Дін – қоғамның рухани тірегі, адамзаттың асыл құндылықтарының бірі. Осы ұлы жолда аянбай еңбек етіп, жастардың рухани сенімі мен сауаттылығын арттырып жүрген діни орындар мен діни қызметкерлердің еңбегі ұшан-теңіз. Олар имандылық пен парасаттылықты насихаттаушы орын, рухани тәрбие беруші тұлғалар.
Осы орайда Жылыой мұсылмандары орталық мешітінде діни бағыттағы түрлі шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Дәлірек айтсақ, шілде айында нәзік жандар арасында пайғамбарға салауат айтуға арналған «Жүректен шыққан салауат» атты рухани марафон өтті. Бір аптаға созылған сайысқа өңірдің әр түкпірінен 80-ге жуық әйел қатысып, Алла елшісіне деген сүйіспеншілігін білдірген. Ал жарыс нәтижесінде, 527 553 мәрте салауат айтқан Гүлсім Жамбылқызы 1-орынды иеленсе, 2-орын Жанар Серікқалиқызына, ал 3-орын Әйгерім Нұрғабылқызына бұйырды. Жеңімпаздарды марапаттаған орталық мешіттің бас имамы Думан Балықшиев қатысушыларға өз ризашылығын білдіріп, жалпы саны 5 865 878 мәрте салауат айтылғанын атап өтіп, бұл бастаманың Алла елшісіне деген құрметтің жарқын көрінісі екенін жеткізді.
Ауданда өткізілген бұл марафон жастардың рухани дамуға және дәстүрлі діни білім алуға бейім екендігінің айқын көрінісіндей болды.
Сонымен қатар осы айда аудандық мешіт жамағаты 14 мұқтаж отбасыға азық-түлік себеттерін үлестіріп, әлеуметтік көмек көрсетті. Қайырымдылық шарасы мұқтаж, көп балалы және мүмкіндігі шектеулі жандарды қамтыған. Мешіттің бас имамы Думан Мұратұлы шара барысында: «Қайырымдылық – мұсылманның асыл қасиеті. Жаратқан иеміз Құран Кәрімде: «Жақсылық жасаңдар, расында Алла жақсылық жасаушыларды жақсы көреді» деп бұйырған. Осындай сәттер жүректерге жылу ұялатып, имандылықты нығайтады. Алла баршаңыздың шаңырағыңызға береке берсін!» – деп жиналған жұртшылық алдында ізгі тілегін білдірді.
Иә, өткізілген қайырымдылық шарасы – игі істің нық көрінісі. Алдағы уақытта да осындай сауапты да жауапты жұмыстар өз жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі мұқтаж жандарға қолұшын созу – қоғамдағы бірлік пен жанашырлықты нығайтатын асыл қасиет. Осы қайырымдылық шарасы арқылы Жылыой жұртшылығы жақсылық жасаудың жарқын үлгісін көрсетті.
Айта кету керек, елімізде «Имани жаз – 2025» жазғы сауат ашу курсы басталып, Қазақстанның әр өңірінде өз жалғасын тауып, оң нәтижелерге қол жеткізді. Осы бастамадан аудан да шет қалмай, ауданның орталық мешітінде аталған курс белсенді түрде ұйымдастырылып, сәтті жүзеге асқан болатын. Курстың басты мақсаты - жасөспірімдерді отансүйгіштікке, ата-ананы құрметтеуге баулып, бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіру. Бүгінде бұл оқыту курсы сәтті аяқталып, білім алған жасөспірімдерге арнайы сертификаттар табысталды. Жылыойлық жеткіншектердің жаз мезгілін бос өткізбей, рухани біліммен сусындауы қуантарлық жайт. Адам баласы үшін екі дүниеде де азық болатыны - білім. Ал осы жолда жасөспірімдер өз бақтарын сынап, жаздың құбылмалы ауа райына, шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан мешітке келіп, білім алуға құлшыныс танытты. Рухани дамуға, дін жолында сауатты болуға негізделген бұл шара еліміздегі жастардың діни сауатын арттырып, рухани ахуалына серпін бергені анық. Шынында да, иманды адам қай кезде де қоғамға өз пайдасын тигізетін тұлға.
Жақсылық пен игілікке негізделген осындай ұлы істер – Жылыой аудандық орталық мешітінде атқарылып жатқан рухани жұмыстардың көркем көрінісі. Жазушы Нұрхалық Абдырақынның: «Адамның тілі өзгерсе - басқа тілде шүлдірлейді, ділі өшсе ұлтын жоғалтады, діні өлсе – адамдықтан бір-ақ кетеді» деген терең мағыналы сөзі діннің қоғамдағы орны мен маңызын айқын көрсетеді. Шынында да қазіргі қоғам үшін діни үгіт-насихаттың, білімнің сауатты түрде таралуы – аса өзекті мәселе. Әсіресе жас ұрпақтың жүрегіне имандылық пен адамгершілік құндылықтарын дұрыс бағытта сіңіру келешек ұлттың болмысын сақтауда шешуші рөл атқарады. Осы тұрғыда ауданымызда өткізіліп жатқан діни іс- шаралар ұрпақ тәрбиесіне, рухани жаңғыруға бағытталған игі қадамдар екені сөзсіз.
Қорыта айтқанда, Жылыой мұсылмандары орталық мешітінде жүзеге асып жатқан игілікті істер имандылықты насихаттап қана қоймай, қоғамда мейірім мен адамгершіліктің артуына өзіндік үлес қосып отыр. Мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жастардың жүрегіне ізгілік пен парасаттылық дәнін еге берері сөзсіз!
Ә.Беріш