Имамдар ел тыныштығын тіледі

Өткен аптаның соңғы жұмыс күні жылыойлықтарды әбден есеңгіретіп тастады. Оған аудан орталығындағы жанармай құю бекетінде орын алған жойқын жарылыс себеп еді. Бір үйдің қос бәйтерегін жалмаған қаралы оқиға одан бөлек 16 азаматты түрлі деңгейдегі дене жарақатымен ауруханадан бір-ақ шығарды. Осыған орай өткен сенбі күні аудан аумағындағы мешіт имамдары ел амандығын тілеп, құрбандық шалды. Оқиғағ орай облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы да ауданға арнайы келіп, қаза тапқан жандардың отбасына барып көңіл айтты.

     Иә, жантүршігерлік оқиға өткен қасиетті Жұмада орын алды. Ал сенбі күні жергілікті имамдар «Мұндай қасірет енді қайталанбасын!» деген ниетпен құрбандық шалып, алдағы күніміздің тыныштығы үшін дұға жасады. Бұл жөнінде аудандық орталық мешіттің бас имамы Думан Балықшиев:

     -Алла Тағала елімізге, жерімізге, халқымызға амандық берсін. Кешегі қайғылы жағдай кезінде қаза тапқан марқұмдарды Алла алдынан жарылқасын. Иман байлығын берсін. Ауыр жарақат алып, ем алып жатқан жандарға Алла шипасын дарытсын. Аман-есен сауығып, отбасына қауышуға нәсіп етсін. Елдің, халықтың амандығы үшін шалған құрбандығымыз қабыл болсын! Біздерді неше түрлі бәледен, жәледен, от апатынан, су апатынан, жер апатынан аман қылсын. Бейбітшілік заман болсын. Біз әлсізбіз, біз мұқтажбыз. Сондықтан біздерді қорықпайтын жүректен, қабыл болмайтын дұғадан сақтасын,-дейді көңіл айта отырып.

      Атырау облысының бас имамы да қайғылы оқиғадан шет қалмады. Арнайы Жылыой ауданына ат басын бұрған ол, ең алдымен,өмірден өткен ерлі-зайыптылардың шаңырағына барып, көңіл айтып, дұға жасады.Және «Сабыр – иманның жартысы» дегенді алға тартып, қара жамылған жанұяға Алланың мейірімін, жұбатуын тіледі. Одан бөлек, ауруханада ем алып жатқан науқастардың жағдайымен танысып, олардың дертіне Жаратқаннан шипа сұрап, тез сауығып кетуін тіледі.

     –Болған қайғылы жағдайға байланысты бүкіл ел болып қайғырып көңіл айтамыз. Марқұм болған жандардың артындағы туыстарына сабыр берсін. Бір үйден екі адамның Аллаға қайтуы оңай емес. «Тас түскен жеріне ауыр» ғой. Десек те, хабарды естігеннен кейін қол қусырып қарап отыра алмадық. Елдің амандығы бәрінен қымбат. Бірлігі бекем, сенімі мығым ел ғана мұндай сынақты еңсере алады. Алла Тағала елімізді, жерімізді әртүрлі апаттардан сақтасын. Қайтыс болған марқұмдарға Алла рақым етсін. Жаназа артынан дұға тілемек – тірілердің парызы. Бұл оқиға, әрине, бәрімізге де көп ой салды. Қауіпсіздікке салғырт қарауға болмайтынын, әр сәттің бағасын білуіміз қажеттігін түсіндірді. Ауыр қаза – жүрекке жара. Бірақ, сол жараны жұбатар, ол біздің жылы сөзіміз, иманымыз бен өзара қамқорлығымыз. Бұл ретте Жылыой халқы біртұтас ел екендігін көрсетіп, қайғыны бөліссе жеңілдейтінін тағы бір дәлелдеді,-дейді Болатбек Әбуов.

    Әрине, о дүниелік болған жандарға жасалған әрбір дұға, құрбандық үстіндегі әрбір тілек келешектің тыныштығы үшін жасалған басты ниет. Ал мұндай ізгі ниеттер міндетті түрде қабыл болары анық. Адам өмірінен асқан құндылық жоқ. Жапа шеккен жандарға шипа, марқұм болғандарға мәңгілік тыныштық тілейміз!
 Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT