Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында №5 Абай атындағы орта білім беретін мектепте осы оқу ордасының түлегі, белгілі әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты Қабиболла Сыдиықұлына арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті. Аталмыш тақтайша мектеп ғимаратының қасбетіне орнатылды. Салтанатты шараға сонау ару Алматыдан ат арытып, Қабиболла Сыдиықұлының жұбайы Гүлшат Омарқызы және ұрпақтары арнайылап келді.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арай Нұрмаханова, ғалымның туыстары мен замандастары, қаламгерлер, қоғам қайраткерлері, ұстаздар мен шәкірттер қатысты. Шараны ашып, жүргізген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров құттықтау сөз кезегін Гүлнафис Аязберікқызына берді. Ол бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталып, өскелең ұрпақтың рухани тұрғыдан кемелденуіне қосар үлесінің зор екендігін атап өтті. Ақын-жыраулар мұрасын, халық әндерін, ауыз әдебиеті нұсқаларын, шежірелер мен тарихи деректерді жинап, 300-ден аса еңбек жазған ғұлама ғалымға арналған шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таба беретініне сенім білдірді. Соның бір парасы ретінде аудандық орталық кітапханаға Қабиболла Сыдиықов есімі берілетіндігін жеткізіп, көпшілікті бір қуантып тастады.
- Бүгін аймақтың әдеби-мәдени өмірінде елеулі оқиға. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берген ұлағатты ұстаз, ақын, ғұлама ғалым Қабиболла Сыдиықовқа өзі түлеп ұшқан алтын ұя – мектебінде ескерткіш тақта орнатылған тарихи сәттің куәгері болып тұрмыз. Осыған орай Қабекеңнің Құдай қосқан жары – Гүлшат апай мен қыздары Інжу мен Маржан да келді. Барша Сыдиықовтар әулеті атынан осы шараға қолдау көрсеткен барша ауданның атқарушы органына алғысымды білдіремін,-деді мемориалдық тақтаның ашылуына ұйтқы болған Қабекеңнің жиені, республикалық «Құлсары» газетінің бас редакторы Әбдіхалық Сисенбердиев.
Гүлшат Омарқызы да Қабекеңнің аруағын қастерлеп, жыл бойына осындай игі шаралар ұйымдастырған барша жылыойлық азаматтарға шын жүректен алғыс сезімін білдірді. Сөз арасында ғалымның өзі оқыған мектебіне бас-паханадан соңғы шыққан 10 томдық шығармалар жинағын тарту ететінін хабарлады. Ескерткіш тақтаны ашу құрметі Гүлшат апай мен жиені Әбдіхалық Жәңкейұлына ұсынылды.
Келесі кезекте шараға жиналғандар №5 Абай атындағы орта білім беретін мектеп ғимаратының кіреберіс фойесіне қойылған кітап көрмесін тамашалады. Онда Қабиболла Сыдиықұлының жазған туындылары қойылған-ды. Бұдан соң ғалымның өзі білім алған мектептің ұстазы Баршагүл Биманова Қабиболла Сыдиықұлының алтын ұясына арнаған жүрекжарды жырларын оқып берді. Ал Қабиболланың шәкірті, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі Қаржаубай Сұлтанғалиұлы ұстазы туралы естен кетпес естеліктерімен бөлісті, үлкен тебіреніс үстінде ұстаздық еңбек жолы мен шығармашылығы хақында әңгіме өрбітті. Ақын Тәжібек Жанаев әдебиетші-ғалымға арнаған өлең шумақтарын төгілтті. Ескерткіш тақтаның орнатылуы ерекше оқиға екенін айтқан қаламгер інілері игі іске атсалысқан аудан азаматтарына ризашылық сезімін білдірді. Шара соңында Қабиболла Сыдиықұлының жолдасы Гүлшат Омарқызы ер-азаматын ұлығылаған туған елі мен халқына алғысын жаудырып, жанарына еріксіз жас алды.
– Қабекеңді Жылыой ерекше ұлығылайды. «Ақкиізтоғай – ақындар ауылы» деген бар ғой. Ақкиізтоғайдан шыққан перзенттердің көбі шетінен ақын. Солардың бірі - Қабекең мен Меңдекеш Сатыбалдиев. Меңдекеш бұл кісінің тура туған інісіндей болған кісі. Және осы шараға қатысқан қаламгер інілері де Қабекеңнің атын мейлінше насихаттауға үнемі атсалысып келеді. Сіздерге тағы алғысымыды білдіремін,-деді.
Бұдан соң білім бұлағымен сусындап, бойына ақындық қасиетті, ұлтына деген сүйіспеншілікті жинаған Қабиболла Сыдиықұлының бірнеше кітаптарын №5 Абай атындағы орта білім беретін мектеп пен кітапхана ұжымына табыс етті. Иә, ұлтының рухани дүниесіне бүкіл саналы ғұмырын сарп етіп, бір өзі бір институттың жұмысын атқарып кеткен Қабиболла қазақ халқының рухани дүниесіне өлшеусіз үлес қосты. Қазақ халқының фольклорын, жыршы-жырауларын, оның ішінде өткен ғасырдағы жыр тарихын, өнер мұрасын тірілтуде ол кісідей еңбек сіңірген адам жоқ екенін айтты шараға жиналғандар. Расында да, сол мақсатта бүкіл өмірін қазақ халқының мол мұрасын зерттеу-ге сарп еткен Қабиболла Сыдиықовты ғалымдардың ғалымы деуге әбден болады.
Е.ҚОШАҚАНОВ,
П.ҚИЗАТОВА