Өңірдің энергия жүйесін жақсарту үшін ірі жобалар іске асырылуда

«Бұл туралы Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Ерлан Назаров селекторлық жиында мәлімдеді»,- деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Аймақ басшысының жетекшілігімен өткен отырыста жылу беру маусымының аяқталуы және алдағы маусымға дайындық барысы талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма, бірқатар мекеме басшылары, селекторлық режимде аудан әкімдері қатысты. Басқарма басшысы Е.Назаров өткен жылы сала бойынша атқарылған жұмыстарға тоқтала келіп, алдағы күннің жоспарларын баян етті.

««KEGOC» АҚ филиалы өңірімізде энергия жүйесін жақсарту үшін бірқатар жобаларды іске асыруда. Айталық, Қазақстанның Батыс энергия жүйесінің Батыс аймағының электр желісін күшейту жұмыстары. Жобаның аяқталу уақыты 2023 жыл. Оған қоса Атырау, Құлсары, Теңіз, Бейнеу қосалқы станцияларында 110 кВ және 220 кВ ашық тарату қондырғысын қайта жаңарту. Сондай-ақ, оң жағалау бойынша электр қондырғыларын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр»,- деді Е.Назаров.

Сонымен қатар, басқарма басшысы бүгінгі күні жылу беру маусымына дайындық ретінде 15,6 шақырым жылу, 696,7 шақырым электр, 1,4 шақырым су және кәріз желілеріне жөндеу жұмыстары басталғанын жеткізді. Жиын соңында өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

«Біздің басты міндетіміз – халықты тіршілігі үшін маңызды нысандарының үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз ету. Жалпы өңірімізде жылу беру маусымы ойдағыдай аяқталды. Дейтұрғанмен, кемшін тұстарымыз да болды. Қаңтар айындағы бір күндік жарықтың авариялық сөнуі кезінде қаншама мекемелер, ірі кәсіпорындар, әлеуметтік нысандар, облыс тұрғындары қиындыққа тап болды. Алдағы уақытта осындай жағдайларды болдырмау мақсатында бірлескен жұмыстарды қолға алуымыз қажет»,-деді облыс әкімі. Айта кетейік, қазіргі таңда облыс бойынша 1759 көп пәтерлі тұрғын үйлер бар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT