Ерлік пен елдіктің өлшемі

АУДАНДЫҚ МУЗЕЙДЕ ҚАЗАҚ САРБАЗДАРЫНЫҢ ТӘЖІК-АУҒАН ШЕКАРАСЫН ҚОРҒАУ МІНДЕТТЕРІНІҢ АЯҚТАЛҒАНЫНА 21 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ОРАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН «ПАТРИОТ ДЕГЕН - ЕРЛІК ПЕН ӨНЕГЕНІҢ ӨЛШЕМІ» АТТЫ КЕЗДЕСУ КЕШІ ӨТТІ.

Шараға «Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылар» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жылыой аудандық филиалының төрағасы Қайрат Дүйсенбетов, осы қоғамдық бірлестіктің орынбасары Нұрберді Тілеуғожин және ардагер Ерболат Жұмажанов, Жылыой аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің өкілі, аға лейтенант Қаңлыбай Нұрсұлтан, №5 мектеп жанындағы Жиенқұл Жақия жетекшілік ететін «Алаш» әскери-патриоттық клуб мүшелері, №21 мектептің 4 «а» сынып оқушылары қатынасты. Тәжік-Ауған шекарасында әскери қызмет еткен ардагерлердің фотосуреттерінен, әскери бұйымдардан, «Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылар» қоғамдық бірлестігінің қызметі туралы материалдардан «Ардагерлер ерлігі - жастарға өнеге» тақырыбында көрме жасақталды. Көрмені музей қызметкері Еркінғалиева Аида қонақтарға таныстырды.

Шараны музей басшысы М.Қақпанбаев ашып,ардагерлерді мерекемен құттықтады.

Әрі қарай Тәжік-Ауған шекарасындағы қарулы қақтығысқа байланысты «Тәжік-Ауған шекарасы» тақырыптық бейнефильмі, «Ел жүгін арқалаған асыл ерлер» тақырыбында баяндамалық ақпараттық слайд шараға қатысушылардың назарына ұсынылды.

Ардагер Қайрат Нұртайұлы оқушыларға өз естелігін айтты. Білетініміздей, 1993-2001 жылдары болған Тәжік-Ауған шекарасындағы қарулы қақтығысқа сегіз жарым мың қазақстандық қатысып, өздерінің интернационалдық және жауынгерлік борыштарын адал атқарды. Көптеген жауынгерлер оққа ұшып, жат жерден топырақ бұйырды. Із-түзсіз кетіп, мүгедек болып оралғандары қаншама?! Қ.Дүйсенбетов өз сөзінде «1993 жылдың 15 сәуірінде ҚР Жоғарғы кеңесінің Тәжік-Ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту туралы қаулысымен саны 500 адамға жететін жеке құрама атқыштар батальоны құрылды. Батальон құрамына десантшылар, шекарашылар мен ішкі әскер бөлімшелері кірді. Қазақстан батальоны Тәжік-Ауған шекарасының шамамен 200 шақырымдық учаскесін күзететін. Тәжікстандағы ахуал өте қиын еді. Шекара арқылы Ауғанстаннан есірткі мен қару-жарақ тасыған содырлар кесіп өтетін. Сегіз жылға созылған бітімгершілік операциясы барысында содырлармен арада орын алған қарулы қақтығыстарда 17 әскери қызметшілер оққа ұшты. 1995 жылдың 7-сәуірінде Қазақстан ішкі әскерінің құрама ортасы Тәжікстанның Пшихавр шатқалында моджахедтер тарапынан шабуылға ұшырады. Ауғанстан содырларының күші басым болған ұрыста 33 қазақстандық сарбаз қаза тауып, көпшілігі жарақат алды. Соның бірі - жылыойлық Мырзағалиев Ерлан Үсенұлы еді»-деп күрсінді.

№21 мектеп оқушылары «Көк тудың желбірегені» әнін, «Алаш» биін орындаса, №5 мектеп жанындағы «Алаш» әскери-патриоттық клубы мүшелері өздерінің әскери дайындықтарын көрсетті. Шара соңында ардагерлерге музей атынан ескерткіш сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыс етілді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521