жазған. Оқу ордасының басшысына өз қарауында білім алып жүрген бір студенттің үстінен шағым түсіруіне тура келген. Биыл колледжге оқуға қабылданған ол оқу жылы басталмай жатып сабаққа келуді қысқартқан. Себепсіз қала беретін студенттің өзі де бұл қылығына мардымды жауап бермепті. Ұстаздары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімнің ата-анасымен де бірлесе жұмыс жасай алмай отыр. Өйткені оларда бала тәрбиесіне деген ниет жоқ. Анасы басты себебін «балам оқығысы келмейді» деп қысқа қайырған. Тәрбиені осалсытып алған ананы ұлы да мүлдем тыңдамайтын секілді. Соның кесірінен, есейе бастаған бала анасына әл бермеуге айналған. Оның үстіне, ата-ана ретінде өзі колледж директоры мен орынбасарларының, ұстаздардың шақырған жиналысына да келмейді. Ең аяғы телефонға да жауап бергісі жоқ. Комиссия отырысында колледж студентінің Атырау қаласында қаңғып жүргені, түнгі мезгілде көшеде жүргені үшін полиция қызметкерлерінің қолына түскені белгілі болды. Сондықтан бетімен кеткен жасөспірім комиссияның шешімімен облыстағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберіліп, ал шешесінің ата-аналық құқығы шектелетін болды.

П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT