Фархаттың ақ тілегі

Қазақ халқының өзгені жатсынбай, құшақ жая бауырына басқан кеңпейілділігінің арқасында Қазақстан бүгінгідей көпұлтты елге айналып отыр. Өзге ұлт өкілдері бізге сан тараулы тарихтың қилы да қиын кезеңдерінде көшіп келіп, біржола қоныстанып қалды. Өйткені, жергілікті халықтың жанашырлығы мен адалдығын, бауырмалдығын қимады олар. Ал сол түрлі ұлт өкілдерінің қазіргі ұрпағы қазақ жерінде емін-еркін, татулық пен бірлікті ту етіп өмір сүруде. Ана тілді құрметтеп, қазақтармен біте қайнасып тіршілік кешіп жатқан жайы бар.

Қонақжай Жылыой жерін көп жылдан бері мекен етіп жатқан этнос өкілдері өте көп. Олардың басым бөлігі – орыс, қазақ, татар ұлттары. Аталған ұлт өкілдері үйіндегі әр жас баласын қазақ елін құрметтеуге, баршаға ортақ ана тілін жетік меңгеруге, өздері өмір сүріп жатқан қоғамға пайдалы іс тындыруға баулып келе жатқан жандар. Оның бірден-бір куәсі – татар ұлтының ұлы, үлгілі жанұяның мүшесі – Рафхатов Фархат Ильнурұлы.

Фархат Рафхатов 2002 жылдың 4 шілдесінде Қосшағыл ауылында туған. Әкесі – Сибагатов Ильнур Рафхатұлының ұлты татар болса, анасы – Исахаева Гүлфара Жолдасқызының ұлты қазақ. Екеуі де Қосшағылда дүниеге келген. Фархаттың әжесі кезінде Татарстаннан Жылыойға көшіп келген екен. Ал атасы ауданның байырғы тұрғыны, Жылыойда туған.

Фархат орта мектепті аяқтаған соң Құлсарыдағы С.Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжіне оқуға түседі. Оны 2020 жылы аяқтап аталған колледжге электромонтер мамандығы бойынша өндірістік оқыту шебері болып жұмысқа орналасады.

Фархат қазақша таза сөйлейді. Қазақы қаймағы бұзылмаған өңірде өмірде келген ол ауылдағы өзі қатарлы қазақ балаларымен бауырындай араласып кеткен. Ешкімнен жаттық көрмеген, «өзге ұлтсың» деп ешкім өңменінен итермеген. Керісінше, бәрімен де достық қарым-қатынаста.

Кейіпкеріміз әлі жас болса да аудан, облыс көлеміндегі шараларға белсене атсалысып, жан-жақтылығымен көзге түсіп жүр. Қазақстан Халқы Ассамблеясы ұйымдастырған облыстық шараларда бірнеше мәрте бақ сынаған. Облыстық Қоғамдық келісім басқармасы өткізген шаралар жоспарына сай көршілес Индер ауданындағы демалыс лагерінде болып, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының «Жас көшбасшылар» лагеріне де барып қайтты.

Фархат үшін 1 мамыр мерекесінің орны қашан да ерекше. Өйткені, бұл күн – ұлттар достығына тағы бір мәрте куә болатын ерекше мейрам. Фархат үшін қазақ халқының орны қашан да бөлек. «Ұлттың жаманы болмайды» деген ұстанымды өмірлік ұран еткен жас жігіт қай-қай ұлтты болмасын бөліп жармай, іш тартып тұратынын айтады.

Ш.МҰХТАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT