Құлсары қаласында облыстық дін саласы қызметкерлерінің 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын талқылау жиыны өтті. Оған облыстағы барлық қала, аудан, ауыл имамдары қатысып, “Дін мен дәстүр”, “Ихсан және насихат”, “Діни оқу-ағарту”, сондай-ақ “Жат діни ағымдардан сақтандыру” бағыттарына ерекше тоқталды. Жылдың он екі айына жіктелген шара Жылыойда басталып, ақпан айында Құрманғазы ауданында жалғасын табады.
Дәстүр мен дәріс ұштасса...
Иә, халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан ұлттық салт-дәстүрімізді сақтай отырып, елді бірлікке шақыратын асыл құндылығымыздың бірі – дінімізді ел ішінде тура насихаттау жолында ел имамдарының атқарып жатқан жұмысы орасан. Тазалық пен ізгіліктің, мейірім мен бейбітшіліктің жолына бастайтын ислам дінінің қадірін арттыру жолында биыл дін қызметкерлері насихат жұмыстарын күшейтуді қолға алып отыр. Бұл тұста аудан аралап, төрт бағытта дәріс оқуды жоспарлаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысындағы өкіл имамы, «Иманғали» мешітінің бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы іссапарды біздің ауданнан бастауды жөн көрген. Ол бұл туралы:
- Жиналудағы басты мақсатымыз - 2025 жылы нақты жоспарлар бекітіп, соның аясында аудан, ауыл имамдарымен біріккен түрде жүргізілетін насихат жұмыстарын талқылау. Дін мен дәстүрді ұштастырған күйде халық сауатын ашуға жұмыстану. Ал жиынды Жылыойдан бастауымыздың себебі – көшпелі жиын арқылы әр ауданның тұрмыс-тіршілігімен, жамағатымен танысу еді. Тек кездесіп қана қоймай, әр ауданда интеллектуалдық ойындар ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Ескере кетсек, биылғы жылды Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, бас мүфтиіміз Наурызбай қажы Тағанұлы “Ислам және отбасы құндылығы” жылы деп атады. Себебі қазіргі таңда қоғамда ажырасу өте көп.
Соның салдарынан әйел адамның жесір қалуы, балалардың жетім қалуы көбейіп бара жатыр. Одан қала берді отбасындағы жастардың да нашақорлыққа бет бұруы алаңдатып отыр. Міне, осы мәселелердің алдын алу мақсатында биыл басқарма отбасылық құндылықтарға баса мән бермек. Сондықтан осы мақсатта біз көп жұмыстар жасауымыз керек. “Отан отбасынан басталады” десек, ел іргесінің мықты болуы сол жанұядағы жарасымдылыққа байланысты. Мемлекетіміздің тыныштығы, бірлігі үшін аянбай қызмет етуіміз керек,-деді өз сөзінде.
Шара барысында еліміздің әр өңіріндегі діни қызметкерлердің жыл бойы атқаратын жұмыстары үлкен лед-экраннан көрсетіліп, әр ауданнан келген имамдар насихат, уағыз жұмыстары бойынша бас имам сұрақтарына жауап берді. Жиын үстінде мүфтияттың игі мақсаттарын жүзеге асыру үшін фиқһ, усул әл-фиқһ, қауағид әл-фиқһ және басқа да салаларды терең меңгерген имамдар мен ұстаздарды, сондай-ақ діни басқармадан тыс білікті дінтанушылар мен исламтанушыларды біріктіру, ақидаға қатысты сұрақ-жауап кітапшасын әзірлеу, ҚМДБ-ның fatua.kz сайтын ерекше назарда ұстап, жетілдіріп отыру, халықтың діни сауаттылығын арттыру, сұрақтарына толыққанды жауап беру, қажетті пәтуалармен таныстыру қажет. Осы орайда басқарманың республикалық ислами діни бірлестігіне қарасты мешіттер, мекемелер мен орталықтарда түрлі форматта уағыз-насихат, сұрақ-жауап кездесулер ұйымдастыру тапсырылды.
Умраға жолдама жеңіп алды
Жиын түстен кейін имамдар мен жамағат арасындағы интеллектуалдық Quiz ойынымен жалғасты. Қауымның бірлігін арттыра отырып, білімін шыңдауды көздеген сайысқа жүздеген адам қатысып, 13 команда бақ сынады. Олар 6 кезең бойынша тарих, математика, дін мен діл, руханият тақырыбындағы сұрақтарға жауап беріп, білім бәйгесінде бағын сынады. Әр сұраққа 1 минуттан уақыт беріліп, ойыншылар әр секундтың қадірін түсіне білді. Аудандық мешітте өткен доданың тартысты болғаны соншалық, 5 сағат уақыттың қалай сырғып өткені байқалмай да қалды.
Қатысушыларға бас жүлде ретінде кіші қажылыққа жолдама сарапқа салынса, қаржылай жүлде қоры да қарастырылды. Білімділер додасының нәтижесінде І орынды «Ақкиізтоғай» командасы иеленсе, ІІ орынды «Ықылас» тобы қанжығасына байлады. Ал алғашқы үштікке іліккен «87-мырзалары» құрамасы ІІІ орынға жайғасты. Ал көптің қызығушылығын оятқан бас жүлде, яғни кіші қажылық жолдамасы «Есенгелді Нұршайұлы» мешітінің имамы Қанапия Орынбаевқа бұйырды. Бас бәйгені жеңімпазға Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының өзі табыстап, арнайы құттықтады. Интеллектуалдық сайыс барша қатысушылар мен жанкүйерлерге баға жетпес рухани әсер сыйлады.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ