.
Қаламының ұшымен шындықтың шамын жағып, халықтың мұңын, жүрек жылуын, арман-үмітін ақ парақ бетіне түсірген жандар — журналистер. Олар қоғамның айнасы ғана емес, қара халықтыңжанашыры, билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір. Қоғамдық пікірді қозғаушы күш. Осындай қастерлі мамандық иелерінің төл мерекесі, яғни, Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні биыл Жылыой ауданында да кең көлемде аталып өтті.
Иә, журналист болу — үлкен жүректілікпен биік парасаттылықтың ісі. Қоғамдағы түйткілді мәселелерді шынайы жеткізіп, батылкөтеріп қана қоймай, оны шешуге атсалысу, елдің сенімін арқалау - осы маман иесініңмаңдайына жазылған жауапкершілігі мол міндет. Ауданымызда осы қасиетті міндеттіабыроймен атқарып келе жатқан жандар жетерлік.
Міне, осындай елі үшін еселі еңбек етіп, ақпарат таратуда алдарына жан салмаған БАҚ өкілдеріне арналған шара өткен аптаның жұмыасында «Шоқпартоғай» ауылдықмәдениет үйінде ауқымды түрде аталып өтті. Оған аудандық қоғамдық-саяси «Кең Жылой» мен республикалық «Құлсары» газеттерінің тілшілері, әкімдіктің баспасөз хатшылары, бөлім басшылары мен төтенше жағдай қызметкерлері қатысты. Одан бөлек облыстаншақырылған республикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Атырау», «Прикаспийская коммуна» газеттерінің және «Атырау» телеарнасының бір топ меншікті тілшілері де шараға арнайы қонақ ретінде шақырылып, тамашалады.
Мерекелік шара барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Гүлнафис Айшуақова арнайы құттықтау сөз сөйлеп, қалам ұстаған қарымды журналистер қауымын кәсіби төл мерекесімен шын жүректенқұттықтады. Қоғамның тынысын дөп басып, халықтың үніне құлақ түріп, әр мақаласында елдің сөзін сөйлейтін тілшілердің еңбегі зор екенін атап өтті. «Журналист болу – жай ғана ақпарат тарату емес, ол жүрекпен сезінетін, шынайы адалдықты қажет ететін мамандық. Елге адал қызмет ету – әр қалам иесінің басты борышы», - деді ол өз сөзінде. Сөз соңында, алдымен, республикалық, облыстық БАҚ өкілдері Жолдасбек Шөпеғұл, Азамат Базарбаев, Қайрат Сатаев, Асыланбек Шығырды аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, бағалы сыйлық тарту етті. Мадақталған әріптестер қатарында өзіміздің «Кең Жылой» газетінің тілшісі Азамат Молдашев, бет құрушысы Сәндігүл Көшекова, веб редакторы Жансая Әбдікәрімова, жарнама менеджері Айнагүл Ерғалиева және басқа да қызметкерлер бар.
«Әсем ән мен тәтті күй» төгілген салтанатты шарада ауданымыздың танымал өнерпаздары көрермендерге көңілді кеш сыйлап, тілшілік тіршіліктің қазанында қайнап жүрген қаламгерлердің мәртебесін бір көтеріп тастады.
Бұқаралық ақпарат құралдарының төл мерекесі облыс орталығында да ауқымды түрде аталып өтті. Облыс басшысы Серік Шәпкенов пен Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің қатысуымен Атырау қаласындағы «Infinity Event Hall» мейрамханасында бір топ журналистер қауымын салтанатты жағдайда марапаттау рәсімі өтті. Оған облыс журналистикасының ардагерлері мен әртүрлі деңгейдегі Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, оларға зор құрмет көрсетілді.
Салтанатты сәтте аймақ басшысы Серік Шәпкенов құттықтау сөз сөйлеп, еліміздің ақпарат қауіпсіздігі мен қоғамдық пікір қалыптастырудағы Атырау журналистерінің сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Бұл ретте осы саланың сара соқпағынан сүрінбей өтіп, кейінгі толқын іні буынға үлгі-өнеге көрсетіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаетвың қолынан ең жоғарғы марапатқа ие болған ардагер-журналист Төлеген Берішбайды «Құрмет» орденімен наградталуымен шын жүректен құттықтады.
Жүрекжарды жылы лебізін білдірген Серік Жамбылұлы аймақтың бір топ еңбегі сіңген журналистерін «Еңбек Ері» медалімен, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен,Мәдениет және ақпарат министрінің, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарымен марапаттады. Марапат алғандар арасында аудан айнасы - «Кең Жылой» газетінің журналистері де бар. Атап айтсақ, басылымның бас редакторы Ербол Қошақанов ақпарат саласын дамытуға қосқан үлесі мен қажырлы қызметі үшін министр А.Балаеваның Құрмет Грамотасын иеленсе, газетіміздің тілшісі Диана Ізбасарқызы Атырау облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Иә, қоғамдағы әр мәселеге құлақ түріп, әділет пен ақиқат жолында аянбай тер төгіп келе жатқан қаламгерлер әрдайым құрметке лайық. Солардың қатарында 90 жылдан астам тарихы бар байырғы төл басылымның журналистері де биіктерді бағындырып, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып келеді.Ендеше, «арқалағаны алтын, жегені жантақ» болған өңір журналистерінің жұмысы жемісті бола бергей! Д. ДЕРБІС