Еліміздің инфрақұрылымын дамыту ісі мемлекеттің экономикалық өсімін қамтамасыз етуде маңызды бағыттардың бірі. Қазіргі таңда тас жолдар, көпірлер, теміржолдар, әуежайлар, энергия жүйелері мен байланыс желілері, сондай-ақ мектептер, ауруханаларға назардың көптеп бұрылуы да осыған әкеліп соғады. Дегенмен кейінгі жылдардағы инфрақұрылымды дамытудың негізгі бағыттары қарқынды жүрсе де, оны жаңа деңгейге көтеру тым қажет. Бұл жөнінде үкіметтің кеңейтілген отырысында салмақты сөз сөйлеген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
- Энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмысын жаңа стандарттарға жедел түрде көшіру керек. Үкімет жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды жалғастыруға тиіс. Тарифтер нарық талаптарына сай болмаса, электр энергиясымен, жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мүмкін емес. ТМД елдерінің бәрінде дерлік электр энергиясының, газдың және мұнай өнімдерінің бағасы Қазақстанға қарағанда қымбат. Бұл экономика балансының бұзылып, шатқаяқтауына әкеп соғады. Ақиқаты осы, оның несін жасырамыз?-деді шындыққа тура қарап.
Бұл тұста еліміздің табиғи ресурстар мен су инфрақұрылымын, сондай-ақ жанар-жағармайын айта кеткеніміз жөн болар. Су ресурстарын үнемдеу, сумен қамтамасыз ету жүйесін жаңғырту және экологиялық таза өндірістерді дамыту жұмыстары еліміздғ үздіксіз жүріп отырса да, оның жаңа сатысына қадам басып, көршілес елдерге кететін ресурстарымызды есепке алу қажет сияқты. Себебі көршілес елдерге контрабандалық жолмен жанар-жағармай тасылатынын ел іші жақсы біледі. Бұл өз кезегінде қылмысқа апаруы да мүмкін.
Алтынгүл Атабаева,
аудан белсендісі