Гүлденбей қалған гүлзар

Жылыой – мұнайлы аудан. Десе де, қазақ мұнайының қарашаңырағы атанған аудан орталығы Құлсары қаласының аты затына қашан сай болар екен деген сұрақ көпшілікті мазалап келеді. Жаңадан бой көтеріп жатқан ғимараттар мен тұрғын үйлер бар, алайда бұған дейін салынған кей нысандардың арасында тозып, тіптен қайта жөндеуді қажет ететіндері де қаптап тұр. Бұл – алдымен, қалалық әкімшіліктің құзырындағы мәселе.

Көше бойынан сылағы түсіп не жөнделмеген нысандарды көріп жүрміз. Бұл мердігер мекемелердің қателігі ме? Әлде сападан гөрі сан қуалап кеткендіктен бе?

Газетіміздің осы санында қозғағалы отырған мәселеміз - 1 ықшамауданда орналасқан гүлзарлар. Сол гүлзарлардың сыртқы қоршауына жапсырылған керамограниттер түсіп, кейбірі сынып жатыр. Білуімізше, бұл нысанға қайта-қайта жөндеу жұмыстары жасалған. Бірақ  әр жөндеу жұмыстарынан кейін де қаптама материалдарының «ғұмыры» ұзаққа бармай тұр. Бұған конкурс кезінде ұтып алған мердігер мекеменің де тікелей қатысы бар. Тұрғындардың айтуынша, жөндеу жұмыстары қыс мезгілінде жасалған. Керамогранит материалдарының жабыспауы суық ауа-райынан болса керек. Себебі, желіммен жасалатын жұмыс қара суықта, әсіресе,  қыс айында нәтиже бермейді. 1-ықшамаудан тұрғындары «бұл жұмыс маусымның жылы мезгілінде жасалмаса, материалдар бәрібір түсіп қала беретінін» айтып қынжылады.

-Қаламыз күн санап дамыса дейміз. Біз тұратын ықшамаудандағы мына гүлзар жазда ауамызды тазартып,  көше көркін кіргізіп, адамдардың көңіл - күйіне әсер етіп тұруы керек . Десе де осы гүлзардың қоршауынан сынып түсіп жатқан кафельдерді көргенде ұяламыз,-дейді қала тұрғыны М.Амангелдиев.

Гүлзардың қасбеті сынып, құлай беретіндіктен оны қайта-қайта жөндеу қаржыны талап етеді. Қаржы көзін бірнеше мәрте шығындап, артығымен жұмсағанша, бір рет қымбат әрі сапалы материалдан неге салмасқа? Аудандық Қоғамдық кеңес мүшесі, блогер Бақытгүл Өтегенова бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған болатын. Құлсары қаласы  әкімдігі оған былай деп жауап берді.

-Махамбет даңғылындағы №1 үйдің алдындағы гүлзардың қасбетіндегі керамогранит тастары “Арзан март” супермаркеті басшылығының демеушілік көмегімен жаңартылды. Аталған жұмыстарға бюджеттен қаражат бөлінген жоқ. Жұмыстар ауа-райының салқын мезгілінде жасалғандықтан кафель желімі (кафельный клей) толық кеппегендіктен, керамограниттердің түсіп қалуы орын алған. Сондықтан, тапсырыс берген “Арзан март” супермаркетінің басшылығы мердігерден жұмыстарды қабылдамаған. Алдағы ауа-райының жылы мезгілінде бұған дейін жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер күшімен қайта жасалатын болады.

Шындығында да, конкурс бойынша ұтып алған мердігерлер жобаны тез бітіруге асығады.  Олардан жөндеуді қайта-қайта талап етпес үшін қала әкімдігі мен демеушілер тарапынан тексеру болуы шарт. Мұндай жайттар қаламызда орын ала берсе, қара алтынның қара шаңырағы атанған аудан орталығы дамымайды.

 

А.Жұмабергенова

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521