ЕСКІ ҮЙЛЕРДІ ЖАҢАРТУДЫҢ ЖАҢА ӘДІСІ

ken-zhyloi.kz

Биыл қаңтар айында Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі және облыстық, аудандық Мәслихаттардың депутаттарын сайлау өтті. Ауданымызда жаңадан сайланған депутаттар бірден іске кірісіп, жергілікті жердегі күрмеуі қиын мәселелерді аудан, қала әкімдігімен бірлесе шешуде. Өткен аптада Құлсары қаласы әкімі Ернар Смағұл мен аудандық Мәслихат депутаты Перизат Қизатова қаладағы 7-учаскедегі көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарымен кездесу өткізді.

Құлсары қаласының ішіндегі өткен ғасырдың орта шенінде салынған көп қабатты тұрғын үйлер бүгінде сиқы кетіп, ескірді. Ал адамдардың жеке иелігіндегі үйлерді күтіп-ұстауға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлу, әрине, заңсыз болып табылады. Себебі, қаланың көрнекті жерінде самсап тұрған екі, үш не бес қабатты тұрғын үйлер әлдеқашан жеке адамдардың меншігіне өтіп кеткен. Ал өзі тұрып жатқан баспанасының ішін ғана емес, баршаға ортақ сыртқы келбетін де күтіп ұстауға әлбетте тұрғындардың мүмкіндігі жоқ. Өкінішке орай, «үйімнің іші ғана емес, сырты мен айналасына да көңіл бөлейін» деген түсінік әлі де болса Құлсары халқының санасында түгелдей дерлік қалыптаса қоймағаны белгілі. Кит етсе «әкімдік қайда қарап отыр?» дейтіндері де содан. Жылыой тұрғындары жекеменшік үйлерінің шатыры сынып, жертөлесі суға толса арыз- шағымын алып, аудан және қала басшыларын сынауға машықтанып алған. Өйткені олар жекеменшік үйлерді жөндеуге бюджеттен мүлдем қаржы қаралмайтынын білмейді. Мәселенің түп-төркіні көптеген тұрғындардың өз жеке мүлкінен басқаға жаны ашымай, кейбіреулердің тіптен бүтін дүниені бүлдіріп кетуінен орын алып жатқанын да көпшілік бағамдай бермейді. Бұл тығырықтан шығудың жолы қандай? Ол - сервистік компания құру.

Кездесуде 7-учаскедегі екі қатарлы үйлердің бүгінгі мүшкіл жағдайы сөз болды. Осыған орай, тұрғындарға сервистік компания құруға ұсыныс берілді. Осы мекеме арқылы, үйлердің кем-кетік жерлерін жөндеу мәселесі уақытында шешіліп отыратыны айтылды. Бұрынғы Пәтер иелері кооперативінің (КСК) міндетін атқаратын бұл сервистік компания басшылығы мен қызметкерлері сол үйлерде тұратын жергілікті тұрғындардан құралмақ. Олар өздеріне берілген аумақтың тазалығынан бастап, сынған, қираған нәрселердің барлығын мезгілінде жөндеп отырады. Кәріз құбыры істен шықса да, үйдің шатыры сынып, жертөле (подвал) іші қоқысқа толса да, бәрін-бәрін ретке келтіретін - дәл осы сервистік компания өкілдері болып табылмақ. Аталған игі бастама толықтай жүзеге асу үшін ең әуелі тұрғындардың көмегі қажет. Яғни, олардың 50 пайызы сервистік компания құрамына кіріп, ай сайынғы бекітілген жарнаны уақытында төлеп отырса, қазіргідей қиын проблемалардан толықтай арылатын болады. Қала әкімі Ернар Смағұл тұрғындарға жаңа жоба туралы түсіндірді. Ол:

- Біз демеушілер тауып, қаланың орталығында бірден көзге түсетін көп қатарлы үйлердің сыртын үнемі жаңартып, ретке келтіріп отырамыз. Себебі, Құлсарыға сырттан келген қонақтардың көзіне бірден ілігетін де дәл осы үйлер. Оған куә болған өзге үйлердің тұрғындары «Тек көше бетке қарап тұрған үйлерді сәндей бересіңдер де, біздер тұратын үй жаңарусыз қалады» деп өкпе-реніштерін жеткізеді. Алайда, жекеменшік мүлікті, үйді қалыпқа келтіруге заң жүзінде бізге рұқсат етілмеген. Егер заң аясында мемлекет тарапынан ол үйлерді жөндеу дұрыс болып табылса, әлдеқашан-ақ іске көшетін едік. Өкінішке орай, ондай жеңілдік қарастырылмаған. Сондықтан да амалсыз демеушілер арқылы, кәсіпкерлердің көмегімен ғана көше беттегі үйлерді жөндетудеміз. Тұрғын-үйлерге қатысты шағымданып келген тұрғындарға да біз кәсіпкерлерден жалынып көмек сұрап, қолымыздан келгенше жәрдемдесеміз. Жертөлесі суға толып кетсе арнайы техника тауып тазалап береміз, қабырғасы құлап қалса оны да жөндейміз. Дегенмен, көпке бармай дәл осындай жағдай тағы да қайталанып отырады. Осы мәселелердің алдын алу үшін біз сервистік компания құру жөнінде шешімге келдік. Жергілікті адамдардан құралған компания жұмысшылары барлығын өздері қадағалап, қалыпқа келтіреді. Ал әкімдік тарапынан оларға қажетті техника, құрал-жабдықтармен көмек көрсетілетін болады. Бұл - әлем елдері қолға алып жатқан Терможаңғырту жобасының алғашқы баспалдағы болмақ. Егер, тұрғындар тарапынан компания өкілдеріне сенімсіздік туындаған жағдайда өздері жауапты адам тағайындап, оның да осы міндетті алып жүруіне толық мүмкіндігі бар. Ол адам ең алдымен, кәсіпкер болып табылады. Ал біз бизнес бастаушыларды қашан да қолдап келеміз,- деді.

Аудандық мәслихат депутаты Перизат Қизатова халық қалаулысы ретінде осы 7-учаске тұрғындарының аманатын арқалайтынын айта келе, бұдан былай ол учаске халқымен жиі кездесетінін айтты. Депутат қала әкімі ұсынған жаңа жоба - сервистік компания құрудың пайдасы өте зор дейді. Сондай-ақ, П.Қизатова: «Егер Жылыой халқының барлығы да өз туған жерінің тазалығына көңіл бөліп, көше мәдениетін, қоршаған орта саулығын сақтаса қаламыз да көркейе түсер еді» деп тұрғындарды өз өлкесінің патриоты болуға шақырды.

Қала әкімі мен аудандық мәслихат депутатымен кездескен тұрғындар жаңа бастамаға оң көзқарас танытып, түрлі сұрақтар қойды.

Ш. Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521