Ғабдолдың ойын алаңы бүлдіршіндерді ерекше қуанышқа бөледі

Қазіргі таңда туған жеріме үлесімді қосамын деген жандар үшін мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндік мол. Оған дәлел ретінде ауылдық жерлер мен ықшамаудандарда бой көтеріп жатқан ойын алаңдарын айтуға болады. Қолынан іс келетін кез келген аудан тұрғыны мемлекеттік грантты ұтып алып, балаларға шағын ғана алаңды салып беруіне болады. Ауылына жақсылық жасаған сондай азаматтың бірі – Ғабдол Ғалымжан есімді қосшағылдық жігіт.

Ол «Ауыл жастарының азаматтық белсенділігін дамыту» бағдарламасынан жеңіп алған гранттың қаражатына Қосшағыл ауылына ойын алаңын салып берді. Оны Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Жаныңдамын» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Бағдарламаға қатысуға аудан бойынша 4 өтінім қабылданып, комиссия қорытындысына сәйкес 2 жоба үздік деп танылған. Екеуінің де жеңімпазы Қосшағыл ауылдық округінің тұрғындары екен. Қордан әр қатысушыға 1 миллион теңге қаражат бөлініпті. Міне, соның бірі – Ғабдол салған балалар ойын алаңы жақында салтанатты түрде ашылды.

Түрлі түсті шарлармен, жалаушалармен безендірілген алаң іші балалар мен ата-аналарға, ардагерлер және ауыл тұрғындарына лық толды. Бұл жер балалар ойыны және жаттығу алаңы болып екіге бөлінеді. Алғашқысында әткеншектер, сырғанақ, өрмелеуіш, төбесі жабылған ойын құрылғылары орнатылған. Олар түрлі түсті сырлармен әсемделіп, безендірілген. Алыстан-ақ «мен мұндалайды». Сондай-ақ балалар ойнайтын алаңға құм төгілген. Бұл жерде қосшағылдықтар бос уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын ұстанатын болады.

Алдымен, тұрғындарды осы қуанышты сәтпен ауыл әкімінің міндетін атқарушы Алтынгүл Бозданова құттықтады. Ішкі саясат басқармасының жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Айдар Мақсотұлы мен ойын алаңын салушы Ғабдол Файзоллаұлы жаңа алаңның лентасын қиды.

Осынау сәтті асыға күткен тұрғындар алаң ішін аралап, балалар асыр салып ойнап жатты.

П.Түркенбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521