Еріктілердің еңбегі

Қайырымдылық қашанда көкірегімізге жылулық ұялатып, қоғамды біріктіреді. Жанның жылуы жасқа қарамайды. «Кең болсаң, кем болмайсың» деп айтып кеткен дана бабамыз жомарттықтың қайырымы тек қана жақсылық екенін әуел бастан айтып кеткен. Жаратқанның жарлығына бағынған әр адам елге, қоғамға пайда тигізуге асықса, Әл-Фараби айтып кеткен «Қайырымды қала тұрғындары» атанарымыз хақ! Жылыойлық жастардың қайырымдылыққа негізделген кино көрсетілім өткізуі – сол сөзімізге дәлел бола алады. Қазақ ежелден жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпаған. Ағайынның басына ауыртпалық түссе, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қолғабыс қылып, қуанышын да, қайғысын да бөліскен.

Аталған шараны ұйымдастырған – аудандық Жастар ресурстық орталығының қолдауымен құрылған «BizJastar» еріктілер клубы. Бұл ұйым осыған дейін де өздерінің іс-әрекетімен көптің қошеметіне ие болып жүр. Тасқын кезінде де тосылып қалмаған аудан жастары ауылдасы қиындыққа тап болса, астындағы атын беруге даяр, жүрегіне жылулық дарыған жомарт жандар. Өткен аптада жерлесіміз Сұлтан Сәлімжан атты бал тілді балдырғанымыздың еміне қаржы жинау мақсатында аудандық Мәдениет үйінде «Біз екеуміз» туындысы қалың көрерменге жол тартты. Бұл жоба аудан тұрғындары арасында да қолдау тауып, билеттер толық сатылды. Бас-аяғы 245 284 теңге жиналып, барлық қаражат Сұлтанның анасына жолданды.

Айта кетейік, дәл осындай кино көрсетілімді №16 Д.Жазықбаев атындағы мектеп оқушылары да ұйымдастырып, қомақты қаражатты Сұлтанның еміне жұмсады. Басқа да мектептер бұл бастаманы қолдап, жерлесіміздің емі үшін әрбір жылыойлық өзінше үлес қоса алса, Сұлтанымыз ортамызға аман-есен қайта оралар деп сенеміз.

Ерікті жастар бүгінгі күні өзінің құрамын толықтыру мақсатында мектеп оқушыларын шақыруда. Жасынан жақсылыққа жаны құштар оқушылар есейгенде де қара бастың қамы үшін емес, ел игілігі үшін еселі еңбек етері сөзсіз. Сондықтан, әр ата-ана өз баласын қайырымдылыққа баулыса, қазақтың қазанында ет қайнап, қайғы атаулы көрші ауылдан кері қайтар ма еді?!

Сұлтан Орынбасарұлына Жаратқан өзі жар болып, Алла ауруына шипа берсін деп тілейміз.

Е.Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT