Ерте жүктілік. Суицид. Жүгенсіз жасөспірім.

Халқымыздың ұлттық тәрбиесінде «Қызға қырық үйден тыйым», деген тәмсіл бар. Бұл, әрине, баланы барлық нәрседен қағу дегенді білдірмейді. Ата-ана, мектеп, қоғам болып қыз баланың тәрбиелі, ибалы, инабатты болып өсуіне ықпал ету деген сөз. Жасыратыны жоқ, соңғы кезде мектеп жасындағы қыздардың ерте бас-тан жүктілікке ұрынуы бой көтеріп келеді. Сондықтан да бұл мәселеге аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның араласуына тура келді.

Осыған орай, аталған комиссияның бұл жолғы көшпелі отырысы Құлсары қаласындағы №16 Д.Жазықбаев атындағы орта мектепте өтті. Қаралған мәселе - «Жасөспірім қыз балалар арасындағы ерте жүкті болудың алдын алу және оның денсаулығына зияны бойынша 2023-2024 оқу жылындағы жүргізілген жұмыстар туралы» болды. Жиналысты ашып, жүргізген комиссия төрағасы Гүлнафис Айшуақова бұдан бөлек күн тәртібіндегі төрт мәселенің қаралатынын хабарлады.

Алғашқы мәселеге орай сөз алған №16 Д.Жазықбаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Меруерт Сакипова қыз балалардың тәрбиесі бойынша өткізілетін іс-шаралардың жоспары жылда бекітіліп, соған сай түрлі шаралар ұйымдастырылатынын айтты. Жалпы мектепте 1-11 сыныпта – барлығы 584 қыз бала бар екен, соның ішінде 1-4 сыныптың оқушыларына арналған «Гүлдәурен» қыздар кеңесі, 5-8 сынып қыздары үшін «Қызғалдақ», ал 9-11 сыныптың қыз балаларына арналған «Ақжүніс» қыздар кеңесі құрылып, жұмыс жасап жатқанын баяндады.

–Қазан айында қыз балаларға ерте жастан тұрмысқа шығудың зияндылығын түсіндіру мақсатында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары М.Каманова мен М.Сакипова, мектеп инспекторы Е.Бекмұрзаев, мектеп психологтары Н.Жақсылықова, К.Өмірзақова, медбике Т.Ещанова аудандық емхананың акушер- гинеколог мамандарымен бірлесіп, қыздар жиналысын өткізіп тұрады. Онда «Қыз өссе – елдің көркі» тақырыбында баяндама оқылды. Дәстүрлі ұлттық тәрбие бойынша да түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Онда «Мен бұған дайын болмадым» тақырыбында видеоролик көрсетіледі. Осындай шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда мектебімізде жасөспірім қыз балалар арасындағы ерте жастан жүктілік жағдайы анықталған жоқ,-деді ол.

Бұған комиссия мүшесі, аудандық мәслихат депутаты, аудандық аурухананың перзентхана бөлімшесінің басшысы Сәуле Мамбетова қарсы пікір білдірді. Ол мектеп директоры орынбасарының жүктілік жөнінде айтқан сөзі шындыққа жанаспайтынын, соңғы 5 жылда дәл осы оқу орнының бір оқушысы аяғы ауыр болып, есепке тіркелгенін ашық айтты. Комиссия отырысында анықталғандай, сол оқушы көп ұзамай қаладағы колледждердің біріне білімін жалғастыруға кетіп қалған. Сондықтан мектеп «болашақ ананы» өздерінің оқушысы деп санамайды-мыс. Осы тұста Т.Байсырымов атындағы колледждің директоры Мәдина Сабырғалиева сөз алып, басшы ретінде жан айқайын жеткізді. Ол мектептен колледжге келетін оқушылардың арасында аяғы ауыр қыздардың болатынын жасырмады:

-Кейін жүкті екенін білеміз. Сөйтсек, олар құрсағындағы сәбиіне 2-3 ай толғанда, біздің оқу ордамызға ауысып келген болып шығады,-деді ренжіп.

Акушер-гинеколог С.Мамбетова былтыр 15 жасқа дейінгі қыз балалар арасында жүктілік дерегі тіркелмегенін жеткізді. Бірақ, 15-тен асқан оқушы қыздар арасында шалыс басып, аяғы ауыр болып қалатын жандардың азаймай отырғанына налыды. Тіпті биылдың өзінде, яғни жыл басында осындай екі қыз тіркелген. Жалпы жүктілік дерегі тіркелетін мектептер ішінен мүйізі қарағайдай «мен» деген білім ордаларының тізімнен қайта-қайта көріне беретіні өкінішті. Сондықтан сол оқу орындарында ерте жүктіліктің зияны туралы түсінік жұмыстары көбірек жүруі керек деген ұсынысын білдірді.

Бұдан соң №16 Д.Жазықбаев атындағы мектептің «Жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол салу фактілерінің алдын алу, суицидке ұмтылған балаларды өмірге қайта бейімдеу және оңалту психологиялық денсаулықты нығайту бағытында 2023-2024 оқу жылындағы жүргізілген жұмыстар» жайлы баяндамасы тыңдалды.

–Оқу жылының I тоқсанында психодиагностикалық бағытта жасөспірімдердің мінез-құлқындағы акцентуациясын анықтау мақсатында жұмыстар жүргізілді. Мінездің акцентуацияланған типтері – әртүрлі жағдайдағы адамның қылығын анықтайтын, мінездердің басқа қасиетіне қарағанда жетекші орын алатын және басқалардың жәрдемімен ерекше дамитын мінездің типтік қиылысқан көрсеткіші. Күйзеліске бейімділігін, депрессиялы деңгейін және жеке алаңдаушылығын анықтау мақсатында оқушыларды бақылай отырып, Роберт Э.Ховард бойынша стреске төзімділік сауалнамасы 7-11 сыныптар арасында жүргізілді. Сауалнама қорытындысымен жоғарғы деңгейлік стреске жиі ұшырау байқалмады. Сонымен қоса жекелеген оқушыларға консультациялық бағытта кеңестер берілді. Олардың өмірге деген көзқарасын қалыптастыру мақсатында мектеп психологтары Н.Жақсылықова, К.Өмірзақова 7-11 сыныптар арасында «Өмір шексіз керуен», «Менің өмірдегі орным» тақырыбында оқушыларға тренинг жүргізді.

II тоқсанда «Ата-ананың ажырасуы кезіндегі баланың рөлі қандай?» тақырыбында отбасындағы әке мен шешенің арасындағы кикілжіңдердің балаға әсерін анықтау мақсатында ата-аналарға сауалнама жүргізілді. Олар жиналыста өз ой-пікірлерімен бөлісе отырып, жақсы мәлімет алғанын айтып өтті. Оқушылардың өмірге деген көзқарасын анықтау мақсатында «Менің өмірдегі орным» тақырыбында шағын шығарма жаздырдық. «Күйзелістен қалай құтылуға болады?» тақырыбында коррекциялық бағытта жұмыстар жүргізілді. Қараша айында жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу мақсатында кездесу ұйымдастырылды. Мектебімізде қоғамдық орындар мен дәрігерлердің өз ой-пікірлерін оқушылардың бойына жеткізу үшін «Қоғам және мен» тақырыбында жиналыс өткізілді. Қорқыныш сезімінен арылуға және өз-өзіне деген сенімділікті арттыру бағытында оқушыларға жаттығулар мен ойындар ұйымдастырылды. «Менің көңіл-күйім», «Есте қалған қызықты оқиға», «Мен саған сенемін», «Шеңбер бойындағы доп» тақырыбында тренингтер жүргізілді. Ауызша сабақтар кезінде психологтар балалардың бойындағы қорқыныш басым болатынын байқап жатады,-деді баяндама жасаған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Меруерт Сакипова. Жалпы бұл жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды жүретінін атап өтті.

Комиссия отырысындағы үшінші мәселе – жоғары сынып оқушысының сабаққа қатыспай жүргендігі туралы болды. Онда №20 мектептің 11 сынып оқушысының бірнеше күннен бері мектепке себепсіз келмей отырғаны баяндалды. Аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Таңатарованың айтуынша, А. есімді оқушы бұған дейін қаладағы 18 қаңтар күнгі орын алған жасөспірімдер арасындағы топтасқан төбелеске қатысқан. Оқиға салдарынан қайтыс болған №18 мектеп оқушысының өліміне қатысты көтерілген қылмыстық іс бойынша полиция бөлімінің іздеуінде болған. Ата-анасының айтуынша, баласының қылмысқа қатысы жоқ, тек куәгер ретінде танылған болып шықты. Бірақ сол оқиғадан кейін олар қатты қорқып, ұлын тіпті сабаққа жіберуді қойған. Мектеп әкімшілігі оқушының ата-анасымен бірнеше мәрте сөйлесіп, түсінік жұмыстарын жүргізсе де, ешқандай нәтиже болмай отыр. Сондықтан бөлім басшысы бұл мәселені комиссия арқылы шешіп беруін өтінді.

Көшпелі отырысқа А.-ның анасы да шақырылып, неліктен мұндай қадамға барып отырғаны сұралды. Өкінішке орай, ол мардымды жауап бере алмады. Бар сылтауы «Баламыздың қайда екенін өзіміз де білмей отырмыз. Ағалары іздестіріп жатыр» деген жауап қана болды. Г.Айшуақова бірнеше күннен бері үйінде болмайтын баланы құзырлы орган қызметкерлерінің неге іздестірмей жатқанына қайран қалды. Ал шындыққа жанаспайтын сылтау айтқан ата-ана баласын сабаққа жібермейтін болса, үстінен іс қозғалатынын қатаң ескертті.

Күн тәртібіндегі төртінші мәселе №16 Д.Жазықбаев атындағы мектептің 9 сынып оқушысына қатысты болды. Оқу орнының М. есімді оқушысы да сабақтан себепсіз қала береді екен. Мектептің директорынан бастап ұстаздары, психологтары таңертең ұйықтап қала беретін баланың үйіне қанша барып, әрекетінің дұрыс еместігін түсіндірсе де, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып тұр. Өкініштісі, бұл жердегі мәселе - оқушының тек сабақтан себепсіз қалуында ғана емес, оның аудандық полиция бөлімінің және емхананың наркологиялық есебінде «токсикоман» ретінде тіркеуде тұрғанында болып тұр. Әкесі мен шешесі ажырасқан баланың психологиясы бүлінген, оны мектеп психологтары да растап отыр. Бұл күні анасымен ғана тұратын М. ешкімді тыңдағысы келмейді. Оған туған анасының да әлі жетер емес.

Комиссия отырысында Г.Аязберікқызы баланың өзімен тілдескісі келген еді. Бірақ жүгенсіз жасөспірім тағы да жауапкершіліктен қашып, қатыспады. Сондықтан төраға оқушының өзімен жеке кездесіп, мәселені шешуге жұмыстанатынын жеткізді. Бұл ретте нарколог дәрігерлер оны токсикомандықтан айықтыру үшін емдеу курсын күшейтуі тиіс.

П.ҚИЗАТОВА

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521