«ІСКЕРЛІК ЖУРНАЛИСТИКА: ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ»

Осындай тақырыпта Атырауда «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының президенті Нәзия Жоямергенқызының бастамасымен және «Halyk Bank» акционерлік қоғамының серіктестігімен «Іскерлік журналистика: қаржылық сауаттылық» атты журналистерге арналған екі күндік семинар өтті.

Алдымен, «Halyk Bank» АҚ Атырау филиалының директоры Жанна Майкопова сөз алып, «Интернеттегі алаяқтық. Алдын алу жолдары» тақырыбында баяндама жасап, алаяқтарға алданып қалмау жолдарын үйретті. Кейін осы алған білімді өзге де әріптестермен бөлісуге шақырды.

Одан әрі, медиатренер Нәзия Жоямергенқызы «АІ: инфографика, постер, презентация» тақырыбында маңызды мәліметтермен бөлісті. Өз кезегінде журналистер жасанды интеллект деген не, оны іскерлік журналистикада қалай қолдануға болады және басқа да сауалдарға жауап алды. Одан бөлек, постер жариялау, афиша дайындау, инфографика құрастыру, фотоколлаж жасау, сурет салу және ашық дереккөздермен жұмыс жасауды да үйренді. Тіпті, аудио (дыбысты тазалау) және бейнемонтажға арналған «Chat GPT», «Gemini» секілді заманауи бағдарламалармен танысты. Содан соң, «Іскерлік журналистика: ашық дереккөздермен жұмыс» тақырыбында дәріс өткізген медиатренер Бауыржан Гаппаров медиажурналистика саласында өте қажет болатын пайдалы ақпараттарды паш етті.

Осыдан кейін тағы бір медиа-тренер Ерсұлтан Хожалепес «YouTube: рейтинг және монетизация» тақырыбында презентация жасады. Семинардың келесі бөлімінде қатысушылар өзара топқа бөлініп, тәжірибелік жұмыстармен айналысты. Атап айтқанда, әр топ өзіне берілген тапсырмаларды белгіленген уақыт ішінде орындап шығуға күш салды. Сондай-қ, өз жобасын дайындап, оны тиісті деңгейде қорғап шықты.

Бір айта кетерлігі, бұл ретте БАҚ өкілдерінен бөлек, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушылары мен болашақ журналистер – студенттер де зор қызығушылық білдірді. Соңында ұйымдастырушылар семинарға қатысқандарға зор ризашылық білдіріп, сертификат пен естелік сыйлықтар табыс етті. Айта кетейік, бұл семинар Атыраудан басқа Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Ақтау қалаларында өз жалғасын таппақ.

Әділет ҚАНАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521