Осыдан бірнеше жыл бұрын ТШО-ның «Игілік» бағдарламасының қаражатына салынған Құрсай өзегінің жағалауы бүгінде қала көркін ажарландырып, тұрғындар игілігіне жарап-ақ тұр. Әсіресе, күн ұясына батып, кеш түсе бастағанда бұл маңай өзгеше бір реңкке бөленеді. Құлсары қаласының қақ ортасын кесіп өтіп, әсем иіріммен бойлай ағып жатқан өзек жағалауы бұл жерге кешкісін кеп серуендейтін тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған. Ал түнде бұл жердің келушілерге сыйлайтын аурасы тіптен ерекше.
Алайда өзек жағалауындағы адами фактордың әсерінен қираған орындықтар, сынып қалған көше шамдары жағаға келіп демалушылардың көңілін қынжылтпай қоймайды.
Жасыратыны жоқ заман қаншама қарыштап дамыса да, қаланың кейбір тұрғындарының ой-өрісі жайында тас-талқан боп қираған қоғамдық мүліктер мен сынған орындықтар «айтып» тұр. Әсіресе, мектеп оқушылары мен жастар арасында көше мәдиениеті түсінігі жете қалыптаса қоймаған. Адам отыратын орындықтар абайсызда сынып немесе тозығы жетіп, ескіріп істен шыққан болса онда мәселе басқаша болар еді. Ал «күші бойына сыймай, қуаты тасыған» өресіздердің іс-әрекетін қалай жақтап, ақтап алуға болады?!
Кешкі уақытта жағалауға жолың түсіп, жаяу жүріп, серуендемек ниетте бара қалсаң осындай белгісіз біреулердің кесірінен болған бейәдеп көріністерінің нәтижесі көңіліңді құлазытатыны жасырын емес. Ойнап жүрген балалар орындықтардың үстін аяқкиімдерімен таптап жүреді. Балаларына «қой» деп жатқан ата-ана көрінбейді. Керісінше, олардың бұл теріс қылығына масаттанғандай кейіп танытады. Қала берді, су жағасында отырып алып, сыра, ішімдік ішіп отыратын тұрғындар тағы бар. Оларға ескерту жасасаң, «өзім білемге» салынып, бірауыз сөзді көтере алмай шамданады. Мұндай жаға ұстатар көріністер тек Құрсайдың айналасында емес, орталық көшелерде де жиі кездеседі. Отыратын жерлерінің тақтайларын бөлшектеп, жұлып әкетіп, арқалығы ғана қалған орындықтардың қай жеріне жайғасып, емін-еркін отырарсың?!
- Біз бұл мәселені бақылауға алуды аудандық полиция бөлімінің құзіретіне тапсырған болатынбыз. Егер қандай да бір тәртіп бұзушылық орын алса тәртіп сақшылары бізге міндетті түрде хабарлайды. Алайда әзірге тіркелген дәлелді факті болмай тұр. Ал қираған орындықтар қалпына келтіріледі, - дейді Құлсары қаласының әкімі Ернар Ысмағұл.
Әрине, тиісті орган қызметкерлерінің әр бұзақының теріс ісін аңдып жүруі мүмкін емес. Оның үстіне жағалауға бейнабақылау камералары да орнатылмаған. Көзге түсіп қалғанның өзінде, дәлелдеу тағы қиынға соғады. Дегенмен, бүлінген мүліктерді қалпына келтіру, оны күтіп ұстау және «вандализм» әрекетіне жол бермеу, тек қала басшыларының ғана емес, барша тұрғынның міндеті. Көрікті жерлердің сиқын қашырып, сәнін кетірген тәртіп бұзушылармен күресті барлық тұрғын өз мойнына алу керек деп білеміз.
Тағы бір айта кетер жайт, қаз-қатар орнатылған қоқыс бөшкелерінің аузы-мұрнынан асып тұрған тұрмыстық қалдықтар. Қала әкімдігі мен тазалыққа жауапты мекемелер оларды дер кезінде алып тұрса игі болар еді. Иә, қала халқы демалу үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Әттең, соны түсінбейтін ой-өрісі тар жандардың арамызда жүргеніне еріксіз қынжыласыз.
Ш.ХАМИТОВА