Инновацияға иек артқан байырғы байланыс цехы

Бүгінгі күннің басты ерекшелігі – адамның күнделікті өмірі толықтай дерлік цифрлық жүйеге тәуелді бола бастағаны. Таң сәрісінен кеш батқанға дейінгі аралықтағы әрбір әрекетіміз – ұялы байланыс жүйесі арқылы қоңырау шалу, хабарлама алмасу, қашықтан жұмыс істеу – бәрі де телекоммуникация саласының қызметімен тығыз байланысты. Озық технология мен ғаламтор – қазіргі қоғамның тыныс-тіршілігінің тамырына қан жүгіртетін басты жүйеге айналды. Онсыз өмірімізді көзге елестету мүмкін болмай қалды.

Әрине, бұл салада да бәсекелестік орта қалыптасқалы қашан?! Сол көптің ортасынан суырылып шығып, нар көтермес нарықтың ауыртпалығын нық көтеріп, ілгері жылжу – уақыт талабы. Бұл ретте ауданның телекоммуникация торабының дамуы жолында жауапты да майталман мамандардың тынымсыз еңбегі жатқаны анық. Сондықтан Байланыс және ақпараттандыру қызметкерлері күні қарсаңында біз аудан тұрғындарын өңірде алғашқылардың бірі болып ғаламтор желісімен, тұрақты телефонмен және заманауи байланыс қызметтерімен қамтамасыз еткен «Қазақтелеком АҚ-ның аудандағы техникалық цехының қызметімен танысып қайтқан едік.

Аудандағы ғаламтор жүйесінің қолжетімділігі және сала мамандарының қызметі туралы осы мекемеде табан аудармастан 32 жылға тарта еңбек етіп келе жатқан Жылыой техникалық цехы басшысының міндетін атқарушы Бексайын Бегендіков әңгімелеп берді.

- Жалпы елімізге, соның ішінде ауданға ғаламтор желісі 2000 жылдары келе бастады. Жылыой техникалық цехы — аудан тұрғындарын заманауи байланыс жүйелерімен және ғаламтормен қамтамасыз ететін бірден-бір телекомуникациялық мекеме болды. Бүгінде сол үрдістен жаңылмай жұмыс жасап келеміз. Соның ішінде АТС (автоматтандырылған телефон станциялары), мыс және талшықты-оптикалық кабель желілерін салу, жаңғырту және техникалық бақылау жұмыстарын жүргізіп, байланыс жүйелерінде орын алған ақауларды жою, яғни ғаламтор тұтынушыларына техникалық қызмет көрсетуде. Сондай-ақ тұрғындарға байланыс желілерін орнату, құрылғыларды қосу және пайдалану бойынша көмек көрсетіп келеміз. Қазіргі таңда техникалық цехта 30-ға жуық қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде инженерлік-техникалық құрам, мекемелермен жұмыс жасайтын мамандар, кабель тарту және оны жөндеу қызметкерлері, стансаға жауапты қызметкерлер, байланыс жүйесін бақылаушы мамандар, диспетчерлік қызмет өкілдері бар.

Заман талабына сай телекоммуникация торабы да өз қызметін жаңаша атқаруда. Қазір барлық жерде мыс кабельдерді оптикалық желіге көшіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл «Қазақтелеком» АҚ-ның Атырау қатынау желісін пайдалану департаментінің директоры Т.Исмағамбетовтің бастамасымен қолға алынды. Айталық, Құлсары қаласындағы 2,3, 4-учаске, «Достық, «Кең Жылыой» ықшам аудандарындағы 600 абонентті мыс желіден оптикалыққа аударып қосып, RU-1. RU-2. RU-3 стансаларына ауыстырылды. Сондай-ақ биылғы жылдың маусым айында Жаңа Қаратон кентіндегі 408 шкафтық «Сарықамыс» ықшам ауданының 150 абонентін де оптикалық желіге көшіріп, іске қосатын боламыз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жүзеге асып, аудандағы байланыс қызметі жақсара түсетін болады. Бұл ретте әрдайым қолдау көрсетіп отыратын облыстық деңгейдегі басшылық - желіні дамыту цехының басшысы М.Азимовке, инженер Қ.Жахиевке, жергілікті цех инженері Ж.Қобылановқа, сондай-ақ цех мамандарына алғысым шексіз,-дейді Бексайын Қалиұлы.

Иә, цифрлық технология жылма-жыл ғарыштық жылдамдықпен қарыштап дамып келе жатқанда «Қазақтелекомның» аудандағы техникалық қызметі де заман үрдісінен қалмай қызмет көрсету аясын кеңейтіп келеді. Әсіресе былтыр Құлсары халқы тасқын судан зардап шеккенде де цех мамандары байланыс жүйелерін уақытылы қалпына келтіріп, тұтынушыларға кідіріссіз қызмет көрсетті. Өңір байланыс жүйесінің байырғы мамандары төл мерекесін де толайым табыстармен қарсы алғалы отыр.

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT