Өткен аптаның сәрсенбі күні «Жылыойгаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің апаттық диспетчерлік қызметіне әлдекім қоңырау шалып, қаладағы көпқабатты ықшамауданның бір тұрғыны пропан баллонымен және инфрақызыл оттықпен пәтерін жылытып отырғанын хабарлады.
Ақпаратты есіткен серіктестіктің газтехникалық инспекторы Есболат Қисметов аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы К.Кенжебеков пен жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны А.Дүйсеновтерді ертіп, шұғыл түрде бесінші қабатта орналасқан аталған үйдің есігін қақты. Тексеру ақпараттың растығын көрсетті. Пәтер иесі асүйдегі газ плитасына келіп тұрған көгілдір отын құбырының бойын тесіп, бұранда орнатып, оған шланга жалғаған. Оның бір басын инфрақызылды оттыққа орнатып, ортаңғы үлкен бөлмеге әкеліп қосып қойған екен. Сол арқылы баспанасының ішін толық жылытуға күш салып келіпті.
- Апаттық диспетчерлік қызметтен хабарлағанындай, үй иесінің бұдан басқа пропанды отын ретінде пайдаланып отырғаны анықталмады. Ал инфрақызыл отыннан бөлінген ыстық леп үйді жылытқанымен, бөлінген улы қалдықтар адам денсаулығына айтарлықтай зиян екендігі белгілі. Оның үстіне өрт қаупін туғызатыны сөзсіз. Сондықтан бес баланың анасы мен отағасына қауіпсіздік ережесі егжей-тегжейлі түсіндірілді. Газ плитасы жанынан шығарылған бұранда «калориферден» ажыратылып, пломба салынды. Арнайы акт жасақтау кезінде қосымша желдеткішті қағазбен бітеп тастағаны, газ плитасының әбден тозығы жеткені анықталды,-деді Е.Қисметов.
Ал иелері болса орталық жылыту қазандығынан берілетін жылудың жоқтығынан дәл осындай әрекетке барғандығын айтып ақталды. «Әрине, көршілер мен үйге келіп-кететін қонақтар мұның қауіпті екенін ескертті. Бірақ жылудың жоқтығынан пәтеріміздің іші өте салқын. Ызғар тартқан жерде бес баламен тұру мүмкін емес,» -деді келген мамандарға көпбалалы ана. Десе де баспананы жылытудың мұндай тәсілі аса қатерлі екенін ескерткен газ шаруашылығы мекемесінің өкілі жеке жылыту қазандығын орнатуға рұқсат берілмейтінін де ескертті. Көгілдір отын ретінде газ плитасын пайдалану да қауіпті.
Ендеше, үй иелеріне қымбат болса да электр энергиясын қолданудан басқа амал қалған жоқ. Ал көпқабатты ықшамаудандағы жылу жүйесінің қалыпты жұмыс жасауына «Жылыойсу» КМК жауапты екендігі белгілі. Сондықтан бұл мәселеге орай кәсіпорынның бас инженері Сәкен Оңдасыновқа хабарласқан едік:
- Жалпы Орталық жылыту қазандығы қалыпты жұмыс жасап тұр. Бірақ көпқабатты ықшамаудандағы өз беттерімен жеке жылыту қазандығын орнатып алған тұрғындар еңбегімізді еш кетіріп отыр. Олардың көпшілігі жоғарғы қабатқа көтерілетін жылу құбырын (стояк) өздеріне қажетсіз болғандықтан кесіп тастайды. Соның кесірінен жылу көршілеріне жетпейді. Жоғарыдағы пәтер иесі де - сондай жауапсыздықтың құрбаны. Бір сөзбен, тұрғындар бір-біріне кесірін тигізіп келеді. Қазір көпқабатты ықшамаудан 4 мыңның үстінде пәтер бар болса, оның 1200-дейі ғана Орталық жылыту қазандығының қызметін пайдаланады. Шахтинскідегі оқиғадан соң жеке қазандық орнатқан үй иелерін газ құбырынан ажырату жұмыстары басталғандай болып еді. Бірақ бұл мәселе әлі толық шешімін тапқан жоқ, - деп жауап берді ол.
Ербол Қошақанов