Шымкенттіктердің көмегі жалғыз мұнымен шектелмейді. Өткен ғасырдың 80-жылдарының бел ортасында осы Құлсары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшесі ашылып, бірқатар азаматтар елдің қауіпсіздігі үшін еселі еңбек етті. Олардың қатарында У.Адаев, Ғ. Қапаров, Б. Әлтеев, А. Әбдікәрімов, Ж.Тұрсынбаевтар да бар еді. Бүгінде олар зейнет жасында, ардагер атанды. Бірақ Құлсары қаласындағы тасқынның салған топалаңын естіп, көрген олар шырайлы Шымкентінде тыныш жата алмады.
Төрт ардагер өз қалтасынан 100 мың теңгеден қаражат жинап, онысын Құлсары қаласындағы тасқыннан қатты зардап шеккен тұрғындарға табыс етуді ұйғарды. Бұл жөнінде олар біздің редакциямен хабарласып, жылыойлықтарға өздерінің жүрекжарды жылы лебізін жолдауды өтінген еді:
«Құрметті құлсарылық жерлестер! Тасқын судың салдарынан еліміздің батыс аумақтарында отандастарымыздың зардап шегіп, үй-мүлкінен айырылып, баспанасыз қалған жағдайын көріп барлық қазақ күңіренді. Өйткені, «Әр қазақ – менің жалғызым» демекші, оңтүстікте тұрып жатқан қазақтар жабылып жылу, қаражат жинап, көмектесуге тырыстық. Шымкент қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің ардагерлері осы хабарды естісімен қаржы жинап, зардап шеккен отбасыларын қолдауға жұмылдық. «Көп түкірсе – көл» дегендей, ат төбеліндей зейнеткер ардагерлер 400 000 теңге жинадық. Ардагерлер жиналысында су тасқынынан зардап шеккен отандастырымызға нақты, адресті көмек көрсетуге ұйғардық. Шымкент қаласында тұратын ардагерлердің ішінде еліміз тәуелсіздік алған, экономикамыздың осал тұсында, яғни 1986-1995 жылға дейін Теңіз мұнай-газ өңдеу зауыты іске қосылғанда шетелдік әріптестердің алдында ұлттық мүддені қорғау үшін қызмет еткен бір топ ҰҚК қызметкері бар. Бұлар бүгінгі таңда отставкадағы полковниктер - У.Адаев, Ғ.Қапаров, Б.Әлтеев, А.Әбдікәрімов, Ж.Тұрсынбаев. Олар ұсыныс жасап, ардагерлерге Құлсары тұрғындарына көмек көрсетуге шақырды. Ұжым мүшелері қолдау көрсетіп, қолдан келгенше қаражат жинады. Бүгін осы көмекті Құлсары қаласының төрт отбасына жеке шоттарына аударып беріп отырмыз. Олар ел тыныш, аман тұрғанда басқа түскен қиыншылықта жалғыз қалмайтынын, бүкіл ел болып көмек көрсететінін біліп жүрсін дейміз,» - дейді.
Аталған қаражат құлсарылық қайырымды азаматтардың шотына аударылып, Құлсары қаласы Бекбике көшесінде тұратын, үйлері тасқынның зардабынан құлап, жарамсыз болып қалған төрт отбасына газет тілшісінің қатысуымен табыс етілді. Әрқайсысына 100 мың теңгеден тиген бұл көмек ақша баспанасыз қалған жандарға аз да болса демеу болғаны сөзсіз.
Е.БИСЕКЕНҰЛЫ