Ізгілікті дәріптеген күн

ken-zhyloi.kz

Ауданымызда Әз-Наурыз мерекесін тойлау кезіндегі ең ізгі іс-шараның бірі – Игі істер күнін өткізу болды. Дәл осы күні жаны жомарт, жүрегі жұмсақ Жылыой халқы бірі-біріне жақсылық жасаудан жарысқа түскендей. 18 наурыз күні таң ата салысымен қайырымдылықтың ерекше түрі Құлсары қаласының қақ ортасында орналасқан «Інжу» сұлулық салонынан бастау алды.

Салон иелері аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімі басшылығымен алдын ала келісіп, көп балалы, тұрмыс жағдайы қиын және жалғызбасты аналардың балаларының шашын тегін қиып берді.

«Жақсылық жасау барысында қолымыздан келген көмектің барлығын да аяп қалмадық», - дейді кәсіпкер Інжу Темірханова.

Оның салонындағы шеберлер бұдан былай, 2 апта сайын, жұма күндері мұқтаж жандарға ақысыз қызмет көрсетуді бастамақ. Балалардың шашын тегін қиюмен қатар, жағдайы төмен қыз-келіншектерге де әртүрлі бағытта жеңілдік жасайтындарын айтты.

200320212

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткізіліп жатқан «Қайырымды істер» жалпыұлттық жобасынан мемлекеттік қызметшілер мен мекеме басшылары да қалыс қалмады. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұжымдары мұқтаж жандарды азық-түлікпен қамтамасыз етті. Алдын ала жасақталған тізімдегі тұрғындардың мекен-жайларын адаспай тауып, көмектерін шашау шығармай жеткізді, әрі олардың шексіз ризашылығына бөленді. Еріктілерден құралған «Жылыой жүрек жылыуы» қайырымдылық қоры да табыссыз отбасыларға күнделікті тұтынатын тағамдарды апарып берді. Аталған қор мүшелері де жақсылық жасау жолында аянып қалмады. Олар аптаның әр жұмасында жақсылық жасауды әдетке айналдырған.

Жақсылыққа толы «Игі істер» күнінде «Сенімді құрылыс» ЖШС-і аудандағы мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек қолын созды. Компания 60 балаға 20 мың теңгелік сертификатты табыс етті. Енді мүмкіндігі шектеулі балаларға қажетті тәтті-дәмділерді олардың ата-аналары қаладағы «Лидер» халықтық дүкенінен ала алады. Компания басшылығының аманатын аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Нұржарық Сауытов балаларға өз қолымен табыстады. Жан семіртер, жақсы сөздерін айтып, Наурыз мерекесімен құттықтады.

Ш. Мұхтарқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамыр күні тiркеліп, тіркеу туралы №17099-Г куәлiгi берiлген

Редакция мекенжайы: Құлсары қаласы, Исатай Тайманов көшесі, 4 үй.

Тел: 5-16-83, 5-07-66, 30-51-06, 30-51-05.

Әлеуметтік желілеріміз