Ерлік күні ерлікпен қаза тапқандар

1995 жылдың 7 сәуірі - Тәжікстан елінде бітімгерлік мақсатпен жүрген Қазақстан Қарулы Күштерінің жеке құрама атқыштар батальоны құрамындағы ішкі әскерлерінің колоннасы үшін қайғылы күн. Таулы Памирдің Пшихавр шатқалынан жүк алып өтіп бара жатқан қазақ жауынгерлеріне ауғандық моджахедтер тұтқиылдан тап беріп, шабуыл жасады. Төрт сағатқа созылған кескілескен шайқаста қазақстандық 17 жауынгер оққа ұшып, отыздан астамы жараланды.

Сондықтан да тәжік-ауған шекарасында азаматтық борышын өтеген бүгінгі ардагерлер 7 сәуірді - Ерлік күні деп белгіледі. Ал 7 сәуір мен Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылған күні - 7 мамыр аралығы "Ерлік айы" деп аталады. Осы оқиғаның 25 жылдығына орай ҚР Ұлттық Ұлан Қолбасшылығының қолдауымен «Қазбат» көркем фильмі түсірілді. Тәуелсіз Қазақстанның бітімгерлік мақсаттағы тұңғыш сарбаздары сапында әскери міндетін орындауда ерлікпен қаза тапқан қазақ жауынгерлеріне жер жерде ескерткіштер орнатылды. Жақында аудан әкімдігінің қолдауымен, «Теңізшевройл» компаниясының демеушілігімен ауданда да батырларымызға арнап естелік тақта қойылды. Онда еліміз бойынша жат жерде көз жұмған 46 сарбаздың есімі жазылған.

Салтанатты ашылу сәтіне Ауған соғысының және Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, қаза болаған жерлесіміз Ерлан Мырзағалиевтың анасы мен бауырлары, «Теңізшевройл» компаниясы мен «Орталық Азияның Еуразия» қорының өкілдері, мектептердегі әскери патриоттық ұйым мүшелері қатысты. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арай Нұрмаханова, Ауған соғысының ардагері Сисен Қонаров, «Ардагерлер одағы» (Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың) республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, запастағы подполковник Мұрат Мұхамеджановтар сөз алып, өткен күндерді ой елегінен өткізді.

-Біздің мақсатымыз - ата-бабадан қалған ерлік дәстүрін келешек ұрпаққа насихаттау. Бұл орайда «Жеңіс» саябағында 1941-1945 жылдары Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған боздақтарға мемориалдық кешен мен 1979-1989 жылдары Ауған соғысында қаза болған сарбаздарға ескерткіш қойылды. Әрине, мұның барлығы - Кеңес өкіметі тұсындағы тарихи кезеңдерді айшықтайтын мұра. Ал еліміз тәуелсіздік алған жылдары Тәжік-Ауған шекарасындағы қарулы қақтығыс егемен еліміздің мүддесін қорғады. Осы жолда ерлікпен қаза болған 46 жауынгеріміздің есімін ұлықтау да – парызымыз,-деді С.Қонаров.

-«Жеңіс» саябағы - өскелең ұрпақты Отанды сүюге, ерлікті бағалауға тәрбиелейтін орын. Монумент маңында жыл сайын аудан мектептерінің оқушылары мен колледж студенттерінің қатысуымен ардагерлер 15 ақпан - Ауғанстаннан кеңес әскерлерінің шығарылған күні, 7 сәуір - Ерлік күні, 7 мамыр - Қарулы күштері күні, 18 тамыз - Шекарашылар күні секілді өзге де айтулы күндерге арналған шараларды өткізу жоспарда бар,-дейді «Ардагерлер одағы» (Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың) республикалық қоғамдық бірлестігінің Құлсары қаласы бойынша филиалы төрағасы Қайрат Дүйсенбетов.

Ардагерлер Мұрат Мұхамеджанов пен Нұрберді Төлеуғожин жаңа естелік тақтаның салтанатты түрде ашылу рәсімін жасады. Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің найб имамы Думан Балықшиев боздақтардың рухына құран бағыштап, дұға оқыды.

Қоғамдық бірлестік атынан аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақоваға, "Теңізшевройл" ЖШС-нің директоры Кевин Лайонға, «Орталық Азияның Еуразия қорына» қолдау көрсеткендері және "ЭКОАС ПРОЕКТ" ЖШС директоры Айнұр Хасанова мен кәсіпкер Махмуд Табынбаевқа жобаны сәтті жүзеге асыруға атсалысқаны үшін Алғысхаттар табыс етілді.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT