Өткен апта аудан журналистикасы үшін айтулы оқиғамен есте қалды. 2004 жылдан бері жарық көріп келе жатқан республикалық «Құлсары» газеті өзінің 20 жылдығын атап өтті. Көктемгі су тасқынына байланысты кейінге қалдырылған салтанатты шара өткен аптаның жұма күніне сәйкес келді. Қаладағы «Нұрасыл» мейрамханасында ұйымдастырылған басылымның мерейтойына аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрболат Сарманов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арай Нұрмаханова, аудандық мәслихат, қоғамдық кеңес, саяси партиялар жетекшілері, ауыл әкімдері, газеттің аймақтардағы және штаттан тыс тілшілері мен авторлары, аудан қаламгерлері, мекеме-кәсіпорын өкілдері қатысты.
Мерекелік салтанатты басылымның бас редакторы Әбдіхалық Сисенбердиевтің өзі жүргізді. Оның айтқанындай, расында да, газет алғашқы әзірде үлкен қиындықпен шықты. Жергілікті журналистика саласындағы жаңалықты қолдаудың орнына, аяқтан шалып, шығаруға кедергі келтіргендер де болған. Бастапқыда Махамбет даңғылының бойындағы қосқабатты тұрғын үйдің ішінен бөлмелер жалдап, тұңғыш саны хатталып, Атыраудағы «Ақжайық» баспаханасынан басылды. Бірақ соған қарамастан, оқырмандарға жол тартқан баспасөз құралын жылыойлық қарапайым халық жылы қабылдады. Соның арқасында, таралымы өсіп, авторы да көбейген газет бүгінде республикалық деген мәртебе алып, еліміздің батыс өңіріне кеңінен танымал басылымға айналды.
Қазіргі таңда «Құлсарының» Орал, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Құлсары қалалары мен көршілес облыс пен аудандарда да тұрақты тілшілері жұмыс жасайды. Газеттің мерейтойымен оқырмандарын шын жүректен құттықтаған аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрболат Әлібекұлы аймақ баспасөзінде өзіндік өрнегін қалыптастырған басылымның беделінің бұрынғыдан да бетер шарықтай түсуіне тілектестігін білдіріп, республикалық «Құлсары» газетінің бас редакторы Әбдіхалық Жәңкейұлына Әлем халықтары Жазушылар одағының, ал Т.Әбдірахмановқа Қазақстан Журналистер одағының мүшелік билетін салтанатты жағдайда табыс етті. Сонымен қатар, басылымның бір топ белсенді авторын арнайы Алғыс хатпен марапаттады. Солардың қатарында аудандық «Кең Жылой» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Ербол Қошақанов та бар.
Аудандық мәслихаттың жауапты қызметкері Алмаш Шағатаева, ішкі саясат бөлімінің басшысы Арай Қанатқызы, «Теңізшевройл» компаниясының Жылыой ауданындағы өкілі Нұрлан Ерғалиев, Құлсары қаласы әкімінің орынбасары Игорь Лян, аудандық «Мансап» орталығының директоры Ақылбек Едігеев, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Сайлаубай Таласовтар сөз сөйлеп, басылымның бас редакторы мен тілшілерін, белсенді авторларын Құрмет грамота мен Алғыс хаттармен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті. Әрине, салтанатты сәтте сөз сөйлеген жандар аз болмады. Әсіресе, көршілес Ақтөбе облысының Байғанин ауданынан келген қонақтар, газеттің арнаулы тілшісі, ардагер ұстаз Аманғали Жалдыбеков, Ебейті ауылындағы белсенді автор Кәмшат Қалмырзақызы, Маңғыстаудың Бейнеу ауданының Боранқұл ауылынан келген Ләззат Қуановалар жүздеген шақырым жерден жүрекжарды жылы лебіздерін ала келді. Басылымға арнаған ақ тілектерін жырмен ақтарып, тарту-таралғымен айшықтады. Ардагер-ұстаз Наурызбай Төлеуов бас редактор Әбдіхалық Сисенбердиевті өзінің мектептегі білім берген шәкірті санайды екен. Сөйте тұра, оқушысын журналистика саласындағы ұстазым деп те атады. Ол сөзінің де жөні бар еді. Өйткені газетке мақала жаздырып, қаламына жел берген де осы «Құлсары» газетінің бас редакторы болатын. Сондықтан ол Әбекеңді ерекше құрмет тұтып, құттықтау лебізін арнап, ән де шырқап берді.
Ұлықпан Сисекенов бастаған Айбек Қалмағанбетов, Дүйсенбек Бөкенов, Есқабыл Жанаев, Исатай Ізмағанбетов сынды қаламгерлер қауымы да осы «Құлсарыдан» қанаттанған еді. Олар да жүрекжарды жылы лебізін жыр жолдары арқылы жеткізіп, бағалы сыйлықтарын табыс етті. «Құлсары» газетінің өндіріс орындарында да оқырмандары аз емес. Аудандағы белді отандық компаниялармен тығыз байланыс орнатқан басылымның 20 жылдық мерейтойымен құттықтау үшін «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы басшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Сырымбек Сәрсембаев, Құлсары мұнай құбырлары басқармасының өкілі Қайрат Зиноллаев және «Атырау-Жарық», «Мұнайқұрылыссервис» ЖШС-терінің және басқа мекеме-кәсіпорын өкілдері сөз алып, марапаттарын ұсынды. Салтанатты шараны аудан өнерпаздары әсем ән, тәтті күймен өрнектеді.
Иә, тәуелсіздік алғалы ауданның баспасөз саласы бірнеше газет пен телерадио хабарларымен толыққаны рас. Бірақ олардың көпшілігі нар көтермес нарықтың ауыртпалығына шыдай алмай ақыры жабылып қалды. Бұл ретте жиырма жылдық белеске көтеріліп қана қоймай, бүгінгідей газеттен гаджет озған заманда республикалық деңгейде ақпарат таратып келе жатқан «Құлсары» газетінің дәуір көшінен қалмай келе жатқаны ерлікпен пара-пар десе де болады. Ендеше, алар асуларыңыз аласармасын, «құлсарылықтар» дегіміз келеді!
Е. Есенов