Ихтиофаунаны қорғау маңызды

Қыс мезгілінде табиғатты қорғаушылар үшін көлдегі балықтарды аман-сақтап қалу – ең маңызды мәселе. Өйткені су айдындарында мұз қатып, бетін қалың қар жапқанда өзен-көлдердің суы анағұрлым тартылып, су асты тіршіліктерінің тыныстауы қиынға соғады. Ал бұл өз кезегінде балықтарға оттегі жетпей, қырылып қалуына әкеледі.

Осыған байланысты ихтиофаунаны аман сақтап қалу мақсатында таяуда Теңіз балық инспекциясының мамандары Жылыойға арнайы келіп, ауданға қарасты өзен-көлдерді ойып, ойықтар жасап, бұрғылау жұмыстарын жүргізді. Бұл арқылы су астында тынысы тарылып, оттегі жетпей жатқан балықтарға ауа емін-еркін баратын болады.

Жыл сайын дәстүрлі түрде жүзеге асатын профилактикалық іс-шара Теңіз балық инспекциясы мамандарымен қатар, жергілікті әкімдік қызметкерлерінің және тұрғындардың қатысуымен Қамыскөл, Соленый су айдындарында жүзеге асты. Одан бөлек, Қосшағыл ауылдық округіне қарасты Үлкен Ордабай, Кіші Ордабай және Айранкөл су айдындарында да мұз қабаты ойылып, Майна белгісі қондырылды, оттегі жеткілікті мөлшерде алмасу үшін ойыққа қамыс салу жұмыстары жүргізілді.

 - Жылыойда бізге қарасты 20-ға жуық су айдыны бар. Осы жергілікті өзен-көлдерде көбіне мөңке, шортан, уақ сазан, кішкентай жайын, көксерке, тағы да басқа балықтар кездеседі. Аталған балықтар – осы ауданның суларының қазынасы, жергілікті халықтың азығы, су асты өмірінің бір бөлшегі. Ал біз осы балықтарға оттегі жетіспеуінің алдын алып, мұзды ойып, қамыстың көмегімен ауа баратын әдісті жүзеге асырдық. Жергілікті азаматтар бар, әкімдік өкілдері бар 10-ның үстінде адам балықтарды құтқару үшін еңбектендік. Жалпы бұл су айдындарында мұз онша қалың бола бермейді. Одан бөлек көктем мезгілінде «Таза су айдыны» акциясын да жүзеге асырып, сенбіліктер ұйымдастырып, қоқыс қалдықтарынан тазалаймыз,- дейді Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Теңіз балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Орынбек Сүндетов.

Жоғарыда аталған жұмыстар су асты байлығын қорғау мақсатында жүзеге асып отыр. Балық шаруашылығы мамандары әуесқой және кәсіпқой балықшыларға су айдындарында балық аулау үшін ау құралдарын салуға (сетка) тыйым салады. Ал қармақ салып, балық аулауға рұқсат етіледі дейді. 

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT