Өңір және Жолдау жауапкершілігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында былтыр басталған, нәтижесі жақсы «Ауыл аманаты» жобасының аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажеттігін айтты. Бұл орайда ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Түркістан облысына жұмыс сапары барысында әкімдерді осы құралдарды белсенді пайдалануға шақырды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында берілген жеңілдетілген несиенің артықшылығын облыстың ауыл тұрғындары да көріп келеді.
Мысалы, Сауран ауданы, Оранғай ауылынан Бабыр Насыров 5 млн теңге көлемінде несие алып, дәнекерлеу және жиһаз цехын ашқан. Сатып алынған жабдықтың көмегімен ол құрылыс үшін металл конструкциялар, жиһаз жасайды.
«Қазір бізде тұрақты негізде 12 адам жұмыс істейді. Тапсырыстар көп болған кезде қосымша адамдарды тартамын. Өнімге деген сұраныс өте үлкен. Сондықтан жақын арада өз ісімді кеңейтуді жоспарлап отырмын», дейді кәсіпкер.
Ауылдың тағы бір тұрғыны – Бахадир Израилов жоба арқылы ауласында мал бордақылау алаңын ұйымдастырған. Жергілікті кооператив мүшелеріне мал азығы төмендетілген бағамен беріледі. Ауданда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысы жолға қойылған. Берілген егіс алқаптарында бидай, жоңышқа, жүгері өсіріледі. Жалпы, «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарына өз ісін түрлі бағытта ашуға мүмкіндік берді. Бірі жартылай фабрикаттар, енді бірі ұлттық киімдер мен ат әбзелдерін шығарады. Түйеқұс жұмыртқаларын сатумен айналысқандар да, қалдықтарды қайта өңдеушілер де бар.
Мысалы, Амантай Аңдасов пластикалық қалдықтардан түрлі тұрмыстық керек-жарақтар жасайды екен. Тағы бір тұрғын қағаз қоқыстан лотоктар өндіруді жолға қойса, енді бірі ағаш қалдықтарынан көмір өндіріп жүр. Осындай жобалармен танысқан вице-премьер жоғары баға беріп, бұл «Таза Қазақстан» бағдарламасының жақсы жалғасы болуы мүмкін екенін атап өтті. Сондай-ақ өңірге сапары аясында Тамара Дүйсенова ауылдық округ әкімдерімен кеңес өткізді. Онда ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру шаралары талқыланды. Президент Жолдауында атаулы қолдау көрсетуге назар аударды. Цифрлық карта деректері негізінде отбасылардың әл-ауқаты деңгейіне байланысты 5 санаты анықталды. Дағдарыстық және шұғыл санаттағы отбасылармен жұмыс істеу үшін мемлекеттік қолдаудың неғұрлым оңтайлы шаралары пайдаланылуға тиіс. Сондай-ақ кеңесте облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Бір ауыл – бір өнім» тәсілін енгізу жоспары туралы баяндады. Жергілікті шикізаттан жоғары құнды өнім өндіру мақсатындағы бастаманы вице-премьер оң бағалады. Ал вице-премьердің төрағалығымен өткен денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі кеңесте медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру мәселелері сөз болды. Тамара Дүйсенова жыл соңына дейін міндетті медициналық сақтандыру жүйесін цифрландыруды аяқтау, ал келесі жылдың соңына дейін бірыңғай ұлттық ақпараттық жүйені енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Вице-премьерге дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесі көрсетілді. Дәрі-дәрмектер қозғалысы елге әкелінген және өндірілген сәттен бастап пациент немесе сатып алушы дәріханалар арқылы алғанға дейін нақты уақыт режімінде бақыланады. Аталған тізбектегі қоймалардың бірі Түркістан қаласында орналасқан. Жүйе енгізілгелі бері мұнда 13 түрлі отандық дәрі-дәрмектің 1,5 мыңнан аса қаптамасы қабылданған. Осы жерден олар облыстың емдеу мекемелеріне жіберіледі. Қазығұрт аудандық орталық ауруханасында вице-премьер емдеу мекемесінің жұмысымен танысып, емделушілермен әңгімелесті. Аурухана базасында өткен жылдан бастап оңалту орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтың қызметтерін операциядан шыққан, инсульт алған және басқа да науқастар пайдаланады. Мұнда 400-ден аса адам тегін курстармен қамтылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып келе жатқан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 49 МСАК нысанының құрылысы қарастырылған. Олардың бірі Махамбет Өтемісов ауылында салынып, бүгінде тек айналасын абаттандыру жұмыстары қалған. Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары білім беру сапасын арттыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жүргізіп отырған кеңеске мектеп директорлары мен колледж басшылары қатысты. Өңірде Президенттің тапсырмаларын орындау шеңберінде мектептермен кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Халықаралық және ішкі зерттеулер нәтижелері бойынша білім беру нысандары 3 санатқа бөлінді. Әр санат үшін KPI анықталды. Түркістан облысында 280-нен астам мектеп «Мақсатты мектептер» ретінде белгіленді. Олар министрлік жанындағы институттардан әдістемелік көмек алады. Бұл мектептердің мұғалімдерін үш деңгейлі оқыту қарастырылған. Кеңесте Президент Жолдауында міндеттелген техникалық және кәсіби білім беру саласын трансформациялау бағытында қабылданатын шаралар туралы да айтылды. Мысалы, жан басына қаржыландыру нормативі қайта қаралып, базалық және ынталандырушы бөлікке бөлінеді. Халықаралық стандарттарды енгізген және түлектерін жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарына жұмысқа орналастырған колледждер жоғары қаржылай қолдау ала алады. «Баланы балабақшадан бастап, колледжге дейін жан-жақты дамыту керек. Бұл – біздің негізгі міндетіміз. Балабақшалар мен бастауыш сыныптардағы бағдарламаларды синхрондау, жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру, оқу барысында салалық стандарттарды енгізу және басқа да шаралар балалардың тұлғасын дамытуға бағытталған. Колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие болуы керек», деді кеңесте Т.Дүйсенова. Вице-премьер Түркістан қаласындағы «Жаңа қала» шағын ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде салынып жатқан жаңа оқу орнының құрылысымен танысты. Қалада тұрғын үй құрылысының белсенді жүруі мектептерге жүктемені арттыруда. Сол себепті де ұлттық жоба аясындағы мектептердің бірін осында салу туралы шешім қабылданған. Жаңа 2000 орындық мектепті қазан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Білім ұясы оқу кабинеттері, спорт залдары мен асхана, сондай-ақ қауіпсіздік жүйесімен, турникеттер мен бейнебақылау камераларымен қамтылған. Қазір өңірде бес мектеп үш ауысымда жұмыс істеп тұр. Бұл мәселе ұлттық жоба аясында жаңа мектептер салу арқылы шешілмек.
Сонымен қатар вице-премьер №28 мектепке барып, білім беру саласындағы цифрлық шешімдермен танысты. Мысалы, «Алақан» жүйесі оқушыларға биометриялық бақылау арқылы ғимаратқа кіруге, асхана мен кітапхананы пайдалануға мүмкіндік береді.
Өңірге сапары барысында Тамара Дүйсенова, сондай-ақ Отырар ауданы, Шәуілдір ауылындағы Ө.Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатының жұмысымен танысты. Мұнда «Жұмысшы мамандықтар» көрмесі ұйымдастырылып, 12 колледжде өндірілетін өнімдер көрсетілді. Түркістан облысы