Аталған іс-шаралар үкіметтік емес ұйымдардың қолдау көрсетуі арқылы жүзеге асырылған.
-Халық арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау мақсатында өткізіліп жатқан үгіт-насихат және түсіндірме жұмыстарына қарамастан, адамдардың тұрғын үй секторында улы және табиғи газбен улану деректерінің орын алуы жалғасуда. Жылу беру маусымы басталғалы аудан көлемінде табиғи газға уланудың 6 жағдайы тіркеліп, 37 адам, соның ішінде 16 баланың аудандық орталық аурухананың дәрігерлік көмегіне жүгінуі – дәл соның айғағы.
Сондықтан тұрғындарға қауіпсіздік ережесін сақтату үшін олардың назарын жылыту жүйелерін пайдаланудың қауіпсіздігіне аудару қажет болып тұр. Осыған байланысты аудандық төтенше жағдайлар гарнизоны қызметкерлері аудан халқының қорғалмаған тобына жататын көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі тұлғалар, зейнеткерлердіің үйіне көмірқышқыл газын анықтайтын арнайы қондырғы құрал орнатылды, - дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Қобылан Кенжебеков.
Әрине, қондырғы қондырған соң тұрғындарға аталған құралдың жұмыс жасау тәртібі мен дыбыстық дабыл қағу кезіндегі үй иесінің әрекеттері түсіндірілді.
Қазіргі таңда ол 20 үйге орнатылды. Ол үйдегі жылыту қазанынан немесе оның құбырларынан кеткен көмірқышқыл газы бөлме ішін алып кеткен жағдайда, яғни көгілдір отынның ауа массасындағы концентрациясы рұқсат етілген шектен асып кетсе, қондырғы жарық және дыбыстық белгі беріп, ескертеді.
Қ.Кенжебековтің айтуынша, аталған іс-шаралар үкіметтік емес ұйымдардың қолдау көрсетуі арқылы жүзеге асырылған.
Е.Қошақанов