ІШЕР СУЫМЫЗ ТАЗА МА?

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың кезектен тыс 20 сессиясы өтті. Онда халық қалаулылары күн тәртібінде қаралған бірнеше мәселеге қатысты тиісті шешімдер қабылдады. Оған аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова және тиісті бөлім басшылары қатысты. Сессияны аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев жүргізіп отырды.

КӨЛІК ЖҮРМЕЙ, КӨШЕ КӨРКІ КІРМЕЙДІ

«Жылыой аудандық мәслихатының 2023 жылғы 16 қазандағы №8-1 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» алғашқы мәселе бойынша «Мансап» орталығы басшысының орынбасары Алдияр Мейрамбаев хабарлама жасады. «2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Жылыой аудандық мәслихатының 2023 жылғы 20 желтоқсандағы №10-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» күн тәртібіндегі екінші мәселеге орай аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жанар Дүсіпова баяндады. Спикер өз сөзінде 2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджеттің жай-күйімен таныстырды:

-Аудан бюджетін 172 млрд, 365,6 млн. теңгеден 172 млрд 570,3 млн. теңгеге нақтылау көзделуде. Яғни 204 млн 700 мың теңгеге өсіруді жоспарлап отырмыз. Көп бөлігі су тасқынынан зардап шеккен ғимараттарды қалпына келтіруге жұмсалғалы отыр. Оның ішінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ғимаратына – 26,7 млн теңге, аудандық кітапханаға – 21 млн теңге, орталық стадионға – 68,9 млн теңге, аудандық құрылыс бөлімі ғимаратына – 29 млн теңге, қалалық әкімшілік ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 29 млн теңге бөлінгелі отыр. Және қаланың кіреберісінде орналасқан «Басшы Ата» зиратын қалпына келтіруге 30,1 млн теңге қаралуы тиіс,-деді ол.

«Жергілікті атқарушы органның Жылыой ауданы бойынша автомобиль жолдарын салуды, реконструкциялауды, жөндеуді және күтіп ұстауды ұйымдастыру жөніндегі 2023 жылғы жұмысы туралы» аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлім басшысының міндетін атқарушы Бекет Бозжігітов баяндама жасады:

-Құлсары қаласындағы автомобиль жолдарын қайта жаңғыртудың 3-кезеңінің жобалау-сметалық құжаттамасы бойынша ағымдағы жылы сараптаманың оң қорытындысы алынды. Мемлекеттік сатып алу конкурстары нәтижесінде «Казкомсервис» ЖШС жеңімпаз атанды. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айынан бастап қарқынды жүргізілу үстінде. Жоба шеңберінде Құлсары қаласының 110 көше мен көшеаралық өткелдеріне жалпы ұзындығы 31,8 шақырым автомобиль жолын төсеу жоспарланған. Ал «Атырау» ықшамауданына автомобиль жолдарын тротуармен бірге салу» жобасы бойынша құрылыс жұмыстарын «Атырау инжстрой - АИС» ЖШС 2021 жылдан бастап жасап келеді. Жоба шеңберінде ондағы 21 көшеге жалпы ұзындығы 22,1 шақырым автомобиль жолы тротуармен бірге жүргізіледі.

Қарағай елді мекені мен №24 мектеп гимназиясы автокөлік жолдарына күрделі жөндеу жұмыстарын мердігер « Армандастар - Атырау» ЖШС қолға алды. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдан бастап жүргізіліп, бірақ жобаға түзетулер енгізілуіне орай тоқтап тұрған болатын. Қазіргі таңда түзету жұмыстары аяқталып, мердігерге қосымша келісімшарт берілді. Гимназияның автожолы толықтай асфальтталып, Қарағай елді мекенінің автокөлік жолының негізгі жабындылары мен асфальт жабындысы төселді. Жоба шеңберінде Қарағай елді мекеніне 2285,4 шақырым және мектеп гимназияға 541 метр кірме жол салынатын болады.

Бұдан басқа, Құлсары қаласындағы автомобиль жолдарын қайта жаңғыртудың 4-кезеңін жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, қазіргі таңда жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілуде. Жоба шеңберінде Құлсары қаласының 257 көшесінде жалпы ұзындығы 76 шақырым автомобиль жолдарын салу жоспарланған. «Болашақ» ықшамауданының автомобиль жолдарын тротуарымен бірге салу жобалық-сметалық құжаттамасы» 2019 жылы жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған болатын. Алайда қазіргі уақытта сараптаманың нормативтік қолданыс мерзімі өтіп кетуіне байланысты, жобаға түзетулер еңгізілуде. Жоба шеңберінде «Болашақ»-тың 68,3 шақырым автокөлік жолына асфальт жабындысы төселуі қажет. Жобалаушы мердігер «КеңесИнженеринг» ЖШС-гі, - деді баяндамашы өз сөзінде.

МӘСЕЛЕ – МАГИСТРАЛЬДЫ СУ ҚҰБЫРЫНДА

Әрине, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша депутаттар дауысқа салып, тиісті шешім қабылданды. Бірақ, депутаттар, алдымен, сол жерде отырған жауапты мекемелер өкілдерін сұрақтың астына алды. Оның ішінде аудандағы өзекті мәселелер де көтерілді. Мәселен, мәслихат депутаты Сәуле Мамбетова судың нашарлығы мен қаланың тазалығына қапалы екенін жеткізді:

-Қазіргі судың жағдайы өте мүшкіл. Енді сапасын айтуға ауыз бармайды. Бір жағынан, болған жағдайды да түсініп отырмыз. Дегенмен, қандай ахуал болмасын, тұрғындар таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Қаладағы тазалық жұмыстарын да бірыңғайлау керек. Себебі, қоқыс төгетін полигон толып кетті. Суға кеткен 3000 үйдің жартысы әлі бұзылмағанын қаперге алсақ, алдағы жаз-күз айларында жағдай қиын болады. Және тағы бір ескере кететін жайт: депутаттардың сөзі көп жерде еленбей қалып жатыр. Біз мәселені облысқа дейін көтереміз. Бірақ, ол жақтан тиісті кері байланыс болмайды. Олар аудандағы бөлімдерге жұмсайды. Ал, олардың қолынан көп нәрсе келе бермейді. Біз көріп отырмыз, белсенділер тарапынан мәселе көтерілсе, көп ұзамай кері байланысқа шығады. Ал, халық сайлаған депутаттардың үні жетер жеріне жетпей жатады. Ондай болса, біз мандатымызды тапсырып, блогер болайық. Бізді халық өзі сайлағасын, ертең бізден сұрайды. Сондықтан, осы мәселені де қарау керек деп ойлаймын. Мүмкін, облыс басшысына біз барайық немесе ол бізге келсін. Өйткені, өзекті проблемаларды дер кезінде шешпейтін болсақ, мәселе одан әрі өршіп кетері сөзсіз,-деді өз сөзінде.

Депутаттың сөзіне орай, «Жылыойсу» мекемесі басшысының міндетін атқарушы Батыр Кейкін тез арада мәселені шешуге тырысатынын жеткізіп:

-«Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбыры жаңартылғаннан кейін, су сапасы нашарлаған болатын. Себебі, құбыр бойындағы даттың әсерінен су сарғыш тартып кетті. Қазіргі кезде қала ішіндегі құбырлардың көбі тұнып қалған. Бүгінгі күндері тазарту жұмыстарын күн-түн демей жүргізіп жатырмыз. Тиісті шаралар қолданылып, тез арада бәрін қалыпқа келтіруге барымызды саламыз. Бірақ, айта кету керек, тазарту жұмыстарын жүргізіп жатқанда, әр жерде әртүрлі нәтиже көрсетуде. Бір жерде су қалыпқа келсе, кей жерде су баяғыша сарғыш күйінде қалған, ал кейбір жерде керісінше одан бетер сарғайып кетіп отыр. Біз басты назарды сол құбырларды тазартуға аударып жатырмыз,-деп жауап берді.

Депутаттардың ренішін тудырған мәселенің бірі – құрылыс материалдары бағасының күрт өсуі. Себебі, оңтайлы сәтті пайдаланғысы келіп, құныққан кейбір сауда герлер үйге керекті заттардың барлығының бағасын шамадан тыс өсіріп жіберген. Мысалы, су тасқынына дейін 41 000 теңгеге сатылған 1 тонна цементтің бағасы бүгінгі күні 60 000 теңгеден бір-ақ шыққан көрінеді. Осы сияқты жайттың алдын алу үшін тиісті шаралар қолдану керектігін баса айтты халық қалаулылары.

Ұзаққа созылған сессияда аудандағы өзекті мәселелердің біразы қозғалды. Алдағы уақытта да депутаттар халықпен бірге болып, талай проблемаларды ауыздықтап, билік пен бұқараның арасындағы алтын көпірге айналатынын жеткізді. Сессия соңында келесі жиында да келелі мәселелерді бірлесе отырып шешуге мақұлдасып тарасты.

Е.АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT