Біз бүгін ақпараттар ағыны күшті, шындық пен жалғанның арасы көмескіленіп, әркім өз ұстанымын үстем еткісі келетін кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Әсіресе, жастардың діни ізденісі мен рухани бағдар іздеу жолындағы қадамы – қоғам үшін аса өзекті әрі нәзік мәселе болып отыр. Өйткені жүрек ілімі – иман ілімі. Ал бұл ілім қателікті, асығыстықты, үстірт пайымды кешірмейді.
Құлшылық та ғылым
Діни білімді қалай және кімнен алған дұрыс? Дәл осы сұрақ облыс, аудан көлеміндегі тұрғындар мен жастар арасында өтетін діни тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы кездесулер кезінде көптеп қойылатын сауалдың бірі десек те болады. Өйткені қазіргі ақпарат дәуірінде ғаламтор беттерінде діни материалдар көптеп жарыққа шығып жатыр. Жөн-жосықсыз білгіштер осы саладан сан түрлі сөз қозғауда. Өздерін шейх-ғалым ретінде таныстырып, көптеген жастардың санасын улап жатқаны тағы бар. Сондықтан бұл сұрақтың қойылуы мен сол төңіректе сөздің қозғалуы заңды деп білемін.
Шариғат тілінде білім сөзі бір мәселені жан-жақты, анық-қанығына дейін жіті түсіну деген мағынаны білдіреді. Білім – ақылдылық пен парасаттылықтың белгісі. Ал, білімсіздік мұның қайшы мағынасы. Ақылды адам ой-қабілетімен бір нәрсені түсінуге тырысады. Ал, надан басындағы ақылын, бойындағы қабілетін дұрыс қолдана алмайды. Сондықтан, білімді адам – жарық шам секілді. Білімсіз надан – қараңғы түн сияқты.
Баршамызға белгілі кешегі үш жүз жылға дейін созылған бодандық дәуірі, жетпіс бес жылдық атеизм кезеңі халқымызды ата-баба дінінен алыстатып, рухани тозуға дейін жеткізді. Дегенмен, егемендік алып, тәуелсіз ел атанғаннан кейін дінімізге еркіндік беріліп, білім алуға да жол ашылды.
Исламды білім-ғылым діні емес деп тек дін дұшпандары ғана айтады. Шынында, біздің дін олар ойлағандай, ешқашан ғылым-білімге қарсы болмаған. Қайта надандыққа қарсы тұрып, адамзат баласын білім алуға шақырып келеді. Бүгінгі күні ислам дінінің нағыз ғылымның қайнар бұлағы екенін тек қана надандар жоққа шығарып, мойындамауы мүмкін. Өйткені, ислам дінінде, тіпті, дәрет, намаз, ораза, зекет және қажылық секілді құлшылықтарды орындау үшін де оның ғылымын, білімін үйрену талап етілген.
Сондықтан ислам дінінің білімге деген көзқарасын білгісі келген жанның Құран Кәрім мен пайғамбар хадисі арқылы оқып-білуіне болады. Қасиетті Құран мен хадис шәріптерде ілім-білімнің артықшылығы мен қадір-қасиеті жайында мысалдар көп. Айтар болсақ, Құранда: «Адамдарға баян еткен бұл мысалдарды ғалымдар ғана түсіне алады»,-дейді. Олай болса, Құранды түсіну үшін адам, ең алдымен, ғылымға ден қоюы керек екен. Білім мен ғалымның қадір-қасиеті туралы Алла Тағала қасиетті кітапта былай дейді: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?». Байқасаңыз, осы аятта Жаратқан иеміз пендесіне сұрақ қою арқылы білімнің қадіріне меңзеп, білімді мен білімсізді салыстыруға шақырады. Әрине, білімділер мен білімсіздер тең бола алмайтыны айдан анық. Абай атамыз да: «Малыңды сат, жаныңды сат, білім ал» деп даналық айтқаны белгілі.
Теріс ағым қайдан келді?
Бүгінде зайырлы мемлекетіміз тәуелсіздік алғалы талай оқу ордалары құрылып, салалық мамандықтар көбейе түсті. Солардың ішіндегі қазіргі қоғам үшін ең өзектісінің бірі - діни білім алу мәселесі. Оның өзекті болып отырған жөні де бар. Себебі өткен ғасырдың 90-ыншы жылдары сенім-наным бостандығы тар құрсаудан шығып, еркіндік берілген кезде жастардың алдыңғы легі діни білім аламыз деп Түркия мен араб елдеріне бел аса бастады. Бұған алғашында елдің қуанғаны да рас. Ол жерлерде жастардың қандай, кімнен білім алғаны 2000 жылдардың басында сезіле бастады. Бірі «хизбутшы», бірі «сопы», енді бірі «құраниттер» болып шыға келді. Қазір енді олар бір елде, бір дінді оқыса да, бірнеше ағымның сойылын соғып жүр.
Ал енді сол «діндар» азаматтардың кейбіреулері аяғын тәй-тәй басып, экономикалық іргетасын қалап, ата салты мен әдет-ғұрпын жаңғыртып келе жатқан мемлекетімізді даму даңғылынан тайдырғысы келеді. Неге? Неліктен? Өйткені олардың басым бөлігі «ислам дінінің қайнар көзінен білім алдық» деген оймен, мазһаб мәселесін ұмытып, ислам ойшылдары мен ұлық имамдарды адасқан деген ұстанымды ұстап отырған мектеп өкілдерінен дәріс оқыды. Әлі білім алып та келеді. Олар Ханафи, Малики, Шафиғи, Ханбали мазһабтарын теріске шығарып, өздерін сәләфилерміз дейді. Сөйтіп, дәстүр мен ұлттық құндылықтарды аяқасты етіп, уахабизмнің негізгі идеологтары Ибн Баз, Ибн Ханбал, Ибн Таймия секілді «ғұламалардан» және солардың «шәкірттерінен» өзгелерді тыңдамайды да. Бірінші кезекте тіс қаққан «діндарлар» өз «шәкірттерінің» санасын улап, одан соң оларды ешкімге құлақ аспайтын халге жеткізеді. Сонан соң қанша тырысып бақсаңыз да, оның дәстүрлі ортаға оралуы қиынға соғады. Мұны қазіргі дін саласында жүрген тәжірибелі теологтардың өздері мысал етіп айтып та жүр. Енді осы жерде «Діни білімді қалай және кімнен алған дұрыс?»-деген заңды сұрақ туындайды.
Діни білімді ғалым дәрежесіне жеткен, білгір, мойындалған, дәстүрлі бағыттағы шариғат білгірлерінен алған дұрыс. Дініміздің фақиһы болу, шариғат мәселелерін терең түсіну – екі дүние үшін де өте қажет. Шариғат білгірі деп - иман мен күпірлік, мұсылман мен мұнапық, сауап пен күнә, адал мен арам, жәннат пен тозақ, «қай амал жәннатқа, не нәрсе тозаққа жетелейді» деген мәселелердің ара-жігін ажыратып, оны терең түсініп, сұрақтарға жауап бере алатын адамды айтамыз. Ал, мұны оқу-білу бақыты Алла нәсіп еткен құлына ғана бұйырады. Мұндай адамның дәрежесі Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтқандай: «Бір фақиһ ғалым мың құлшылық қылушыға қарағанда шайтанға қарсы күшті әрі басым келеді».
Діни дәріс дұрыс болсын десек...
Егер біз діни сауатты, дінімізге берік, иманымызға кәміл болсақ, бізді ешқашан ешқандай жау жеңе алмайды. Бүгінгі қазақ халқының сан ғасырлар бойына мұсылман атанып, иманына берік болуы – діни білімді атадан балаға жеткізе білуінде. Сол ата-бабамыздың дұғасымен, тілегімен, мұрасымен, білімімен бүгінгі ұрпақ бар және сол қазақ баласының тәуелсіз мемлекеті бар.
Қазіргі уақытта осы тәуелсіздіктің сыйын жақсы бағалап, ұл-қызымызды иманды етіп тәрбиелеу мақсатында мешіт жанынан ашылған сауат ашу, Құран курстарына қатыстырып, діни білімді жетілдіру – уақыт талабы. Баламызды жастайынан еліміздегі медреселерге оқуға беріп, рухани көкжиегін кеңейткен дұрыс.
Егер жастар діни білім аламын және сол салада еліміз үшін қызмет қыламын десе, онда діни білімді отандық діни оқу орындарында алған маңызды. Ата-аналар мен студенттер сапалы діни білім алуы үшін Қазақстанның да мүмкіндігі жоғары екенін білуі керек. Елдің қиын экономикалық жағдайына қарамастан, 1993 жылдың өзінде Алматыда «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті ашылды. Алғаш құрылған 2000 жылдан бастап, қазіргі кезге дейін университет елдің белді діни оқу ордасына айналып үлгерді. Бүгінде бұл білім ошағы қазіргі заман талабына жауап беретін жоғары дәрежелі білікті дінтанушы, исламтанушы, араб және ағылшын тілдерінің аудармашысы мамандарын даярлаумен айналысады. Осы оқу орнындағы барлық діни, сондай-ақ, зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары еліміздің Білім және ғылым министрлігінің талабына сәйкес дайындалған.
Бұдан өзге еліміздің әрбір өңірлерінде тоғыз медресе діни білім береді. Атап айтсақ Әбу Ханифа медресе колледжі, «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжі, «Һибатулла Тарази» медресе-колледжі, Сарыағаш медресе колледжі, Орал медресе колледжі, «Ақтөбе» медресе-колледжі, «Шымкент» медресе-колледжі, Астана медресе-колледжі, Үшқоңыр медресе колледждері исламтану мамандарын даярлайды.
Қорыта айтқанда, қазіргі қоғамдағы жастардың діни білім алуға деген ынтасы мен жігері қуантады. Олар елді дамыту жолында діни әрі дүнияуи ілімдермен сусындаса тіптен жақсы. Жер бетінде ғылым-білімді Исламдай ардақтайтын дін немесе қоғам болмаса керек. Өйткені, мұсылман жұртының қасиетті кітабы – Құран Кәрімнің ең бірінші түскен аятында: «Жаратқан Раббыңның атымен оқы», – делінген. Осының өзі адамзатты білімге жетелейтіндігін дәлелдейді.
Думан БАЛЫҚШИЕВ,
аудандық орталық мешітінің бас имамы