Өңірлік кадр резерв мүшелеріне басшылық лауазымдар ұсынылды

Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаев өңірлік кадр резервінің іріктеуінен өткен 25 мемлекеттік қызметкермен кездесті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.  

Кездесуде резерв мүшелері басшылардан кәсіби дамуға, жаңа мақсат пен міндеттерін айқындауға  кеңестер алды. 

Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы қатысушыларға бос тұрған басшылық лауазымдарды ұсынып, кадр резервіне өту олар үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.  

- Сіздер өңірлік кадр резервіне өтіп, алдыңғы қатарлы мемлекеттік қызметкерлер қатарынан көріндіңіз. Бұл – біліміңіз бен тәжірибеңіздің арқасында  келген жетістігіңіз. Әрқайсыңыз  таңдаған салада басшылық орындарға барып, өңірдің өзекті мәселелерін шешуге ықпал ете аласыздар. Бұл жауапты міндет, батыл шешімдерді талап етеді. Халыққа қызмет ету басты мақсат, сондықтан сіздерден үлкен үміт күтеміз,– деді Н.Жеңісбекұлы.

Кадр резервінде тұрған қызметкерлер өз таңдауы бойынша ұсынылған лауазымдарға конкурссыз немесе тестілеуден өтпей-ақ орналаса алады. Олар аудандық және облыстық деңгейдегі лауазымдарға тағайындалып, өзекті мәселелерді шешуге атсалысады.  

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаевтың айтуынша, кадр резерві мүшелері мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасып, қызмет барысында тиімді басқару жүйесін құруға мүмкіндік алады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT