Ертеңіңді ойласаң, есірткіден аулақ бол!

-Облыста 3000-дай адам наркологиялық тізімде тұр. Оның 500-і – есірткіге құмар жандар. Ал біздің ауданда 128 адам есепте болса, 79-ы маскүнемдік, ал 49-ы нашақорлық дертіне шалдыққан. Осы уақытқа дейін уытқұмарлықпен жасөспірімдер де тіркеуде тұрған еді. Қазір оның саны азайды. Біздің емханада мұндай ауруларға арналған кабинет болғанымен, стационарлық орталық жоқ. Сондықтан оларды облысқа жіберіп отырамыз. Сол жақтан емін алып келіп, ары қарай бізге келіп қаралады,-деді аудандық емхананың нарколог дәрігері Зарифа Мусина Сафи Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінде өткен “Менің таңдауым – салауатты өмір” атты шара кезінде келтірген дерегінде.

Оның айтуынша, әлемде БҰҰ-ның мәліметі бойынша 300 млн-ға жуық нашақор болса, оның тең жартысы жастар екен. «Сондықтан осынау жаман індеттен сақ болып, тек салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын»,-деді дәрігер.

Міне, осы кеселдің жастар мен жасөспірімдер арасында алдын алу, осы бағыттағы құқық бұзушылықты болдырмау және есірткіге қарсы күресті нығайту мақсатында өткен колледждегі шараға аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова мен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, қоғам белсенділері, дәрігерлер, ұстаздар мен студенттер қатысты.

Шара барысында есірткі және оның зиянды салдары туралы арнайы бейнефильм мен көріністер, презентациялар көрсетілді. Колледждің 86, 93, 94 -топ студенттері «Менің салауатты күнім», «Қысымға қарсы тұру», «Жанұядағы нашақорлық мәселесі» атты сахналық көрініс қойды. Алғашқы сөзді аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова сөйлеп, жастарды қоғамның дерті болған нашақорлық, маскүнемдіктен сақ болып, тек жақсы, тәртіпті азамат болуға үндеді. Қазіргі заман – тек даму заманы екенін, сондықтан әрбір студент мүмкіндікті пайдаланып білім алуына, қоғамда өзіндік орнын табуға жұмыстану керектігін айтты.

Жиынға қатысқан аудандық емхананың нарколог дәрігері Зарифа Мусина жастар арасындағы нашақорлық мәселесі, оның шешу жолдарын жан-жақты түсіндірді. Ал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері есірткіге қарсы қолданылатын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіндегі арнайы баптарда көзделетін жауапкершілік жайлы түсіндірді. Құқық қорғау органдарының өкілдері мұндай қылмысқа баратындардың ішінде ер адамдармен қатар әйел азаматтардың да болатынын айтып, жастарды аса сақ болуға шақырды. Жалпы аудан аумағында жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына қатысты екі қылмыс анықталған. Күдіктілер ұсталып, бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр екен. Қоғам белсендісі Тұрар Шапқара сөз сөйлеп, бүгінде ұлдарға ер-азаматтық тәрбие беру жетіспейтіндігін жеткізді. Ол бұған дейін аудандағы тәртібі нашар балаларды Атырау қаласындағы тергеу изоляторындағы жабық камераларға апарып, ондағы қамауда отырған азаматтардың өмірімен таныстырған. Содан кейін біраз жастар сабасына түскен.

–Үйдегі ата-аналарыңды уайымдатпаңдар. Одан да мен осы ауданның азаматы ретінде қандай жақсылығымды көрсетсем екен деп елге қызмет етіңдер,-деп ағалық ақылын айтты.

Шара соңында «Шешімдер лабиринті» атты сұрақ-жауап ойыны ойнатылды. Маңызы зор кездесуге студенттердің ата-аналары да қатысқан болатын. Оларға ана мен бала арасындағы байланыс туралы сауалдар қойылды. -Бұл шараны аудан көлемінде өткізудегі мақсатымыз – жасөспірімдерді зиянды әрекеттерден аулақ қылу. Ең бастысы - ата-ана мен баланың арасындағы байланысты күшейтуіміз керек. Егер ата-ана мейірімді болмаса, бала кез келген зиянды әрекеттерге жол беруі мүмкін. Тек өзіміз, ұстаздар қауымы ғана емес, құзырлы орындағы мамандар мен дәрігерлерді, қоғам белсенділерін шақырып, жан-жақты талқылауға тырыстық. Әр студент, ауданның әр жас тұрғыны салауатты өмір салтын ұстанса, қоғамға зиянын емес, пайдасын тигізсе деп армандаймыз,-деді колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Торғын Қосымбаева.

П.Түркенбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT