Гүлжан Талпақова: "Қазақтың биін ғана ұлығыладым"

Бірде Фариза Оңғарсынованың "Биші бақыты" деген очеркін оқып, сондағы биші қыздың образы жүрек түкпірінде ерекше сақталып қалған еді.

Қазақ биін әлем сахнасына шығарып, талантымен дүниежүзі халқын дүр сілкіндірген ару - Гүлжан Талпақова болатын. Ол - Атыраудан шыққан даңқты биші. Өткен аптада Қазақстанның Халық әртісі ауданымызда болды. Ал Гүлжан апаның ізінен еріп келе жатқан таланттар Жылыойда да аз емес екенін жақсы білеміз. Ауданда алғаш рет "Жем аруы" би ансамблін құрып, "Би-би" би мектебінің іргесін қалаған биші Мағрипа Шегенбаева бастаған ұжым халық әртісін ерекше ілтипатпен күтті. Бүкіл республиканы мойындатқан "Жем аруы" ансамблінің өнерін Гүлжан Талпақова да жақсы біледі. Ол ауданымызға тегіннен келген жоқ. Осы жерде мықты бишілердің тәрбиеленіп келе жатқанын біліп, ақыл-кеңесін айта кетуді арнайы мақсат еткен. Мәдениет үйінің фойесіне атақты бишінің әдемі суреті ілінген. Ал "Би-бидің" балғын бишілері банердің жанына суретке түсуде, жүздерінен атақты бишіге еліктеуіш, көздерінен "Осы кісідей болсақ" деген арман бар. Бір кезде Гүлжан апа да келді. Алдымен, қыздарға қазақ биінен шеберлік сыныбын өткізіп, өзінің мол тәжірибесімен бөлісті. Бұдан соң "Жем аруы" халықтық би ансамблінің есеп беру концерті басталды. Кештің басты қонағы - Гүлжан Талпақова. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрбай Сүйембаев мерейлі 70 жасқа толып жатқан Гүлжан Ізімқызын аудан әкімі Алимұхаммед Құттұмұрат-ұлының алғысхатымен марапаттады.

Ол сахнаға беттеген сәтте "Биші бақыты" әңгімесіндегі "Айжан қызды" мың бұралтқан Гүлжан қыз көз алдымызға келе қалды. Қазақтың ұлттық биін дүниежүзіне танытып, мүйізі қарағайдай марқасқалармен талай жұмыс жасаған халық әртісі осыншама қарапайым болар ма еді? Сүйсіндік, ерекше энергетикасын алдық. Бұдан соң тал шыбықтай талдырмаш Жемнің биші қыздары мың бұрала "Сәукеле" биін орындады. Алдарында өнердің майталманы отырғанын, оның әр қимылды қалт жібермейтін қырағы көзін байқаған ансамбльдің әрбір бишісінен ерекше толқу сезіледі. Сөйтіп, репертуарларындағы қазақ билерін түгел орындап шыққан "Жем аруы" өздерінің нағыз кәсіби бишілер екенін көрсетті. Бұл күні жаңадан құрылған "Ұшар" ансамблі де "Асатаяқ" биін орындады. Ал "Би-би" үлгілі би тобы концертті қыздыра түсті. Кешті Гүлжан Талпақова қорытындылап, бүгінгі сапарының жақсы өткенін жеткізді: -Мен бұл жерге би өнерін ғана айту үшін шықтым.

Ең қиын жол өнер жолы болса, менің бұл салаға келуім де оңай болмады. Мектеп бітірген соң әке-шешеме "Қалайда биші боламын" деген мақсатымды айттым. Содан олар "Егер сен оқуға түсе алмасаң, Гурьевке келіп, бір мекеменің еденін жуатын боласың" деген шартпен ғана Алматыға жіберді. Ал мен емтиханнан сүрінбей өтіп, арманыма бір қадам жақындай түстім. Сабағымды өте жақсы бағамен бітіріп, өзімнің кәсіби биші екенімді дәлелдедім. Өнер жолында жүріп, 52 мемлекетте болыппын. Түрлі ұлт өкілдерінің арасында жалғыз қазақ қызы болып өнер көрсеттім. Қазақтың киімін киіп шығып, қазақтың биін ғана биледім. Міне, сол үшін де өзімді бақытты санаймын. Ал Атырау облысы бойынша би тек Жылыойда ғана жоғары деңгейде. Манадан қыздардың талантын, биді орындау шеберліктерін көріп қуанып отырмын. Менің бір ғана сұрайтыным: осы бишілердің ата-анасы балаларының өнер саласын таңдауына қарсы шықпаса екен, керісінше, демеу болып, қолдаса екен,-деген тілегін айтып, бишілерге ақ батасын берді. Ансамбль жетекшісі Мағрипа Шегенбаева, биші-хореографтар Балерке Күнбаева, Биби Шегенбаева, Ақтілек Оңайбаева, Бану Тілеужановалар Гүлжан Ізімқызының алғысхатымен марапатталды. Бүгінгі күн үшін Гүлжан Талпақоваға алғыс білдірген Мағрипа Шегенбаева өткен күннен әдемі естелік келтірді: -Кішкентай күнімде осы кісінің портреттерін көріп, "биші болсам" деп қатты еліктейтінмін. Егер сізді танымасам, сол бір әдемі суретіңізді көрмесем, бәлкім, Жылыойда би өнері дәл бүгінгідей болмас па еді,-деп сөзін түйіндеді.

П.ҚИЗАТОВА,

Сурет автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521