Алғыс айту мерекесі - ең ізгі мерекелердің бірі боп саналады. Сондықтан бүгін мен де жер бетіндегі ең ізгі мамандық иелеріне алғыс айтқым келеді. Әлемді әбігерге салған коронавирус індеті кезінде адамзат дәрігерлердің адам баласы үшін қандай керекті мамандық екенін ұқты. Себебі, дүниежүзін жайлаған коронавирус індеті күн санап үдеп, уақыт санап оның жаңа түрлері пайда болуда.
Адамзатқа бұрын- соңды беймәлім болып келген індетке бастапқыда қарсы тұру оңай болмады. Тіпті, оның күні бүгінге дейін нақты бір емі де табылмай келе жатыр. Аурумен күресте тәжірибенің жоқтығынан тәж тажалы әлемдегі сан мыңдаған адамды опат қылды. Міне, осындайда бірнеше жылдан бері орын алған «қарусыз майданда» алдыңғы шепте арпалысып, адам жанының арашашысы болып жүрген медицина мамандарының еңбегі орасан зор екені ақиқат.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау саласына төнген бұл қауіп біздің жергілікті ауданымыздағы медицина саласын да айналып өте алмады. Жылыойлық дәрігерлердің мойнына үлкен жүк артылып, халықты індеттің құрсауынан қалайда алып шығу қажет болды. Ауданның инфекционист дәрігерлері жанын шүберекке түйіп, тіпті, үйлеріне де бармай, апталап, айлап науқастардың жанында болды. Олардың денсаулығын күтті. Ең өкініштісі, өзгенің жанын аман сақтап қаламын деп жүрген кейбір дәрігерлердің өзі кеселді індеттің тырнағына ілігіп әупіріммен аман қалғанын да білеміз.
Мәліметтерге сүйенсек, аудандағы инфекциялық стационарлардан 2020 жылы 314 адам емделіп шықты. Өткен 2021 жылдың есебі бойынша жазылып шыққандардың саны 930-ға жеткен. Ал биылғы жылғы көрсеткіш бойынша емделіп шыққан науқастардың саны 40-қа таяған. Әрине, індеттің ауыр түріне шалдығып, қайтыс болғандар да бар. Олардың басым бөлігі - егде жандар. Дегенмен, аудандағы осыншама тұрғынның емделіп, басы аман, бауыры бүтін ауруханадан үйге оралуы дәрігерлердің табанды еңбегінің арқасы деп нық сеніммен айта аламыз.
Өзгенің жанын сақтап қаламын деп қауіп пен қатердің бел ортасында жүрген ақ желеңді абзал жандардың еңбегі еленіп те келе жатыр. Оларға қосымша сыйақы тағайындалып, еңбектеріне қарай лайықты бағаланды. Тек дәрігерлер ғана емес, медбикелер, «Жедел жәрдем» қызметкерлері, санитариялық тазалыққа жауапты барша медицина саласы мамандарына сан мәрте алғыс айтқанымыз жөн.
Осындай қатаң режимде жұмыс істеп, беттеріне үздіксіз таққан бетпердеден таңба түскен жүздері, ауыр жұмыстан әбден қалжырап отырған орындарында ұйықтап қалған олардың аянышты халдері әлеуметтік желілерде таралып кетті. Пікір жазған халық олардың тынымсыз жұмыстарына оң баға берді. Біз де 1 наурыз - Алғыс айту күнінде ауданымыздағы Клара Ярқызы бастаған инфекционист дәрігерлерге алғыс айтамыз. Олардың сын сағатта Гиппократ антына адалдық танытқаны анық.
Ш.ХАМИТОВА