Ескерткішін сөзбен сомдап кеткен Салауат

Жылыойдың жыр сүлейлерінің жақұт көзіндей боп 80-90 жылдары жарқ еткен айтыскер ақын Салауат Исахаев еді.

Ауылда туып, бүтін елге танымал болған, танымал болып қана қоймай, өнерсүйер көпшілікті тәнті еткен ол, шын мәнінде, құм арасынан табылған самородок алтын еді. Жаңа заманымызда ауданымызда оған дейін айтыс өнерінің биік белесіне көтерілген ақындар болған жоқ десек, артық айтқанымыз болмас, сірә. Тәуелсіздіктің ақ таңы атар тұста 13 жасында домыбырасын қолына алып сахнаға шыққан көзінің аясы кең, қара домалақ әдемі баланың да айтыс өнеріндегі күні туды. Республикалық айтыстарға қатысып, халықтың ішкен асын жерге қойдырып, көкжәшікке телміртетін Қатимолла, Мэлстей ақындармен сөз қағыстырып, танымал бола бастады. Оған қарап, қазір атағы арқыраған айтыскерлер көшесін кеңітіп, көш түзеген. Кейінгілердің айтуынша, жорғадай жүйрік ақын Балғымбек Имашев Салауатты теледидардан көріп, ақынның өнеріне ғашық боп: «Салауаттай ақын боламын», - деп армандапты. Ал қазір айтыстың арыстаны атанған Бекарыс Шойбеков айтыстың табалдырығын аттағанда оны ақындар ауылымен таныстырған осы Салауат екен.

Иә, Салауаттың ақындығын ел біледі, бірақ оның басқа да көпшілік біле бермейтін қасиеттері де бар. Дүние жимай, дос жиған оның бірден-бір досы аудандық мәдениет үйінің директоры, республикаға танымал әнші Әлібек Темірханов бізге Салауаттың сол бір қырларын айтып, бүкіл елдің тойбастарына арналған әні туралы және ақынның қасиеттері туралы сыр шерткен еді.

«Жалғыз досым, алыстасың менен сен...»

– Салауатты 1994 жылдан бері танимын. Ол кезде аудандағы мәдениет бөлімінің басшысы Боранбай Хамиев еді. Мен оқу бітіріп келген соң «Шаңырақ» мәдениет үйінде әнші боп еңбек етіп жатқанмын. Бұл кезде жиырма жастамын, ал Салауат менен бір жас үлкендігі бар еді. Салауаттың облыстық, республикалық айтыстарға қатысып, азуы алты қарыс ақындармен айтысып жүрген кезі. Халық елге танымал, көмейіне жыр қонақтаған жігітке той бастатуға құштар болды. Ол, сөйтіп, талай тойдың тізгінін ұстаған асаба да болды, «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, талай жастың қуанышының көркі болды. Біріміз - ақын, біріміз - әнші, қашанда жиын-тойдың ортасында табыламыз...

1998-1999 жылдары ауданда облыстық айтыс өтті. Сонда Салауат бас жүлде – «Жигулиді» жеңіп алғаны әлі есімде. 2007 жылы Қазақстан Ұлттық арнасында «Айтыс Қазақстан чемпионаты» сайысына қатысқанын ел біледі. Бүкіл халық болып жанкүйер болдық. Сондағы әр жеңісін қуанышпен қарсы алушы едік... Жиырма жаста табысқан біздің достығымыз күн санап беки берді, келе-келе отбасы боп араласатын болдық. Өмірде дос та көп, жолдас та жетерлік қой, дегенмен Салауат жан досым, сырласым еді. Қиналғанда демейтін, қуанғанда қолдайтын жалғыз серігім болатын. Ол дүниеден өткенде осындай сыралғы қарым-қатынасымызды білетін көп 3-4 күн бойы ес жия алмай, есеңгіреп жүрген маған көңіл айтты.

«Ата-ана парызы» әні қалай туды?

- Менің әке-шешем ерте дүние салған еді. Сырымды да, жырымды да айтатын досыма «Ата-анамызға қандай құрмет көрсете аламыз?» деп ақылдастым. Идеяның түйнегі тасталды, әркім өзімізше қорытып, не де болса ән арнайық деп шештік. Сөйтіп жүргенде 2010 жылы Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында тұратын туған ағам, сазгер Әбдіғаппар Темірханов бір ән жазған екен. Салып ұрып барып, сол әнді өңгеріп кеттім. Құлсарыға кеп, Салауатқа «Сәке, осы әнге сен өлең жаз» деп қолқа салдым. Ол «Жарайды» деді. Сөйтіп жүргенде екі ай өтіп кетті. Бір күні Салауат үйге келді. Сол келгенін пайдаланып, мен оны қыспаққа алдым. «Ал, не де болса, жаз бүгін» деп. Сөйтіп, үйдің есігін іштен кілттеп алдым. 2 сағаттың көлемінде өлең туды (күлді).

Әннің аранжировкасын жасап, тойларда айта бастадым. Жылыойдың сондай бір тойларының бірінде әнші-сазгер Лұқпан Жолдасов та болған еді. Сірә, концерттік бағдарламамен келген болуы керек. «Мына ән кімдікі, Алматыға апарып өңдесек қайтеді, болашағы бар ән екен» деді. Содан елдің жігіттері демеушілік жасап, Алматыға атттандық. Лұқпан Жолдасовтың орталығындағы «Самал» тобына әнге жаңа аранжировка жасаттық. Ішіне аспаптар үнін қостық. Әсіресе саксафонның үні музыканы сырлы сазбен байыта түсті. Елге келіп, той-томалақтарға шықтық. Бұл жолы халықтың әнді қабылдауы бөлек болды. Бұған қанаттанған біз әрі қарай бейнебаян түсірмек боп шештік. Атырауда Қарасай деген ағамыз бар. Соның қасындағы Раду Драган деген жігітке бейнебаянды түсірттік. Бейнебаянның монтажы 8-9 айға созылды. Өйткені ондағы графикалық суреттердің бәрі асықпай қолдан жасалған еді. Бейнебаянның айы, күні жетіп, дайын болды. Ол кезде қазіргідей той қып, тұсаукесер жасау деген жоқ. Дегенмен, әуелі, өнер адамдарына бағалатып алуымыз қажет қой. «МузАрт»-тың жігіттерінен Сәкен бар, басқа да белгілі әншілер бар – өнердің қаймақтары студияға келді. Жарықты өшіріп, клипті қостық. Клип бір қаралғанда 3-4 рет қаралды. Ешкімде үн жоқ, түн жоқ. Мен ішімнен «Құдай-ай, не дер екен, қайдағы клипті түсіргенсің?» дер ме екен деп қобалжып, салқын терге малшындым. Клип 4-ші рет қаралғаннан кейін бәрі тұрып, мені құшақтап, бетімнен сүйіп, риза болғандарын айтысты.

Сөйтіп, өнер төрінен ойып тұрып орын алған әнші-сазгерлер ыстық ықыласпен қарсы алған әннің жолы да жарқын болды. Сөзінен қазақы табиғатымыз аңқып тұрған, сазы құлақтан кіріп, бойды алған ән көпшілік арасында кең тарап, еліміздің әр өңірінде шырқалып, әрбір қазақ отбасының қуанышының тойбастарына айналды. Сұхбаттасымыздың айтуынша, айтуынша, бұл әнді сұраушылардың қарасы көп болыпты. Ақтау, Орал, Семей, Өскемен – барлық өңірден қолқалаушылар болған. Оның ішінде «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының директоры да бар. Кейін ол «Алдараспан» сахнасына осы әнді алып шығарсың» деген тілегін айтқан екен. «Расында, мен осы әнмен Алматыдағы үлкен сахналарда ән шырқап, «Сағындырған әндер-ай», «Ұлттық шоу», «Аққу-Гәкку» бағдарламаларының түсірілімдеріне қатысып, көпке танылдым», - дейді Әлібек Темірханов.

Ақындар ауылында «тірі аңыз» атанған Ауыз әдебиетінен бастау алатын поэзиялық жанр – айтыс - өнер жарысы, сөз майданы ғана емес, ұлттың тарихи тұлғаларын танытатын насихаттық рөлі бар, елдің мұң-мұқтажын билік құлағына жеткізетін арена. Ал осындай салмақты дүниелерді айтатын - аузы дуалы ақын. Сары алтындай салмақты сөзді айту үшін айтыскер ақын білімдар, ойы ұшқыр, тілі шешен болумен қатар, әзіл-оспаққа да кенде болмауы керек. Салауат ақынның бойында бұл қасиеттер бар-тын. Оның білімдарлығы, тілге шешен, әзілге кеніш екендігі сұхбаттасымыздың әңгімесінің өн бойынан аңқып тұрады:

- Салауат ешкімді жатырқамайтын, өте ашық-жарқын еді. Оған жиырмадағы жігіт те, елудегі аға да - дос. Жүрген ортасын думанға бөлеп жүретін әзілқойлығы да бір төбе еді. Салауатқа бір әзілді бастап берсең, сол әзілдің нүктесін әдемілеп қойып беретін. Түрі қандай қараторы болса, өзі де сондай қарапайым еді. Бай демейді, бағлан демейді, кім болса да, көкейіндегісін жалтақтамай айтатын шыншыл болатын.

Жады зерек ол айтысқа көпшілік ақындар сияқты «заготовка» жазып жүрмейтін. Қасында жүргесін көреміз ғой, ойша қорытып жүреді де, айтысқа шығатын күні таңертең ғана қойындәптеріне сөз орамдарын түртіп алатын. Нәтижесінде айтыста аузынан шыққан әр сөзі төрт табандап түсетін. «Исатай - басшы, мен - қосшы» дегендей, Салауат бастап, мен қостап, екеуміз талай өнерлі ортаның дәм-тұзын таттық. Ақындар аулына ертіп жүріп, ай маңдайлы қазақ ақындарымен таныстырған Салауат досым осы ортада жырдың көрігін де қыздыратын еді. Ақындар Салауат отырған жерде көбіне «Үш қиян» термесін орындауын қолқалап сұрайтын. Орындалуы қиын термені нақышына келтіріп, шебер жырлайтын. Салауаттың даусы да, мақамы да ерекше ғой. Оның баритон, қарлығыңқы даусын, әзілдеп айтсақ, «керзі» үнін ешкіммен шатастыруға болмайды. Айтыс үзінділерін, өзі сүйіп оқитын Есенқұл Жақыпбеков, Тұманбай Молдағалиев, бард ақын Табылды Досымовтың жырларын жатқа айтатын. Зерек ақын кішкентайында «Жалын» журналын бір оқығанда жаттап алам деуші еді. Міне, осындай арғы-бергі тарихымызды толғайтын білімдарлығынан болуы керек, ақындар арасында «тірі аңыз» деген аты қалған. Оның сөз өнеріне деген, қаламгерлерге деген құрметі де ерекше-тін. Бір жылдары біз екеуміз Алматыдағы «Кеңсайда» жерленген қазақтың зиялы өкілдеріне зиярат етіп қайтқанбыз.

«Арманымыз көп еді...»

- Қаламгер Қойшығұл Жылқышиев өткен жылы Атырауда Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда Салауат Исахаевтың шығармашылық кешін өткізді. Одан соң екі дос Жылыойда «Ата-ана парызы» деп аталатын шығармашылық кеш өткізуді ойластырып, жоспарлап жүрді... Киелі Кең Жылыой небір тарих пен шежірені томаға-тұйық құмы астында жасырып жатқан қасиетті жер ғой. Біздің жер – сарматтар салтанат құрған, сақ жауынгерлерінің тұяғының дүбірі қалған, әйгілі Алтын адамның бірі табылған мекен. Бекет атадай пір туып, Ақмешіттей мектеп салған дала. Қазақтың ырысы – қара алтынының алғашқы тамшысы төгілген Қарашүңгілдей кеннің бастауы жатқан жазира. Арғы-бергі тарихтағы батырлары мен шайырларының өзі бір-бір дастанға тұрарлық. Міне, осы құндылықтарымызды терме етіп шығару да өмірде де, өнерде де жарасқан сырлас достардың ойға алған істерінің бірі еді...

- «Бір кем дүние» деген осы. Бұл армандар Салауаттың көзі тірісінде орындалмай қалды. Ақын өзі айтқан «соңғы айтысында» да шаба алмады. Ауданның 90 жылдығына орай күні кеше өткен республикалық ақындар айтысының бірден-бір ұйымдастырушысы, ол-дағы Салауаттың сырлас досы, оралдық ақын Бауыржан Қалиолла маған телефон шалып: «Салауатпен ақылдасшы, айтысқа өзі қатыса ма, әлде қазы болар ма екен?» - деді. Сонда Салауат: «Қазы болатын жасқа жеттік қой, бірақ бұл менің соңғы айтысым болсын», - деген. Көңіл қашан жақынын ажалға қисын, ойымызда ештеңе жоқ, «Қой, олай айтпа» деп жатырмыз. Бірақ ақынның аузына Алла салып тұр ма, Салауат бұл айтысқа қатыса алмады. Бірақ бұл оның соңғы айтысы болды. Өйткені алыс-жақыннан келген айтыскерлердің бәрі Салауатты айтыстың бас тақырыбы етіп алды, елге көңіл айтып, оның мақамына салды. Сонда Салауат өзі тіріліп келгендей әсерде болдық, - дейді ақынның досы.

Бір кем дүние...

Иә, Салауат дүние жимай, дос жиған, атақ іздемей, өнер іздеген жан еді. Өзі алғашқы қадасын қаққан үйі де аяқталмай қалған болатын. Бірақ «Орны бар оңалар» дегендей, оның достары бұл істі көтеріп алып, ақынның отбасының үйін аяқтап беруге серттесті. Артында Баршагүл деген жұбайы, Перизат, Солидад, Шара және Ернұр деген ұл-қыздары бар.

Салауаттың қарапайымдылығы сол – ешбір атақтың соңында жүрмегені. «Қазақстан чемпионаты» республикалық аламан айтысында Мэлспен қатар шапқан оған сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев ақынға «Мәдениет қайраткері» деген атақ берді. Әттеген-айы, бұл сөз жүзінде ғана қалды, өйткені Салауат бұл атақты алу үшін құжат жинақтап, құнттамады.

Бірақ Салауат - ауылда туып, өнер астанасына кеңінен танылған талант. Ол өзінің есімін айтыс өнерінің алтын қорында қалдырды. Айтыстың арыстаны атанған Бекарыс Шойбеков бастаған ақындар ақын туған Шоқпартоғай ауылына келіп, үзеңгілестерін соңғы сапарға шығарып салды. Ақынның сүйегі бейітке жеткенде қарақұрым халықтың соңғы легі оның шаңырағынан енді шығып жатты. Мұндай бақ екінің бірінің пешенесіне жазылмаған, мұндай құрмет те кез келгенге көрсетіле бермесі анық. Артында жан жүрегі елжіреп, жоқтаған Әлібектей достары бар ақынды қалай бақытты демейсіз?! «Ақынның әр жылдардағы айтыстары, «Ата-ана парызы» деген бір әні ғана қалды. Енді осы мұраларынан ескерткіш соғу – болашақтың ісі, оның артында қалғандардың парызы», - дейді ол.

Иә, айтыскер ақын Салауат Исахаев артына «өлмейтұғын із қалдырды»

С.МҰРАТҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521