Ауданымызда «Идеядан – іске» атты үкіметтік емес ұйымдардың форумы өтті. Бұл шара өңірдегі азаматтық қоғам өкілдерінің басын қосқан маңызды қоғамдық алаңға айналып, жергілікті бастамалардың нақты нәтижеге ұласқанын көрсетті. Форум Жылыой ауданы әкімдігімен бірлесіп Qabilet қоғамдық қоры ұйымдастыруымен және Теңізшевройл компаниясының қаржылай қолдауымен өткізілді.
Іс-шара 2025 жылы Күлсары мен Атырау қалаларында жүзеге асқан «Qabilet КЕҰ акселераторы» жобасының қорытынды кезеңі болды. Форум барысында аудан көлемінде жүзеге асырылған әлеуметтік жобалардың көрмесі ұйымдастырылып, акселератор қатысушыларының жетістік тарихтары таныстырылды. Белсенділерге сертификаттар табысталып, серіктес ұйымдарға алғыс хаттар берілді. Шараның арнайы қонағы – республикалық деңгейдегі спикер, қоғам қайраткері, «DalaMind» концепциясының авторы Бекнұр Кисиков қатысып, азаматтық бастамалардың маңызы туралы ой бөлісті.

«Qabilet КЕҰ акселераторы» жобасы өңірдегі азаматтық белсенділікті арттыруға және жергілікті еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдардың институционалдық әлеуетін күшейтуге бағытталды. Жоба аясында 110 өтінім қабылданып, 54 қатысушы арнайы оқыту бағдарламаларынан өтті. Нәтижесінде 31 әлеуметтік жоба әзірленді. 14 белсенді Астана мен Алматы қалаларына тағылымдамаға барып, 13 үкіметтік емес ұйымның жұмыс тәжірибесімен танысты. Акселератор кезеңінде 30 түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылып, 24 екі күндік оқыту сессиясы өткізілді. Қатысушылар стратегиялық жоспарлау, басқару жүйесін құру, әлеуметтік жобалар әзірлеу, команда қалыптастыру, фандрайзинг, мониторинг, SMM және PR бағыттарында білім алды. 60-тан астам кәсіби кеңес берілді. Бұл оқыту үдерісі белсенділердің идеяларын нақты жоспарға айналдыруына мүмкіндік берді.
Жоба нәтижесінде бірқатар қатысушылар жаңа ҮЕҰ тіркеп, гранттық жобалар дайындауға кірісті. Көптеген ұйымдар ішкі басқару жүйесін реттеп, даму стратегиясын бекітті. Осылайша, өңірдегі азаматтық қоғам құрылымдық тұрғыдан нығайып, сапалы даму кезеңіне қадам басты.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ




