22 000 қазақстандық қатысқан Ауғанстан жеріндегі қанды шайқасқа ауданнан 54 жауынгер аттанып, олардың екеуі ұрыс даласында қаза болған еді. Жат жерде көз жұмған қос боздағымыз – Ерболат Омаров пен Болат Ербосыновтың құрметіне Құлсары қаласынан көше аты берілген. Жылыойлық жауынгерлердің ерен ерлігін ұлықтап, рухын қастерлеу – кейінгі ұрпақтың адамгершілік парызы. Тарих беттерінен ойып тұрып орын алған бұл соғыс ешқашан ұмытылмақ емес. Сондықтан өткен жұма күні кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай Құлсарыдағы «Жеңіс» саябағында «Өткенге құрмет-ертеңге тағзым» атты жат жерде қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Дәстүрлі шараға Ауған соғысының ардагерлері мен дербес бөлім басшылары, сондай-ақ Құлсары қаласы әкімі аппаратының қызметкерлері қатысты.
Жиын басында соғыс ардагерлері мен жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ерлік жолында қаза тапқан барша жауынгерді 1 минуттық үнсіздікпен еске алды. Жылыой мұсылмандары орталық мешіттің наиб имамы Думан Балықшиев боздақтардың рухына құран бағыштап, дұға оқыды. Шара барысында құттықтау сөз сөйлеген Ауған соғысының ардагері Қамалбек Бектілеуов соғыс ардагерлерінің қоғамға қосып жүрген үлесіне тоқталып:
- Ардагерлер аудан жастарының бойындағы патриоттық сезімін оятып, жігерлендіруде үлкен үлес косып жүр. Олар жиі-жиі мектептерді аралап, оқушылармен кездеседі. Сол сияқты колледждерде де түрлі шаралар ұйымдастырып, студенттердің патриоттық рухын көтеру мақсатында өздерінің бастан кешкен оқиғаларын әңгімелеп, жеңіс жолында қаза болған боздақтардың ерлігін насихаттап келеді. Мен өзім Ауғанстан соғысына 1984-1986 жылдары қатыстым. №56 десанттық-шабуылдау әскерлері құрамында командир болдым. Бұл өзі 9 жыл, 2 айға созылған қанды шайқас қой. Мұндай күн енді болмасын. Ұрпағымыздың бейбітшілікте өмір сүріп, әр күнді тыныштықпен қарсы алғанына не жетсін?!-деді өз сөзінде.
Ауған соғысында қаза болған интернационалист жауынгерлер мемориалына аудан әкімі атынан, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен, аудандық ардагерлер кеңесінен және аудандық «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарт әскерінің тобы» («ГКӘТ және ВКШӘТ») қоғамдық бірлестігінен келіп, гүл шоқтары қойылды.
- Іс-шара ауқымды, көлемді өтіп жатыр. Негізі, өткенді еске алу – кейінгі ұрпақтың еншісіндегі мәселе. Біз аудандағы «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарты әскерінің тобы» филиалы бойынша келіп, ауған ардагерлерімен бірге іс-шараға қатысып, гүл шоқтарын қойып жатырмыз. Заманымыз тыныш болсын. Кейінгі ұрпағымыздың өмірі бейбітшілік болсын, аспаны ашық болсын. Ел ертеңі - балалардың бір күндік тыныштығына, бір күндік бейбітшілігіне жететін еш нәрсе жоқ,-деді шараға қатысқан аудандық «ГКӘТ және ВКШӘТ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Құттығай Ешібай.
Иә, шағын болса да, маңызы зор рәсім түсіне білгенге, әсіресе жастар үшін үлкен тәлім-тәрбиелік шара ретінде есте қалды.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ