Газ бағасы өсе ме?

«Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларының» 3-тарауына сәйкес «Жылыойгаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне газды бөлшек саудада өткізудің шекті бағасын биылғы жылдың 1 қарашасынан бастап көтеру туралы хабарлама түскен еді. Осыған орай, өткен аптада серіктестік басшылығы өз тұтынушылары алдында жария тыңдау өткізді.

Ондағы мақсат: аталған ереженің 16-тармағына сәйкес осы мәселені жан-жақты қарау және тұтынушылар мен газды пайдаланушы субъектілер мүддесінің теңгерімін сақтау, тауарлар бағасын қалыптастырудың ашықтығы мен анықтығын қамтамасыз ету еді. Оған құзырлы орган басшылары, аудандық мәслихат депутаттары және «Жылыойгаз» ЖШС-нің тұтынушылары қатысып, өз ой-пікірін білдірді.

Қоғамдық тыңдау департаменттің ресми парақшасы Facebook әлеуметтік желісі арқылы онлайн режимде өтті. Оны Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің бағаларды және табиғи монополияларды реттеу бөлімінің басшысы Жанар Сағындыққызы жүргізді. Маңызды мәселе бойынша сөз кезегін алған «Жылыойгаз» ЖШС директоры Берік Иманқұлов тікелей эфирге қатысушыларға өнеркәсіптік тұтынушылар үшін газ бағасының динамикасымен таныстырып, оны өз баяндамасында егжей-тегжейлі түсіндірді.

-Аталған қоғамдық жария тыңдауда баға мөлшерін келісу туралы шешім қабылданбайды. Бұл жерде қатысушылардың білдірген пікірі мен ұсынысы нақты шешім қабылдау кезінде департамент назарына алынады. Тариф жобасы өндірістік тұтынушылар үшін өсіп отырғанын еске саламыз. Қосымша сауалдар болса Facebook әлеуметтік желісі арқылы байланысқа шығуға болады.

Департамент міндетті түрде жауабын береді ,-деді Жанар Дәрібаева. Әрине, өткізілген жария тыңдауда қозғалған мәселе мен оның қорытындысы департаменттің шешімімен алдағы уақытта анықталады. Халыққа бір табан жақын болуға жол бастайтын қоғамдық тыңдаудан кейінгі қабылданған шешімнің нәтижесі аудан тұрғындарының көңілінен шыға ма, жоқ па, ол жағы алдағы уақыттың еншісінде.

Д.ЕЛЕУСІН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT