Газ бағасына қатысты базына

АҚПАННЫҢ 1-ІНЕН БАСТАП «ҚАЗТРАНСГАЗАЙМАҚ» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫ ТАРИФІН ТӨМЕНДЕТІП, АТЫРАУДА КӨГІЛДІР ОТЫН БАҒАСЫ ТҮСКЕЛІ, ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ «ЖЫЛЫОЙДА ДА ГАЗ АРЗАНДАДЫ» ДЕГЕН АҚПАРАТ ТАРАДЫ. БІЗ ОСЫҒАН ОРАЙ МӘСЕЛЕНІҢ АНЫҚ-ҚАНЫҒЫН БІЛУ ҮШІН «ЖЫЛЫОЙГАЗ» ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ШЕКТЕУЛІ СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ ҒАЛЫМ ЖАҚАШЕВҚА ЖОЛЫҒЫП, БІРНЕШЕ САУАЛДАР ҚОЙҒАН ЕДІК.

-Ғалым Мусиұлы, шынымен біздің ауданда да көгілдір отын құны төмендеді ме?

-Әзірге Жылыойда газ бағасы төмендеген жоқ. Біріншіден, Теңіз кенішінен өндірілетін газдың да, оны тасымалдап, жылыойлықтарға жеткізіп отырған «Жылыойгаздың» «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамына ешқандай қатысы жоқ. Екіншіден, бізде газ бағасы онсыз да арзан. Өйткені, міне, үш жылға тарта уақыт өтті көгілдір отын тарифін әлі көтерген жоқпыз. Алғашқы әзірде Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауына байланысты, одан кейінгі жылдары пандемияға орай қымбаттатуға жол бермедік.
Бұған дейінгі сұхбатымызда да, жыл сайынғы қоғамдық тыңдауларда айтып жүрмін, тағы да қайталаймын: біз газды «Теңізшевройл» компаниясынан сатып аламыз және аталған мекеме елдегі инфляцияның деңгейіне қарай әр жылдың 1 шілдесінде өз тарифін көтеріп тұрады. Өсім өткен 2021 жылдың жазында да қосылды. Оқырмандарға түсінікті болу үшін айтайын: ТШО-ның 1 текше метрге шаққандағы сату бағасы – 5,67 теңге. Мұны компания басшылығы жоғарғы жақтағы министрлікпен келісіп бекітеді. Ал біздің тариф облыстық табиғи монополияларды реттеу агенттігінің қадағалауында. Біз өз кезегімізде сатып алған газды Құлсары қаласына тасымалдап, тұтынушыға сатамыз. Тасымалдау тарифіміз – 1 текше метр үшін 2,10 теңге, сонда көгілдір отын құны ауданға жеткенше қосымша құн салығынсыз 7,77 теңге, қосымша құн салығын қосқанда 8,70 теңгені құрайды. Өкілетті органның талабы бойынша 3 жыл бойына газ бағасы өсірілмеді, қазіргі таңда ауданда газ қосымша құн салығын қосқанда 7,68 теңгеге сатылып отыр, яғни біз әр 1 текше метр газдан 1,02 тг ұтылып отырмыз.
Бір сөзбен айтқанда, біз табиғи газды «Теңізшевройлдан» қымбатқа сатып алып, халыққа арзанға беріп отырмыз. Себебі: жоғарыда айтып өткеніміздей, ТШО теңгенің құнсыздану деңгейіне байланысты газ бағасын жыл сайын қымбаттатумен келеді, ал біз 2019 жылғы тарифты өзгерткен жоқпыз. Газды арзандату мәселесін «Теңізшевройл» ЖШС-не қарата айту керек.

- «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы мен «Жылыойгаз» ЖШС-ның тарифі арасында айырмашылық бар ма?

-Мен, әрине, ол компаниядағы әріптестерімнің баға саясатына араласа алмаймын. Дегенмен, өзімнің есептеуім бойынша, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның 1 ақпаннан бастап арзансытқан бағасы біздің қазіргі тарифымызбен деңгейлес.

-Қазір жасыратыны жоқ, халық арасында «өз жерімізден шығып жатқан газды Жылыой халқына тегін беру керек» деген әңгіме жиі айтылады. Бұған не дейсіз?

- Сөз басында айтып өттім ғой, «Теңізшевройл» ЖШС-ның газды сату бағасының тарифі жоғарғы жақтан бекітіледі. Сондықтан ол республикалық деңгейде шешімін табуы керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл – саяси мәселе! Оған біздің ықпалымыз жүрмейді. Бірақ соған қарамастан, көп жағдайда тұрғындар бізді кінәлап жатады. Әрине, мұның барлығы мәселенің ақ-қарасын айыра алмай, бір жақты айтылып жататын әңгіме. Егер жылыойлықтардың осы төңіректе туындап жатқан мәселелері болса, онда біздің серіктестіктің сайтына немесе инстаграмдағы zhylyoigas_kz парақшамызға кіріп, сауал жолдауына әбден болады.

-Дегенмен, өз тарапыңыздан газ бағасын түсіру мақсатында әрекет етіп көрдіңіздер ме? Өйткені түптеп келгенде сөз «Жылыойгазға» тиеді емес пе?

-ТШО-ның баға саясатына байланысты ауданда көгілдір отын құны биылғы шілдеде тағы да көтеріледі деп болжам жасап отырмыз. Осы жағдайдың алдын алу мақсатында өз басым аудан әкімінің қабылдауында болып, 13 қаңтарда №01-22/21-ші қатынас-хат табыс еттім. Ондағы мақсат: «Теңізшевройл» тарапынан тағы да баға өсетін болған соң, одан туындайтын мәселенің алдын алу. Әкімдік бізге берген жауабына осы мәселеге қатысты компания басшылығының жолдаған хатын қоса тіркеп жіберіпті. ТШО-ның маркетинг және тасымалдау бөлімінің бас менеджері Лори Сасконың аудан әкіміне жазған жауабында арадағы келісім бойынша қазіргі баға 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін ғана өзгеріссіз қалатынын, ол еліміздің Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті жариялаған Атырау облысындағы өткен жылғы ТБИ-ға сәйкес түзетілетінін хабарлаған.

- Соңғы сұрақ, қазір тағы да Теңіз газының сапасы жайлы мәселе көтеріліп жүр. Жұрт «үйіміз салқын, «Жылыойгаз» көгілдір отынмен бірге құбырға ауа айдап жатыр» деген алып-қашпа әңгіме айтуда. Оған не дейсіз?

- Біріншіден, біздің қолымызда 2022 жылдың 25 қаңтарында берілген Теңіз газының «ГОСТ 5542-2014» санды стандартқа сәйкес келетін 1691318 нөмерлі төлқұжатымыз бар. Біз соған сүйенеміз. Екіншіден, құбырға ауа айдасақ, онда ол газбен қосылып, реакция бергенде жарылыс болуы ықтимал. Сондықтан, бұл қате пікір. «Халық қаласа, хан түйесін сойғызар» дегендей, егер жылыойлықтар талап етсе, комиссия шығартып, тексертуге қашанда дайынбыз. Мұндай жұмысшы тобы аудандық мәслихаттың бұрынғы хатшысы Мұхтар Кенғановтың кезінде құрылған болатын. Құрамында халық қалаулылары, қоғамдық ұйым жетекшілері бар комиссия сонда Теңіз кеніші газының сапасына сын айтпаған еді.

-Әңгімеңізге рахмет!

Ербол ҚОШАҚАНОВ

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521