«Жылыойгаз» ЖШС табиғи газды тұрмыста сақтықпен пайдалану, салғырттыққа жол бермеу жөніндегі насихат жұмыстарын әркез тоқтатқан емес.
Жыл сайын жылу беру маусымы қарсаңында Құлсары қаласы мен аудандағы барлық елді мекендерде округ әкімдерінің ұйымдастыруымен арнайы нұсқаулықтар өткізіліп, қауіпсіздік бетшелері таратылып келеді. Одан өзге баспасөз бетінде де хабарлама мен мақалалар жарияланып отыр. Бірақ, соған қарамастан, тұтынушылардың қауіпсіздікті сақтау шараларына деген белсенділігі өте төмен. Тіпті кейбір тұрғындар газ жабдығынан табылған ақау мен кемшіліктерге орай берілетін ескертуді елемейді. Техникалық қызмет көрсету үшін барған қызметкерлерді үйіне кіргізбей, техникалық қамту жұмыстарын жасауына кедергі келтіреді. Тек газ беруді тоқтатқан күні ғана қозғалып жатады.
«Газ және газбен жабдықтау» туралы Қазақстан Республикасы заңының 19-бабында: «Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасаспай, оларды пайдалануға тыйым салынады» делінген. Өкінішке орай, аталған заңның күшіне енгеніне 7 жылдан астам уақыт өтсе де, әр тұрғынды техникалық қамту шартын жасасуға толық міндеттей алмай отырмыз. Заңға салсақ, газ жеткізуші мекеме техникалық шарт жасамаған тұтынушыға газ бермеуге толық құқылы. Алайда адамгершілік тұрғысынан алғанда, дәл осы себеппен қыстың көзі қырауда тұтынушылар үйін жаппай газдан айырып тастау дұрыс шешім болмас еді. Пәтер иесінің жылу қазандығын дер кезінде тазалатпай, жылу қазандығын талапқа сай қондырмағандығы себепті кейбір оқыс оқиғалар орын алуда.
Айталық, биылғы қыркүйектің 27-сі күні Тұрғызба ауылында жылу қазандығын жағар кезде үй ішінде кіші дүмпу (хлопок) орын алған. Ал 7 қарашада Құлсары қаласының «Автожолшылар» ықшамауданында мұржаның бітелуі мен жылу қазандығы мұржасының талапқа сай орналаспауынан от тартпай, жанған газдан бөлінетін улы қалдықтар (угар) үй ішінде тарады. Соның салдарынан зардап шеккен 4 бүлдіршінге алғашқы жедел жәрдем көмегі көрсетіліп, ауруханаға жеткізілді. Жылу беру маусымы басталар-басталмастан орын алған осы келеңсіз жайт көпшілікке ащы сабақ болса керек. Осының өзі тұтынушының қауіпсіздікке деген жауапкершілігін оятса, қанеки?!
Өйткені сақтақ шарасын қолға алуды қанша түсіндіріп бақсақ та, газ жабдықтарына техникалық қамту жұмыстарын жасатуға қарсылық танытатын тұрғындар қатары азаяр емес. Немқұрайлылықтың салдары жоғарыда айтып өткен өкінішті жағдайға себеп болары анық. Газбен қамту қызметіндегі шешімін таппай, шарасын алуды қажет ететін тағы бір мәселе - кейбір тұтынушылардың үйін пломбамен, дәнекермен ажыратылған газ желісіне рұқсатсыз, өз бетімен қосып алуы ұшырасып тұрады. Бұл жерде газды есепсіз алу, ұрлау, қауіпсіздікті сақтамау, құбырды тесу, жасырын жалғап алу, дәнекерлеу, жалпы алғанда, мекеменің газ желісіне рұқсатсыз араласу секілді заңсыз іс-әрекетінің бәрі де бар. Бұл - ашық аспан, тыныш заманда өзі мен өзінің отбасының өмірін қатерге тігу деген сөз.
Газды құйтырқы жолмен неше түрлі жасырын әрекетке барып, тығып, ұрлап пайдаланып отырған тұтынушылардың әлі күнге кездесетіні өкінішті-ақ! Сөзіміздің дәлелі ретінде серіктестік өкілдері ағымдағы жылдың қараша айының өзінде газды есепсіз пайдаланған, яғни ұрлық дерегі бойынша 3 үйді, жеткізуші мекеменің рұқсатынсыз газ желісіне қосылған 6 үйді, қолданыстағы есепке алу аспабы арқылы келіп тұрған газ қондырғыларын серіктестікке ескертпестен ауыстырған немесе қосымша өз бетімен газ қондырғысын орнатып алған 9 үйді, қауіпсіздік талаптарын бұза отырып, газ құбырына талапқа сай келмейтін желі арқылы қосылған 2 үйді анықтады. Бұл деректер – тек 2019 жылдың қараша айында ғана орын алған жайттар.
Заңға сүйенсек, әрбір құқық бұзушылықтың көтерер өз жауапкершілігі бар. Сондықтан біз тұтынушымыздан бір-бірімізді құрметтеп, коммуналдық қызметке қатысты мәселені байыппен шешуді, тұтынылған көгілдір отынның, орындалған қызметтің ақысын уақтылы төлеуді сұраймыз. Заң бәріне ортақ және кесімді. Дегенмен қызметіміз халықпен бірге жұмыс жасау болғандықтан, біз тұтынушы мен жеткізуші арасындағы қатынастың адал және сеніммен қалыптасқанын қалаймыз.
Ғалым Жақашев,
«Жылыойгаз» ЖШС бас директоры