Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікке (МЖӘ) ерекше тоқталуы медициналық қауымдастықтың көкейінен шықты. Өйткені МЖӘ денсаулық сақтау жүйесін дамытуда шешуші рөл атқарады, бұл жеке сектордың ресурстары мен тәжірибесін мемлекеттік қолдау мен бақылаумен тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді, ел азаматтары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға ықпал етеді.
МЖӘ озық технологиялар мен заманауи емдеу әдістерін енгізу үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынады, бұл күрделі денсаулық сақтау салалары, әсіресе онкология үшін өте өзекті мәселе. Жеке секторды тарту – жаңа медициналық мекемелерді құру, жабдықтау үдерісін жеделдетуге, сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыруға көмектесіп, пациенттерді емдеу нәтижелеріне тікелей әсер етеді.
Бұған қоса, МЖӘ сапалы медициналық көмекке қол жеткізудегі теңсіздікті азайта отырып, өңірлерде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді және орталық емханаларға жүктемені азайтады.
Айта кетейік кейінгі 8 жылда МЖӘ аясында онкологиялық көмек көрсету саласында заманауи медициналық объектілерді, оның ішінде ПЭТ/КТ-орталықтарын, Алматы, Астана өңірлерде салу және жарақтандыру бойынша бірқатар жоба іске асырылды.
Атап айтқанда, 2019 жылы Orhun Medical медициналық компаниясымен мемлекет-жекеменшік әріптестік шеңберінде Қазақ онкология және радиология ҒЗИ-да ПЭТ/КТ-орталығы пайдалануға берілді. 2022 жылы Шымкент қалалық онкоорталығында МЖӘ жобасы аясында ПЭТ-аппараты, сондай-ақ пациенттерге жаңа буын сәулелік терапиясын жүргізуге заманауи сәулелік үдеткіш орнатылды.
Ал 2024 жылдың қыркүйегінде Орал қаласында Онкологиялық ауруларды инновациялық диагностикалау орталығы ашылды. Сондай-ақ МЖӘ аясында, өңірде заманауи КТ-симулятор мен сәулелік үдеткішпен жабдықталған Ядролық медицина орталығы ашылды. Жаңа орталықта медициналық көмек барлық пациенттерге Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына ғана емес, республиканың барлық тұрғындарына да тегін көрсетіледі.
Қыркүйек айының ортасында Алматыда Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты базасында Онкологиялық ауруларды инновациялық диагностикалаудың екінші орталығы жұмыс істей бастайды. Аталған орталықтар онкологиялық ауруларды ерте анықтауды айтарлықтай жақсартады, бұл пациенттердің өмір сүруін арттыру мүмкіндігін арттырады.
Бұған қоса, «Қазақмыс» корпорациясымен Талдықорған қаласында жаңа онкологиялық орталық салу туралы келісімге қол жеткізілді. Талдықорғанда қазіргі заманғы онкологиялық орталықтың құрылысы Жетісу халқына ғана емес, жақын маңдағы өңірлер – Алматы, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарына да өзекті. Жобаны іске асыру облыс әкімдігі Жетісу, «Kazakhmys Holding» ЖШС және Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі арасында қол қойылған үшжақты мәміле арқылы жүзеге асты.
Диляра ҚАЙДАРОВА,
«Қазақ онкология және радиология ҒЗИ» АҚ басқарма төрағасы,
ҰҒА академигі