Ұлы Отан соғысына аттанып, отты жылдарды бастан өткеріп, ерлікпен шайқасқан соғыс және еңбек ардагерлері көп еді ауданда. Сол саналы ғұмырын ел болашағы үшін сарп етіп, майдан даласында қиян-кескі ұрыстарға қатысып, соғыстан кейінгі ауыртпашылығы мол жылдарда ауданның өсіп-өркендеуіне арнаған боздақтар есімі ұрпақ жадында қалуы керек.
Иә, адамзат тарихында сұм соғыстың ауыр кезеңі хатталып тұр. Ұлы Жеңістің ащы дәмімен сұрапыл жылдардың жүрек сыздатар қасіреті тарих бетінде ұмытылмастай із қалдырды. Бұл – сан мыңдаған ұрпақ үшін бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, ел үшін құрбан болған жауынгер-солдаттар мен офицерлердің айбынын, тылда еңбек еткендердің қисапсыз маңдай терінің мәңгі өшпейтінін дәлелдейтін тарихи кезең. Жеңіске жету жолында қанды қырғында арпалысқан жауынгерлердің құлақ түбінен ысқырған оқтар мен жаңғырған зеңбіректер гүрсілі, шыбын жаны шырқыраған жаралылардың жан дауысы, бәрі-бәрі құлағыңа келгендей болады...
Біздің ауданнан қаншама азамат осы Ұлы Отан соғысына қатысты, қаншасы аман-сау елге оралды, қаншасы қаза тапты, қаншасы іс-түзсіз жоғалып, хабарсыз кетті. Соғыстан елге оралып, жарымжан мүгедектігіне қарамай еңбекке араласып, ұрпақ өсірген аталарымыз болды. Ал артында жоқтаушысы жоқ, ерлігі ескерілмей кеткендер де жоқ емес. Осы жандарға қандай құрмет көрсетілді?
Әрине, қазіргі таңда сол Ұлы Отан соғысы ардагерлерінен ешкім қалған жоқ. Көзі тірісінде бейбіт өмір үшін алғысымызды айтып, барымызша құрметімізді көрсетуге тырыстық. Бірақ уақыт алға озған сайын, сұрапыл жылдардың жаңғырығы алыстап барады. Десек те, ел үшін отқа түскен есіл ерлердің ерлігі ұмытылмауы керек. Ал өнегелі тұлғалардың есімі мәңгі есте қалуы үшін оларға көше атауын беру лайықты іс болмақ. Сондықтан мен, аудан әкімдігінен, ең бірінші кезекте, Ұлы Отан соғысына қатысқан аталарымызға, әжелерімізге құлаш-құлаш құжат жинатып, көп уақытты сарп еткізбей-ақ көше атауын беруді сұраймын. Менің осы ұсынысымды боздақтардың артындағы ұрпақтары қолдайды деп ойлаймын. Аруақтары разы болсын.
Әріге бармай, өзім білетін, бірге жұмыстас болған ардагерлерді атап бере аламын. Олар – Құлсары электр станциясы, қазіргі «Атырау Жарық» мекемесінде еңбек етіп, туған жерін жаудан қорғап қана қоймай, оның дамуына қызмет жасаған Каримов Манап, Шуренов Жиенғали, Башенин В, Қонырбаев Жанбай, Нурбергенов Шаулан, Сервирог, Мамбетов Бақтығали, Төребаев Майбек, Аманшин Елқоңды, Мәтжанов Шыңыраубай, Махов Иван Павлович, Аманиязов Қайырқұл, Қорғанбаев Арон, Бозжигитов Тобанияз, Жаналиев Шотықбай, Сабетов Арын, Хакимов Фатих, сондай-ақ «Қамыскөл» ықшамауданында тұрған Наурызбаев Әлібек, Жұлдызов Әубекір, Нұрбергенов Еңсеген, Нығыметов Нәсір, Кенғанов Мұрынбай, Медеуов Айжарықтар – Ұлы Отан соғысының ардагерлері еді. Осы ардагерлердің ішінде Құлсары электр станциясын жиырма жылдан астам басқарған Арон Қорғанбаев атамызға ғана көше атауы беріліпті. Оған да шүкір. Ал қалған боздақтарға ше? Артындағы ұрпақтары жұмыстанбаса, ескерусіз қала бермек пе? Олар да өскелең ұрпақтың құрметіне лайықты емес пе?! Ерлігі үлгі-өнеге емес пе? Ендеше, оларға да әкімдік немесе ардагерлер кеңесі бас болып қолдап, қала мен ауылдардан бір-бір көше атын беріп, есімін мәңгі есте қалдыруға жұмыстанса деймін. Өйткені, қазір Құлсарыда жаңа ықшамаудандар пайда болып, ауылдар аумағы да кеңейіп, көшелер көбейіп жатыр.
Менің осы мақаламды көпшілік қолдап, өз пікірін жазады деген ойдамын. Және алдағы уақытта жерлестеріміздің ерлігін ұрпаққа насихаттау үшін «Кең Жылой» газетіне Құлсары қаласында, Қосшағыл, Жаңа Қаратон, Тұрғызба, Шоқпартоғай, Ақкиізтоғай елді-мекенінде көше атауы берілген соғыс ардагерлері жайында, олардың өмір жолы, ауданның дамуына қосқан еңбегі туралы мақала жарияланып тұрса деген ұсынысым бар.
«Өткенсіз келешек жоқ» дейді халық даналығы. Қазақ жерінде бүгінгідей бейбіт таң шапағының атуына ұйтқы болып, болашақ ұрпақтың алаңсыз ғұмыр кешуі жолында аянбай тер төккен ерлердің есімі, міне, сонда ғана халқымен мәңгі бірге жасамақ!
Ақылбай Жөкешев,
энергетика саласының ардагері